Оның айтуынша, қазір Айс Мұратова үйқамақта отыр.
"Артында бір адам тұруы мүмкін": заңгер халықты алдаған Айс Мұратованың серіктері туралы айтты
Фото: Фотоскрин
5,315
оқылды

Заңгер Нұрсұлтан Орынбек көпшілік шағымданған, халықтың тауарға салған ақшасын алып, алдап кеткен Айс Мұратова туралы Нартай Аралбайұлының youtube-арнасына берген сұхбатта айтты, – деп хабарлады Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілеме жасап.

"Айс Мұратоваға келсек, әлі де тергеу болып жатыр. Ол халықтан 30 млрд теңге жинап алған. Қазір үйқамақта отыр. Бұдан бөлек әлі арызданбағандар да бар. Іс әлі тексеріліп жатыр. 130 менеджерді алдаған, оның артында қарапайым халық отыр. Біз дәлелдедік, оны Қытайдан емес, "Байсат" базардан алып, мыңның ақшасын алып, жүзге таратып, осылай істеп отырған. Қазіргі таңда 8 тергеуші бір уақытта жұмыс істеп жатыр. Оның серіктері де шықты, олар  Бану Асылбекова, Нұргүл Аманова. Үшеуі де бір схема. Оның артында бір адам тұруы мүмкін", – деді заңгер.

Бұған дейін Бас прокурор «Қытайдан тауар жеткізем» деп алдаған Айс Мұратованың үстінен 267 арыз түскенін мәлімдеген болатын.

Берік Асыловтың айтуынша, күдікті үйқамақта отыр.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев өзіне жүздеген азаматтың хабарласып, Арайлым есімді әйелден алданғандарын айтып, көмек сұрағанын мәлімдеген еді. Осы мәселе бойынша депутат бас прокурорға сауал жолдаған болатын.

«Лақап аты – Айс Мұратова. Шын аты – Арайлым деген әйел. Соған адамдар реквизиттерге аудара берген. «Мұнда Қытайдан арзан тауар әкеліп беремін, сонда зауытта жүрмін, ыдыс-аяқ, фабрикада жүрмін» деген. Содан үйде отырған аналар, кейбір кәсіпкер әйелдер – барлығы алданып қалған. Басында тауарларды жіберген. Одан кейін жоқ болып кеткен. Барлық чекті жинағанда, сома 30 миллиардтан асады», – деген еді депутат.

Депутаттың сауалына жауап берген бас прокурор Берік Асылов Айс Мұратоваға (А. Қожамұратова) қатысты қылмыстық іс Алматы қаласының полиция департаментінде қаралып жатқанын хабарлайды. Алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді полиция жалғастыруда.

«А. Қожамұратова күдікті ретінде танылып, сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдарына еліміздің əр өңірінен азаматтардан 267 арыз түсті, келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 500 млн теңгені құрайды. Тапсырыс құны əрбір жəбірленушіден 10 мыңнан 1,8 млн теңгеге дейін соманы құрайды. Іс қадағалаушы прокуратураның бақылауында», – делінген бас прокурордың жауабында.