Президент бастамасымен елімізде іске асқан саяси реформалардың барысында Мәжіліс 70% партиялық, 30% мажоритарлық жүйемен сайланды.
2023 жыл Мәжіліс, мәслихат депутатын, аудан мен қала әкімін сайлаумен есте қалды – саясаттанушы
479
оқылды

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев 2023 жыл Парламент Мәжілісі, мәслихат, аудан мен қала әкімдерін сайлаумен есте қалғанын айтып, жазба жариялады.

«Саяси процестер тұрғысынан 2023 жыл Парламент Мәжілісі, мәслихат, аудан мен қала әкімдерін сайлаумен есте қалды. Президент бастамасымен елімізде іске асқан саяси реформалардың барысында Мәжіліс 70% партиялық, 30% мажоритарлық жүйемен сайланды. Облыстық мәслихаттар 50% партиялық, 50% өзін-өзі ұсынумен іріктелсе, аудандық мәслихаттар толығымен кандидаттардың өзін-өзі ұсыну жүйесімен сайланды.

Биылғы аудан, қала әкімдерін сайлау процесі Орталық Азия өңірінде іске асқан алғашқы тәжірибелердің бірі болды. Қазақстанда пилоттық режимде 45 қала мен аудан әкімдерін халықпен сайлау механизмі іске қосылды. Бұл демократиялық бағыттағы реформалардың жергілікті мемлекеттік басқаруды жетілдіруге тигізер ықпалы оң болатынына сенім мол.

Аталған процестердің барлығында «AMANAT» партиясы белсенді қатысушы болды», – деп жазды ол.

Саясаттанушының айтуынша, еліміздегі сауатты кадрлық құрамы, ауыл, аудан мен қалаларда 235 аймақтық филиалы бар, қоғамның барлық бөлігімен жүйелі жұмыс істеп келе жатқан партияның жылдар бойы қалыптасқан ядролық электоратының мүмкіндігі де саяси бәсекеде өз нәтижесін берді деуге толық негіз бар.

Мәжіліс сайлауының қорытындысы бойынша, партия 62 депутаттық мандатты, барлық деңгейдегі мәслихат сайлауында 2 453 мандатты (71,8%) иеленді.

Аймақтағы мәслихат депутаттары 75% жаңарды.

2023 жылы Мәжілісте 131 заң жобасы әзірленіп, оның 61 заң жобасы қаралып, Сенатқа жолданды.

Фракция депутаттары 22 заң жобасына бастамашылық жасап, оның тоғызына Президент қол қойды. Алты заң жобасы Сенатқа жіберілді.

Пленарлық отырыстарда әлеуметтік, экономикалық тақырыптарды қозғаған 209 депутаттық сауал тыңдалды.

Фракция депутаттары 2023 жылы 578 елді мекенге, ауылдарға барып 30 мың азаматты қамтыған 1 206 халықпен кездесу өткізді.

Партияның қалалық, аудандық филиалдарындағы саяси кеңестердегі мемлекеттік қызметкерлердің саны екі есе, аймақтық деңгейде 10 есеге қысқарды.

«Атап өту керек, реформаға сәйкес қазір облыс, қала мен аудан әкімдері партия филиалдарының төрағасы емес. Жаңа талаптарға сәйкес партияның жұмыс істеу механизмдері де өзгерді. Кадрлық құрамы, депутаттар корпусы жаңарды. Ребрендинг іске асты. Партия құрамына жаңа буын жастар көбірек тартылуда. Мұның бәрі Президент реформасымен іске асып жатқан, демократиялық бағыт пен саяси процестерді бәсекелі форматқа түсіруге негізделген оң өзгерістер. «AMANAT» партиясы еліміздегі реформалар мен өзгерістер үрдісіне өзіндік үлесін қоса отырып, жаңа шарттарда тиімді жұмыс істеу форматына көшкен мобильді кадрлық құрамымен, партиялық ресурсымен ерекшелене білді деуге толық негіз бар», – дейді ол.