Биыл отандық спортшылар үшін жемісті, табысты жыл болды десек, қателесе қоймаймыз.
2023 жылы спорт саңлақтары қандай белестерді бағындырды?
1,984
оқылды

Себебі ел мерейін асқақтатқан жеңісті сәттер көп болды. Әрине, спорт саласында бірқатар маңызды мәселе де жоқ емес. Десе де бұл жыл біз үшін табысты болды. Ендеше биыл спорт саласында қандай жетістіктерге жеткенімізді шолып өттік.

Семсерлесудегі серпін

Биыл семсерлесуден Қазақстан командасының мүшелері халықаралық сындарда 42 медаль жеңіп алды. Оның ішінде әлем чемпионатындағы алғашқы тарихи жүлдеміз де бар. Қазіргі таңда шпагамен семсерлесуден отандық команда Халықаралық семсерлесу федерациясының командалық рейтингінде алғашқы алтылыққа енді. Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов төрттігі олимпиадалық рейтингте 4-орында тұр. 

Түркияда өткен әлем кубогінде Қазақстан командасы тарихта тұңғыш рет шпагадан командалық жарыста топ жарды. Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов әлемдік сында еліміздің көк Туын желбіретіп, Әнұранын шырқатты. Сондай-ақ Миланда өткен әлем біріншілігінде Руслан Курбанов шпагамен семсерлесуден қола медаль иеленді. Бұл – аталған спорт тарихында Қазақстанның әлем чемпионатында жеңіп алған алғашқы жүлдесі. Курбанов әлем кубогі кезеңінен де қоламен оралды. Ең бастысы, шпагашылар төрттігі Ханчжоудағы Азия ойындарында финалға шығып, күміс жүлдегер атанса, Эльмир Алимжанов жекелей сында үздік үштікке кірді.

Стенд атыс пен нысана көздеудегі олжа

Стенд атыс бойынша Қазақстан командасының өкілі Әсем Орынбай Дохада (Катар) Әлем Кубогының финалдық кезеңінің жеңімпазы атанды. Спортшы «скитте» бірінші болып мәреге жетті. Соңғы финалдық кездесуде ол 51 ұпай жинап, чемпион атанды. Екінші орынды италиялық Кьяра Ди Марциантонио (50 ұпай) иеленді. Үшінші орынды Даниа Вицци (АҚШ) алды. Ол 41 ұпай жинады.

Қазақстандық Әсем Орынбай Ханчжоуда (ҚХР) Азия ойындары-2022 қола медаль жеңіп алды. Стенд атудан Қазақстан командасының өкілі скитте (жеке жарыстар) үшінші болды. Финалда ол 45 ұпай жинады. Тағы бір қазақстандық Ольга Панарина төртінші нәтиже көрсетті – 34 ұпай.

Сонымен қатар нысанаға көздеп ату бойынша сұрмергендеріміз қос алтынға ие болды. Фатима Ирназарова мен Александра Сәдуақасова Бакудегі дүниежүзілілік сайыста топ жарды.

Отандық күрестегі рекорд

Қазақстан күрес федерациясы да жуырда жылды қорытындылау мақсатында конференция өткізді. Биыл отандық күрес қауымдастығы үшін жарқын оқиғаларға, тарихи әрі сенсациялық көрсеткіштерге толы болды.

Бүгінде, күрестің үш түрінен ресми халықаралық жарыстарда ұлттық құрама қоржынында барлығы 117 медаль бар. Оның: 26 алтын, 33 күміс, 58 қола. Үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға пәтер, автокөлік және қомақты сыйақылар табысталды. Ересектер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері әрі команда капитаны Азамат Дəулетбековке автокөліктің кілті табысталды. Қазақ күрес тарихын қайта жазған аса дарынды әрі 2023 жылдың ең үздік балуаны – Ризабек Айтмұханға пәтер сыйлады.

Жастар арасындағы Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сонымен қатар 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпаздары – Юнус Гафуров, Азамат Құрман, Елдос Камелов, Мақсат Сайлау, Ислам Умаев, Ирина Кузнецова, күміс жүлдегерлері – Өсімжан Дастанбек, Ерасыл Мұхтарұлы, Ербол Камалиев, Асаухат Мухамадиев, Ислам Евлоев, Джохар Узаров, Зейнеп Баянова, қола жүлдегерлері – Ілияс Ерболатов, Нурдаулет Куанышбай, Альбина Каиргельдинова, Альбина Жанатаева лайықты марапаттарға ие болды. 

Теннистегі текетірес

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина «Australian Open» турнирінде финалға шығып, өз жанкүйерлерін қуантты. Финалдық кездесуде әлемнің 5-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен чемпиондық атақты сарапқа салды. Елена бұған дейін Ариан Соболенкомен үш рет кездесіп, нәтижесінде беларусьтік теннисші басым түскен еді. 2 сағат 29 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Ариан Соболенко отандасымызды 6:4, 3:6, 4:6 есебімен жеңді. Осылайша Елена Рыбакина Australian Open жарысының финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанды. Ал мамыр айында өткен Рим WTA 1000 турнирінде Рыбакина әлемнің 47-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен бас жүлдені сарапқа салды. Жарыс нәтижесі бойынша отандасымыз спорттық жолында алғаш рет турнир чемпионы атанды.

Дзюдошылар додасы 

Қазақстан дзюдо федерациясы ҚБ 2023 жылғы спорт маусымын бірнеше жобамен сәтті аяқтады. Биыл Астана қаласында дзюдодан ел тарихында тұңғыш рет әлемдік Grand Slam жарысы ұйымдастырылды. Қазақстан құрама командасы бұл жарысты 1 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен 42 елдің арасында жалпыкомандалық есепте 4 орынға ие болды.

Әлемдік додада Қазақстан сапынан 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Мағжан Шамшадин чемпион атанып, Ғұсман Қырғызбаев (-66 кг) күміс жүлде еншілесе, Данияр Шамшаев (-73 кг), Асқар Нарқұлов (-73 кг), Ислам Бозбаев (-100 кг), Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) және Ақерке Рамазанова (+78 кг) жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Ғалия Тынбаева (-48кг), Жансай Смағұлов (-73 кг) пен Бекарыс Сәдуақас (-100кг) кіші финалға дейін жетіп, 5 орынға тұрақтады.

Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енген «Qazaqstan barysy Grand Slam» атауымен енген бұл жарысқа барлығы 42 елден 340 спортшы қатысты. Бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінді. Атап айтқанда, 1 орын үшін 1000, 2 орын үшін – 700, ал 3 орын үшін – 500 ұпайдан берілді.

«Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинады. Қазақстан құрамасы 2023 жылы барлығы 121 медаль ұтып алды. 19 рет әлемнің түкпір-түкпірінде еліміздің әнұраны шырқалды. 

Былғары қолғап шеберлерінің тарихи жеңісі 

Биыл бокс десе, Ташкенттегі тарихи жеңіс бірден еске түседі. Себебі ол жерде 4 бірдей боксшымыз чемпион атанды. Олар: Асланбек Шымбергенов, Махмұд Сабырхан, Санжар Тәшкенбай және Нұрбек Оралбай.

Өзбекстан астанасы Ташкентте бокстан ерлер арасындағы XXII әлем чемпионаты өз мәресіне жеткен еді. Осы дода нәтижесінде Қазақстан әлем чемпионаты тарихындағы медальдар саны бойынша үшінші орынға көтерілді.

Алдыңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан (54 кг) бұл финалда сол кездегі қателіктерін қайталаған жоқ. Отандасымыз ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте бар шеберлігін көрсете алды. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады. Тіпті 21 жастағы боксшымыз 3-раундта қырғыз төрешісіне 2 мәрте нокдаун тіркетті. Қазақ боксшысы осыған дейін шаршы алаңда Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшысын ұтқан. Айта кетейік, Махмұд 2 жыл бұрынғы Белградтағы әлем чемпионатында да күміс жүлдеге ие болған.

Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов өзі қатысқан 2-і әлем чемпионатында топ жарды. Отандасымыз финалда (71 кг) тағы бір өзбекстандық Саиджамшид Джафаровты тізе бүктірді. Алдыңғы жекпе-жектерде Асланбек Үндістан, Франция, Израиль, Тринидад және Тобаго боксшысынан басым түскен.

Нұрбек Оралбай Ташкентте өз салмағында (80 кг) қарсылас шақ келтірмей тағы бір мәрте әнұранымызды шырқатты. Отандасымыз шешуші, көптің қызығушылығын тудырған жекпе-жекте Қытай атынан сынға түскен қазақ Тоқтарбек Таңатқанды ұтты. Осыған дейін Нұрбек Ресей, Иордания, Түркия мен Әзербайжаннан келген боксшылардан басым түскен.

Осылайша Қазақстан құрамасы Ташкентте 4 алтын, 1 күміс медальді қоржынға салып, жалпы есепте 2-орын алды. Көш басында жарыс қожайыны Өзбекстан қалды. Жалпы Қазақстан 1993 жылдан бері егемен ел ретінде осымен 16 рет әлем чемпионатына былғары қолғап шеберлерін жіберді. Қазір еншімізде 18 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде бар. Осының арқасында жалпы Әлем чемпионаты тарихындағы медаль есебінде Қазақстан АҚШ-ты басып озып, 3-орынға көтерілді.

 

P.S. Ал негізі тек алтын санынан ғана емес, жалпы медальдар саны бойынша елімізде биыл ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Медальдың жалпы саны – 22. Яғни қоржында 7 алтыннан бөлек, 5 күміс пен 10 қола бар.

 

Фото: olympic.kz