Қылмыстық іс "аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" бойынша тергелуде.
Бишімбаев өмір бойына соттала ма?: Нүкенованың адвокаты жауап берді
5,084
оқылды

Атақты заңгер Жанна Уразбахова Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеудің барысы туралы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әлеуметтік желідегі парақшасында Жанна Уразбахова әріптесі Игорь Вранчевпен бірге  Салтанат Нүкенованың отбасының мүддесін қорғайтынын айтты. 

"Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура брифингінде журналистерге ақпарат беріп келді, ал біз бұған дейін бұл туралы түсініктеме бермедік. Сондай-ақ біз бірінші күннен бастап кейбір блогерлер мен журналистер тарапынан тараған қауесеттер, болжамдар мен нұсқаларға қатысты пікір білдірмедік. Салтанатқа деген құрметіміз үшін бұл былыққа араласқымыз келген жоқ. Бірақ тараптар арасында ешқандай татуласудың болмағанын және болмайтынын айтқымыз келеді. Бұл отбасының ұстанымы", – деді заңгер Жанна Уразбахова.

Заңгердің айтуынша, бірнеше сот-медициналық сараптамалар жүргізілген. Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 10-нан астам сараптама жүргізілген. Бірнеше сараптама әлі де жалғасуда. Қылмыстық іс "аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" бойынша тергелуде.

"Жоғарыда аталған қылмыс 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе мүлкі тәркіленіп немесе онсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде жазаланады. Тергеу аяқтала салысымен тергеуші дәлелдемелер, айғақтар іс бойынша жиналған барлық сараптамалардың негізінде күдіктіге қатысты түпкілікті сараптама жасайды. Одан кейін тергеуші сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы хабарлама береді және тараптарға қылмыстық іс материалдарымен танысу үшін уақыт береді. Танысу кезінде қорғаушылар өз өтініштерін дайындайды. Олар қаралған соң істі қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу үшін қайта басталады немесе іс прокуратураға жіберілу туралы шешім қабылданады", – деді заңгер.

Сондай-ақ заңгер аса ауыр қылмыстар бойынша сотталушы сотты алқабилердің қатысуымен өткізуді талап етуге құқылы екенін атап өтті.