Реакторлық және реактордан тыс зерттеу қондырғыларының эксперименттік жұмысына атсалысып жүрген жас маманның пікірі.
Атом электр стансасы – жасыл энергияның көзі
Анар Қоныс
1,899
оқылды

Еліміздегі Ұлттық ядролық орталығының Атом энергия институты бүгінде атом энергетикасын құру және дамыту бойынша жұмысты жүргізіп қана қоймай, осы саладағы ауқымды міндеттерді орындап отыр. Соның бірі – жас мамандарды даярлау. Оқуын бітіре салып, қазір жас маман реакторлық және реактордан тыс зерттеу қондырғыларының эксперименттік жұмысына атсалысып жүр. «Арманым – өз саламның білікті маманы болу. Еліме титтей болса да, пайдам тисе», дейді ядролық физик-инженері Алмас Жанұзақов.

– Негізі, екінің бірі ядролық физикаға қызығып, осы саланың маманы болуды армандай бермейді. Таңдауыңыз неге осыған түсті?

–  Өзім – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің түлегімін. Оқуды бітіре салып, осында жұмысқа тұрдым. Істегеніме бір жылдан асты. Шынын айтсам, таңдауымнан қателеспеппін. Себебі айналысып жүрген ісім өзіме ұнайды. Ал адам баласы ұнаған дүниесіне барын салады емес пе? Үйренерім көп, келешекте өз ісімнің білікті маманы болсам деймін.

Негізі, ядролық физикаға бала кезімнен қызықтым. Ал Чернобыльдағы жағдайдан кейін оны зерттеп, ғылыми жобалар жүргізе бастадым. Ақырында таңдауым – осы. Оқуда жүріп осында тәжірибеден өттім. Қызығушылығым одан әрі арта түсті. Қазір өзімді басқа саладан көре алмаймын.

– Шыны керек, бізде ғалымдардан гөрі мұғалім, дәрігер, әскери саладағы қызметкерлерге әлеуметтік-тұрмыстық жағдай көбірек жасалып жатыр. Үй ішіңіз бұл мамандықты таңдауыңызға қарсы болған жоқ па?

– Сөзіңіздің жаны бар, алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ғылым саласына көңіл бөліп, біраз бастама  көтерді.  Мәселен, атом электр стансасын салу мәселесі қаралуда. Сондықтан мемлекет тарапынан ғылым саласы мүлдем қараусыз қалды деу дұрыс емес.  Екіншіден, қарапайым халықтың басым көпшілігі мұндай мамандықтың барын да біле бермейді. Оның үстіне, 30 жыл өтсе де Семейдегі ядролық жарылыстан кейін ел-жұрттың бойынан үрей әлі кетпеген. Сол себепті де елімізде атом электр стансасы  салынса, жарылысқа әкелуі мүмкін деген қорқыныш бар. Бірақ қазіргі АЭС-та қауіпсіздік шарасы жылдан-жылға жаңарып, дамыған. Бұрынғы Чернобыльдағы апаттық жағдайды жібермейді. Осыны халық түсінсе деймін.

– Атом электр стансасы жасыл энергетикаға жататыны белгілі, бірақ әлі де болса оны толығымен түсіне қоймаған секілдіміз. Бұл туралы не дейсіз?

– Қазақстанда жасыл энергетика көзіне тек қана газ жатады. Ал газ бізде Алматы облысы секілді белгілі бір аймақтарда ғана бар. Ал онымен бүкіл аймақты қамту мүмкін емес. Себебі еліміздің өзге өңірлері жылыту маусымын от жағумен өткізуде. Қыстан шығу үшін қаншама тонна көмір жағылады. Одан адам ағзасына зиянды қаншама шығындылар шығады. Не болмаса тозығы жеткен жылыту жүйесі бұзылып, Екібастұздағы жағдайға әкеліп жатыр. Негізінде Өскемен, Алматы, тіпті біздегі Ақсудағы фабрикалар  адам денсаулығына зиянды шығарындылар көп шығарады. Оның үстіне, кейбірі фильтр пайдаланбайды. Салдарынан ауаны ғана емес, қоршаған ортаны ластап отыр. Ал егер атом электр стансасын салынса, кәсіпорындар таза отын энергетикасымен жұмыс істеуге көшеді. Нәтижесінде, қоршаған ортаны ластамаймыз. Яғни, бізде таза энергия көзі болады. Екіншіден, қалаларда электр энергиясы арзандай түседі. Халықтың бірнеше салада қолы ұзара түседі. Елімізде АЭС салынса осы мәселелердің бәрі түбегейлі шешілер еді. Сондықтан да АЭС – бізде жасыл энергияның көзі.

Бағана айтып кеткенімдей, жұрттың көбі  елімізде қандай реактор бар екенін де біле білмейді. Біздің комплексте орналасқан реактор – ғылыми реактор. Біз ешқандай энергия көзін шығармаймыз. Ал атом  электр стансаларында электр энергияны шығарады. Осы мақсатта өзіміздің зерттеу реакторларды пайдалана отырып, оның қандай түрін таңдасақ бізге тиімді, қайсысы сапалы, оған қандай материал қажет деген бірнеше елдермен тәжірибелер, ғылыми жұмыстар, жобалар  жасалып жатыр. Мәселен, АҚШ, Жапония, Франция мемлекетімен ауқымды жобаларымыз бар.  Оған қоса, елімізде АЭС салынуы бір-екі жылдың дүниесі емес. Кем дегенде 10-12 жыл керек. Міне, сол аралықта біз осы саланың мамандарын даярлап, біліктілігін көтеруіміз тиіс. Сөйтіп, жас мамандарымыз жұмыспен қамтылады.