«Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» дегенді жазушы Мұхтар Әуезовтің «Көксерегінен» де көрдік, оқыдық.
Қасқыр асырау сән, таланатын жан...
1,213
оқылды

Алайда соған мән беруден гөрі бүгінде жыртқыш асырауды да сән қылдық. Жақында Қарқаралыда қасқыр адамға шапты. Сараптама қорытындысына қарасақ, әлгі қасқырымыз «асыранды» болып шықты.

Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында күн жарықта төтенше жағдай болды. Азулы қасқыр 32 жастағы аяғы ауыр келіншекке тап берген. Ол әрең дегенде жыртқыштың тырнағынан сытылып шықты.

Зардап шегушінің есімі –  Арайлым. Оның айтуынша, таңертең сағат 9:00 шама­сында ол баласын мектепке апарып тастап, үйіне қайтып келе жатқан. Осы кезде оған тұтқиылдан қасқыр шабуылдайды. Шамасы, жыртқыш құрбанының мойынын нысанаға алған секілді, бірақ иыққа тісі тиіп үлгереді. Адуынды аң олжасын оңаша жерге апаруға тырысады, алайда бақытымызға орай, поли­цей­лер келіншектің айқайын естіген. Олар келіншекті қасқырдан ажыратып алды. Бұдан кейін жыртқыш қашып кеткен.

«Менің аяғым ауыр, аңмен бетпе-бет келу өте қорқынышты болды. Ол менің иығымды тістеп алды, қайта таланбадым. Ол өте күшті әрі адуынды. Тістеген жерін оңайшылықпен жібермеді. Баламды мектепке шығарып салып келе жатқанмын. Өйткені біз қаңғыбас иттерден қорқамыз, сөйтсек, қасқыр алдымыздан шықты. Мектепке қарай қатынайтын автобус жоқ», – деді Арайлым.

Сөйтсе, қашқан қасқыр сол күйі жоғалып кетпепті. Ол жергілікті тұрғындардың қора­сына  кіріп, бірнеше қойды жеп кетіпті. Одан бөлек, тағы екі әйелге шабуылдаған. Зар­дап шеккендердің үшеуінің де қолы мен иықтарын тістеп, жұлмалаған. Оларға ауру­ханада көмек көрсетілді.

Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі:  «Бір әйелді бірнеше жерінен тістеп алған. Ал екіншісінің жарақаты терең. Үшіншісінде сызаттар бар. Қазір жағдайлары бірқалыпты. Барлық қажетті медициналық көмек көр­сетілді. Бәрі құтырмаға қарсы екпе алды. Қазір жаралары жазылды. Амбулаторлық емдеуге шығарылды», – деді. 

Ал сол Қарқаралы ауданының клиникалық-диагностикалық емханасының меңгерушісі Давлат Джабаров  болса, «Қабылдау орыны деңгейінде барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді, зардап шеккендерге антирабиялық вакцина егілді. Науқастардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, олар амбула­ториялық деңгейде емделетін болады», – деп көңіл тыныштандырды. 

Басында «Қарқаралының айналасында қылқан жапырақты ормандар, сондай-ақ таулар бар. Жабайы аңның неге адамдарға шабуылдағаны белгісіз. Бұған қатты аяз бен аштық ықпал еткен болуы мүмкін» деген ойлар да айтылды.

Абырой болғанда онда құтырма ауруы анықталмаған. Бірақ мойнында қарғыбауға тән дүние болған. Жыртқыш аң бұралқы иттермен бірге жүрген. Алайда оның қайдан келгені әлі белгісіз. Ал қасқырды әйелден арашалаған полицей жыртқыштың соңынан көлікпен қуамын деп, жолдан шығып кеткен.

Бұл Қарағанды – Ұлытау аймақтарында болған бірінші жағдай емес. Былтыр да осындай оқиға болды. Сол уақытта желіде Ұлытау ауданына қарасты Қарсақпай елді мекеніне келген қасқырлар иттермен арпалыс­қанын түсірген видео тарады. Видео авторы ауылға кірген бөрілер күшіктерін іздеп келуі мүмкін екенін айтты. Өйткені ауылдағы аңшылардың бірі қасқырдың апанындағы бөлтіріктерді тірідей алып кетсе керек. Осыдан кейін олар табындағы малға шабуын жиілетіп, тіпті ауыл маңына келе бастаған.

Екі оқиғада да ұқсастық бар. Бірінде апандағы бөлтірікті алып кетіп, артынан бөрілер іздеп келіп, елді дүрліктірсе, енді бірінде асыранды қасқырдың малға да, жанға да шауып, орманға қарап ұлитының дәлелдеп берді. 

Бүгінде қасқыр немесе басқа да жыртқыш­тарды асырап, оны әлеуметтік желіге салып мақтанушылар артты. Қанша дегенмен де, түз тағысы даласын аңсайтынын да ұмыт­пағанымыз абзал. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ