Малдың сүмесімен күнелткен, ауылдағы ағайын мен қара малды кәсіп еткен фермерлер үшін қазіргі жағдай шынымен де күрделі болып тұр.
Тері-терсектің де кәдеге жарар түрі бар
2,068
оқылды

Шетелден сүт импорты көбей­ген­діктен сүт зауыттарына да ағар­ғанның бағасы тым арзандап кеткен. Бұған қоса, малдың терісі мен жүнін де өткізу зор машақатқа айналғалы қашан. Ата кәсіптің адымын аштыр­май тұрған тағы бір түйткілді бүгінгі тақырыбымызға тұздық еттік...

Бұрынырақта ауылдағы ағайын ірі қара мен жылқыны, сондай-ақ қой сойғанда терісін тұздап, илеп арнайы өткізу пунктеріне қыруар ақшаға пұлдап жататын. Сондай-ақ қойдың жүні де қажетіне жарап, қысқы пима мен киіз басатын кәсіпорындар мен фабрикаларға жөнелтілетін. Қазір оның бәрі де көзден бұлбұл ұшқан. Күзгі және көктемгі қырықтықта ауылдағы жұрт қойын қырыққан соң бірден қандай биязы мақтадай жүн болса да, қоқысқа тікелей апарып төгіп тастайды. Малдың тері-терсегі де дәл солай қоқысқа кетіп жатыр. Өйткені іс жүзінде сұраныс мүлде жоғалған. 

Тері мен жүн өндірісі, әрі  оны өңдеу аграрлық саладағы тұтас ел үшін аса өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, ақмолалық шаруалар мен фермерлер түйінді түйткілдің салдарынан мыңдаған тонна малдың терісі мен жүнін қоқысқа тастап жатқанын ашына жеткізді. Түйткілді жағдай Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында агро-өнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібі салалық кеңесінің кезекті жиынында тағы бір мәрте талқыға салынған. Фермерлердің айтуынша, әсіресе мал терісіне экспорттық баж салығы енгізілген­нен кейін мүлде тиімсіз болып кеткен.

– Мал терісін сатып алу бағасы тұтас ел ішінде тым құлдырап кеткен. Салдарынан миллиондаған малдың терісі іс жүзінде қоқысқа төгіліп жатыр. Жыл сайын республика бойынша орасан зор мал терісі алынады. Шамамен тек ірі қара малды союдан ғана 3,4 миллион дана, ұсақ қой-ешкі союдан 7,9 миллион дана тері алынады. Мұндай терілер қазір бүкіл әлем елдерінде кеңінен қолданылып, тіпті жоғары сұранысқа ие болған. Алайда Қазақстанда ірі қара мал терісінің тек небәрі 15 пайызы ғана кәдеге жаратылып, өңделеді екен. Ал ұсақ қой-ешкінің терісінің жағдайы тіпті мүшкіл. Олар іс жүзінде мүлде ешқайда қабылданып жатқан жоқ, – дейді Агро-өнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышев. 

Фермерлер іс жүзінде шаруаларда малдың тері-терсегін өткізу мүмкіндігі қалмағанын ашына жеткізді. Өйткені шикізатты сатып алатын өңдеу өнеркәсіп­терінің өзінің жағдайы аса мәз емес. Мәселен, «МВ4» ЖШС директоры Азамат Шал­мағамбетовтың айтуынша, биыл кәсіп­орын көптен бері алғаш рет 8 тонна мал терісін Тараз тері зауытына жіберуге мүм­кіндік алған. 

– Ірі қара малдың ылғалды тұз салынып, иленген шикі терісіне ұсынылатын баға 130 теңгеден аспай тұр. Бұл өте төмен. Тері-терсектің бағасының да тым арзан болуы мал өсіріп отырған фермерлердің мал басын көбейтуге емес, керісінше азайтуға ықпал етіп отыр. Қазір біздің қоймаларымызда тері толып тұр. Қайда жіберерімізді білмей дал болып отырмыз. Ал жаз шыға бұл терінің бәрі бүлініп кетеді. Ал қоймаға қаттап салғандықтан біз орасан көлемде шығын шекпекпіз. Сондықтан теріні тауарлық және тауар емес деп екіге бөлу қажет деп санаймын. Сондай-ақ ет комбинаттарына мал терісін экспорттауға рұқсат беру қажет. Яғни, ең болмаса шикі­заттың шетелдерге шығарылып, азын-аулақ болса да тиын-тебен болғаны жөн, – дейді Азамат Шалмағамбетов. 

Кәсіпкердің айтуынша, саланы дамыту үшін Салық кодексіне өзгерістер енгізуі қажет. Өйткені өнімді экспорттау кезінде қосымша құн салығымен өте үлкен өзекті мәселе туындайды. 

Егер өткізу кеңсесінде ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерінен шикізатты жинау мүмкіндігі болса, олар да экономикалық жағына ынталы болар еді. Осылайша, «бір оқпен екі қоян атуға» бо­лар еді. Бірінші кезекте делдалдар көлеңкелі кәсіптен шығып, қосалқы құн пайда болып, салық базасы ұлғайса, екіншіден, өткізу кеңселері толық күшінде жұмыс істейді. Бұған тағы шикізатты 282 АЕК артық алмау деген ертеден келе жатқан архаизм кедергі келтіреді. Егер бұл шектеуді алып тастаса нарық жүйелі түрде жұмыс істеп кетпек, – дейді кәсіпкер Азамат Шалмағамбетов. 

Мал терісін мүлде өткізе алмай отырған теріскейлік жұртқа енді жылқы мен сиырдың терісін өткізуге қолайлы мүмкіндік те пайда болды. Өйткені жақында Қызыл­жарда Солтүстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің оқытушысы  Ақан Жү­нісов­тың басшылығымен жаңа тың жоба жүзеге асқан. Жуырда жұмысын бастаған жаңа кәсіпорында мал терісін өңдеп, малға берілетін ақуызды қоспа жасап шығарды. Мемлекет тарапынан жобаға қолдау білдіріліп, 350 миллион теңге қайтарымсыз несие де берілген. Жоба авторының айтуынша, қазір шағын зауыт іске қосылып, жем қоспасы жергілікті құс фермасында сы­нақтан да өткен. Нәтижесі, көңіл қуан­тарлық болған. 

– Қазір зауытқа ауыл-ауылға барып, жылқы мен сиырдың терісін алып жатырмыз. Терінің келісін 50 теңгеден, яғни ірі қара мал терісін шамамен 500-570 теңгеден ала­мыз. Көбінесе барлық ауылда тері-терсектің қоқысқа төгіліп жатқанын көрдік. Зауыт бір күнде 2000 теріге дейін өндіруге қауқарлы. Қазір өнімдерімізге жергілікті балық өсіру кәсіпорны, Челябіден құс өсіру кәсіпорындарынан тапсырыс түсіп жатыр. Мал терісін алдын ала жинап алғандықтан әзірге шикізаттан тапшылық жоқ. Дегенмен шикізатты ауыл-ауылдан жинап жатырмыз. Малдың 10 келі терісінен 1 келіге дейін ұнтақ алынады. Тәулігіне 5 тоннаға дейін өнім шығарылып жатыр. Өнім сұранысқа ие болғандықтан табысы да мол болатын сияқты, – дейді университет оқытушысы, әрі тері өңдеу зауыты жобасының авторы Ақан Жүнісов. 

Тері өндірісі мен өңдеудегі күрделі мәселені Ақмола облысының Жер қатынастары және ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы да мойындады. Басқарма мәліметінше, аталған саладағы жағдай қазір Үкіметке де үлкен сын болған. 

– Біз тері өңдеуде және сатудағы нарықтан айырылып қалдық. Ол экспортқа тыйым салу жөніндегі ойластырылмаған шешімнің кесірінен болды. Қазір экспорттық позицияларды жаңарту бойынша шаралар қарастырылып жатыр. Осыған дейін үлкен экспорттаушы Қытай болған. Қазір – Ресей. Жағдайды реттеу үшін инвестициялық субсидияландыру бағдарламасы да жұмыс істейді. Оған тері өңдеудің бұрынғы кәсіпорындарын кеңейту және жаңаларын құру бойынша жоба төлқұжаты да қосылды. 25 пайызыға дейін мемлекет өтеуге әзір. Біздің әзірлеу желісіне келсек, іс жүзінде өткізу нарығы болмауына байланысты өткізу нарығын қалпына келтіру жүріп жатыр. Біз әзірлеу пунктерін «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несиелеп ынталандыра да аламыз, – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов. 

 

P.S. 

Жылдар бойы мүлде шыбық басы сынбаған әрі барлық экспорттық нарықтан айырылған саланың қайта жаңғыртылып бірден түзеліп кетуі де оңай дүние емес. Дегенмен сабақты ине сәтімен болса, қоқыстарда көңірсіп жатқан тері-терсек пен жүннің де кәдеге жарап, ата кәсіпті нәсіп еткен ауылдағы ағайынның нәпақасын молайтар деген үміт бар. Бұл орайда теріскейде ашылған кәсіп сияқты өңір-өңірде тері өңдейтін кәсіпорындардың қатары көбейсе, нұр үстіне нұр болар ма еді дейсің...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы