Мемлекеттік сатып алуларды талдаудан басқа, волонтерлердің едәуір бөлігі әлеуметтік нысандар құрылысының барысын мониторингілеуге жұмылдырылған.
Атырау облысында мәдениет үйі 5,5 миллион теңгеге картиналар сатып алмақ болған
711
оқылды

2023 жылы бүкіл республика бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер 782 миллион теңгенің негізсіз жұмсалуының алдын алды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Атырау облысында еріктілер  Қызылқоға ауданындағы мәдениет үйі жеткізушілер арасындағы бәсекелестік шарттарының бұзылуына байланысты 5,3 млн теңгеге картиналар сатып алуды тоқтатты.

Маңғыстау облысының бюджетіне шамамен 200 млн теңге қайтарылды. Атап айтқанда, осы жылдың қазан айында "Каспий жылу, су арнасы" МКК (Ақтау қ.) 247 млн теңге сомасына "үш тізбекті стансаның" 1 бірлігін сатып алуды жоспарлаған. Бұл ретте жүргізілген талдау нарықтық баға шамамен 50 млн теңгені құрайтынын көрсетті. Тиісті жұмыстың нәтижесінде тауардың құны 49 млн теңгеге дейін төмендетілді.

Осы жылдың қараша айында Алматы қаласында орта мектеп жалпы құны 12,5 млн теңгеге 25 компьютер сатып алуды жоспарлаған, яғни бірлік үшін – 500 мың теңге. Алайда  мониторинг барысында техникалық ерекшелік бойынша қолайлы моноблоктың құны шамамен 315 мың теңге екені анықталды. Қорытындысы бойынша сатып алу тоқтатылып, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

"Ақмола облысында Бұланды ауылында мектеп салу мониторингінің қорытындысы бойынша, жалғау тораптарының бұзылуы және шатырдың ағаш конструкцияларын отқа төзімді өңдеудің болмауы анықталды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тексеру нәтижелері бойынша ҚНжЕ бұзушылықтары және жобалық шешімнен ауытқулар анықталды. Мердігерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және ӘҚБтК-нің 312-бабы бойынша хаттама толтырылды",   делінген хабарламада.

Алматы облысында әкімдік белгіленген мерзімде "Жасыл ел" бағдарламасына қатысқан 1 200 студентке еңбекақы төлемеген. Еріктілердің араласуынан кейін студенттерге 133,9 млн теңге сомасы төленді.

Шымкент қаласында мониторинг тобының кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз баруы тоқтатылды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы жеке медициналық ұйымдардың мониторингі бойынша негізсіз бұйрық шығарған. Уақытылы әрекет ету нәтижесінде бұйрық жойылды.

ШҚО еріктілері Алтай ауданындағы "Қазмырыш" ЖШС тау-кен байыту кешенінің жанында "Зеленка" өзенінің ластану фактілерін анықтады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстың Экология департаментімен экологиялық нормалардың талаптарын сақтау мәселелері бойынша тексеру жүргізуге бастамашылық жасады. 

Сонымен қатар волонтерлік қызмет аясында кәсіби заңгерлер мен адвокаттар 9 мыңнан астам азаматқа заңгерлік кеңес берді.