Бүгін Астанада бизнес, ғылым, мәдениет, медиа және ақпараттық технологиялар саласындағы үздік 30 жобаның авторына "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты табысталды.
Үздіктерге "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты табысталды
471
оқылды

Салтанатты шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2021 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын қолдау мақсатында тағайындаған болатын. Грант аясында 63 адам өз жобасын Қазақстанда ғана емес шетелде де түрлі салаларда табысты жүзеге асыруда.

"Президент білім қуатын, еліміздің өрендеуі үшін табанды еңбек етуге ниеттенген жастарды қолдайды және құрметтейді. Үнемі еліміздің болашағы білімді әрі білікті жастардың қолында екенін айтады. Бұл қазіргі өмірге бейімделген жастарға қатысты айтылып отыр. Біз еңбекқор, білімді, тәртіпті жастарға үміт артамыз. Адамгершілігі терең, ата-баба салт-дәстүріне құрметпен қарайтын жастарға сенеміз", – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Министр Аида Балаева салтанатты рәсімге қатысушыларды құттықтады.

"Біз үлкен өзгерістер дәуірінде өмір сүрудеміз. Жастарға дұрыс таңдау жасау, сенімге лайық азамат болу, өзін-өзі дамыту, оқу және еңбек арқылы табысқа ұмтылу сияқты ең маңызды жауапкершілік жүктелген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың дамуына, оларға жаңа және ауқымды мүмкіндіктер ашуға ерекше көңіл бөледі. Бар үмітіміз – еңбек пен білімнің жолымен жүретін, адамдық қадір-қасиеттің мәнін терең түсінетін, ата-баба дәстүрін қастерлейтін жастарда. Бүгінгі берілген грант – табандылық пен талант, қажырлы еңбек пен адалдық, қоғам үшін маңызды екенін білдіреді. Бұл құрмет одан әрі даму мен ынталануға жетелесін. Әрбір қадамдарыңыз жаңа жетістіктер мен жаңалықтарға жол ашып, шығармашылық, ғылыми, іскерлік идеяларыңыз еліміздің дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік берсін. Сіздер  Қазақстанды бұдан да зор көркейтетіндеріңізге сенемін!», – деп құттықтаған министр үздік жобалардың 30 авторына 3 миллион теңгеден грант сыйлығын тапсырды.

Биыл конкурсқа қатысу үшін 5 бағыт бойынша 3000-нан астам өтінім түсті. Олардың қатарында Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге, IT саласындағы ғылыми зерттеулерді, стартаптар мен жобаларды, экономиканың негізгі секторларындағы креативті бизнес идеяларды іске асыруға бағытталған жобалар бар.

Елімізде 1992 жылдан бастап дәстүрлі түрде ғылыми, шығармашылық, креативті қызметпен айналысатын, сондай-ақ спорт саласында жетістіктері бар жастарға "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы беріледі. Сонымен қатар қазақстандық жас жазушылар мен ақындар Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың иегері атанса, дарынды ғалымдар Д.А. Қонаев атындағы сыйлықтар мен ғылыми стипендиялар алады.