«Қоңыр» деген сөздің мағынасы, басқа жұртты қайдам, қазаққа келгенде аса кең. Қазақ баласының бүкіл болмысы ұлттың осы төл түсіне сыйып кетеді.
Қоңыр
1,560
оқылды

Оны, Әбікеннің «Қоңыр» күйі мен Жұмекеннің қоңыр жырынан таратып түгендеуге кірісер болсақ та түбіне жету оңай емес. Сондықтан қазақтың бүтін болмысының қоңыр екенін бұл жерде дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Оның орнына бұл сөзді қоңыр қазақтың белді баласының бірі ретінде Берік Бейсенұлының жеке басына теліп, аз-мұз тарқатып көрелік. 

Алдымен, Беріктің сыртқы поры­мы­нан бастайық. Шілдеде күні шыжғырып тұра­тын Түркістан қаласы тиіп тұрған, Жа­ңақорған мен Шиелінің қақ ортасын ала орналасқан Төменарық селосында ту­ған баланың өң-басы, түр-тұрпаты мен те­рісінің түсі болса да қоңыр болып ке­ле­тіні өз-өзінен түсінікті. Ал сол теріні жауып тұратын адам көркі – қабат-қабат шү­берек ше? Киім-кешекті айтып отыр­мыз. Құданың құдіреті, үстіне ілетіні де бірыңғай қоңырқай немесе қоңырға жа­қын кілең көкшіл түсті болып келеді әдет­те. Оған күмәніңіз болмасын. Әй­теуір, үстінде қызыл-жасыл не алабажақ секілді бадырайған ала-құла түстер атымен болмайды. Бұл оның боямасыз болмысы. Қарапайым қоңыр қалыбы. «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам де­ме өзгеден» деп Абай айтқандай, сырт пен іштің үндесіп келуі. Осы қоңыр бү­тін­дік оның бүкіл өміріне көзге көрін­бей­тін сымдай тартылған тағдыр сызы­ғын­дай. Қоңырлық дегенді әркім әрқа­лай түсінуі мүмкін. Қоңырлық – біреуге момындық дегендей. Егер табиғаттың тү­сіне орайластырсақ, бірден көз ал­ды­мызға жаймашуақ маужыраған қоңыр күз елестеуі мүмкін. Бірақ Бекең мау­жы­рап, салбыраған жан емес, жадыраған жаз­ға бергісіз, сезімі сергек, жаны ояу, өр, қызба, оңайлықпен тыншымайтын ты­нымсыз қоңыр. Қойторы емес, кейде шалт бұрылатын шапшаң, тарпаң қоңыр. Сол ішкі тынымсыздық, турашылдық, сырт­тай салмақты көрінгенмен, бәрібір сыр­тына шықпай тұрмайды. Кейде оқыс­тан естілгенде жан-жағын баурап ала­тын ынты-шынтысыз ақжарма күлкі­сі­мен жан жадырататын риясыз қоңыр­лығы тағы бар. Ортасын осылай оятып жү­ре­ді. Жұмысқа ерте келеді. «Ерте тұр­ған еркектің ырысы артық» дүр. Қы­сыр әңгімеге үйірсек емес, ысырап­қор­лық­қа жол бермеу атаның қанынан, ана­ның сүтінен өлшеніп берілген.

Қара­пайым механизатор болып еңбек еткен әкенің, 9 бала өсіріп тәрбиелеген ананың ақ адал маңдай терімен кешкен қараша үйдегі қоңыр тіршілігінен қанаттанып өс­кеннің арқасы соның бәрі. Көп ба­ла­ның ішінде өскен соң, күлшелі бала қай­дан болсын, бірақ әке-шешесінің ерек­ше үміт күткен, назары түскен қол­дыаяқ­тай ұлы болғаны күмәнсіз. Жур­налистиканы «Жас Алаштан» бастаған 1991 жылдан есептесек, отыз екі жыл ішін­де алты бас редактордың орын­ба­сары болыпты. Орынбасардың мойнына ре­дакцияның бүкіл жүгі алдымен арты­латынын газет жағалағанның бәрі жақсы біледі. Осының бәрі оның туабітті тия­нақ­­тылығынан, табанды еңбекқор­лы­ғы­нан, азаматтық жауапкершілігінен, ұжым­дастырып, үйлестіре білетін бас­қарушылық қасиетінің молдығынан еке­ні анық. Сондықтан да алмағайып уа­қытта жұмыссыз қалған кезі жоқ, бұл жұ­мысты емес, жұмыс мұны іздеп тұра­ды. Білдей бас редакторлар өзінің орнын жоқтатпайтын, жұмысын жеңілдетер жанды бірінші болып іздемей ме, мұны да бәрі бауырына тартты. Кейде осы шек­тен тыс жауапкершілік пен өзіне тым қатаң талап қоюшылықтың зиянды жа­ғы да бар емес пе? Сенімге селкеу тү­сір­мей, жауаптылықтан жалтармай, жур­налистикаға біржола берілгеннен, бойындағы әу бастағы ақындық қабі­ле­тін толық гүл аштыра алмады. Әйтпесе, он үшінде өлең жазып бастаған Құнан­бай­дың баласының жасында бұның да бұ­лықсыған ақындық қасиеті бүр жар­ған. Алғашқы өлеңі Қызылорда об­лыс­тық «Ленин жолы» газетіне 9-сыныпта оқып жүргенде жарияланыпты. Аудан­дық та емес, білдей облыстық газетте он бес жасында өлеңін жариялату – қазірдің өзінде кез келген «мен» деген ақынның пе­шенесіне жазыла бермеген бақ. Сол өлеңнің буы жетелеп, ақыры «Төме­нарық­тағы» №53 мектепті бітірген жылы еліміздің маңдайалды оқу орны ҚазМУ-дың Филология факультетіне алып кел­ген.

Филолог болып шыққанда, бәлкім ір­гелі ғылым жолына түсіп, өмірі өзгеше өрілер ме еді, төрт рет жолы болмаған. Жа­ратқанның нәсібін газет-журналдан теріп жесін деп бұйырт­қаны болар, қа­лай оқуға журналистикаға тапсырады, солай жолы болып түсіп кеткен. Одан бұ­рын Германияда екі жылдық әскер өмі­рін көріп келген, совхоздың қара жұ­мысында пісіп-қатқан жас жігіттің оқуға құл­шынысы жаман болмайтыны түсінікті. Студент кезінде өлеңдері рес­пуб­ликалық басылымдарға шығып тұра­ды. Журналис­тикаға ақын-жазушы емес, алдымен бұқаралық ақпарат құралына ба­ратын елгезек тілші керек. Тілшілік – тіршілік! Ақындығың – хоббиің ғана. Оны­мен бала-шағаң тұрмақ, қарақан ба­сыңды да асырай алмайсың. Еліміз тәуел­сіздігін жаңа алып жатқан елең-алаң шақта жаңғырған заманның жар­қы­рап шыққан күніндей болған «Жас Алаш» газетіне жегілген соң, өлең жазу­ды мүлдем қо­йып кетті. Басты орынға қара нан жегізіп отырған газет жұмысын, отбасының бақытын қойды. Бала-ша­ғаны бағып жеткізудің өзі оңай емес тоқ­саныншы жылдардың қиын-қыс­тауы­на тап келген алтын жастығы күн­делікті шығатын газеттің қарбаласы үс­­тін­де өтті. Ондай кезде шабыттың өзі тұ­ра қашып кетпей ме? Кей-кейде миы­ның бір саңылауында үнсіз бұғып, «өліп» жатқан «өлең» дейтін өнбес дүние бір жам­басына аунап түсіп, «тірімін» деген­дей мазалайтыны бар. Ондай шабытты шумақтардың шылбырын сол арада шымыр түйіп тас­тап, кейбірін амалсыз түр­тіп қоюға тырысады. Бірақ «геомет­рия­ға да шабыт керек» деп Пушкин айт­қандай, ақындық бабыңды өз дең­гейін­де ұстап тұру үшін де көп сызып, көп шимайлағанға не жетсін?! Сондайда «Бір кем дүние-ай» дейтіндей, іштей өкі­ніші бары да жоқ емес. Есесіне, қо­лына түскен поэзиялық жинақтарды оқу­ды тоқтатқан емес. Ал ақмылтық жур­налист болғанына еш өкінбейді, қайта кәсібін мақтан тұтады. Маман­ды­ғы­ның игілігін көрді, ел аралап, жер та­ныды. Ел мұның жазғанын енінен та­ныды. Атақ-абыройға бөленді. Ата-ба­басы көрмеген шетелдерді аралады. Қыс­қасы, журналистика – бағы да, ба­қы­ты да, өмірінің мәні мен сәні де болды. 

Берікті өзінің кіндік кескен туған же­рінен бөліп қарай алмайсың. Бұл жа­ғынан ол – бақытты. Берекесі шалқып та­­сыған, құт қонған сұлу Сырдың жа­ға­сын­да, Жаңақорған ауданы топы­ра­ғын­да туып өсті. Ортағасырлық ежелгі қала Сығанақтың көне жұрты ауылымен жап­сарлас жатыр. Қазақ хандығының ас­танасы болып дүбірлеген шаһар бір за­манда. Дешті-Қыпшақтың айбынды әмір­шісі Әбілқайыр хан осы Сығанақта, Көк Кесенеде жерленген деседі. Ал­па­мыс батырдың сұлу жары Гүлбаршынның ауылы Баршынкент бір бүйірде том­пия­ды. Киелі нулы топырақтың ішіне бүк­кен сыры көп. Тек көкірек көзіңмен оқи білсең болғаны. Түркіге ортақ Түркістан шаһары, көшпендінің көзімен өлшесек, таяқ тастам жерде. Заманында орыс-қа­зағы аралас базары қайнаған қалашық болған Шиелің де шетте емес. Ал таспа­дай тілінген теміржолмен жүйіткіген пойыз­дың қай-қайсысы да мұның ауылы Төмен­арыққа тоқтамай өтпейді. Темір­жол­мен атам заманнан береке ілесе жү­ре­ді. «Арық жағалағанның аш өзегі тал­­майды» дегендей, теміржол жағалаған ер­дің де, жағалай қонған елдің де қашан­да таршылық көргені жоқ. Өркениетке өзгелерге қарағанда бір табан жақын бо­лады. Міне, осындай географиялық жа­ғынан аса қолайлы орналасқан ай­мақ­та, Ұлы Жібек жолының бойында ту­ған Берікке қалай қызықпассың.

Бү­гін­де ол керуен жолы Батыс Қытай – Ба­тыс Еуропа халықаралық транзиттік ав­­­тожолы болып ауылының тұсында сай­рап жатыр. Бекең өскен қойнаудағы ауыл­ды былайғы жұрт «бай ауыл» деп атап кетіпті. Соның бәрі ауылдағы кезін­де мыңғырған малдың арқасы. Қоқаннан бұрын Хиуа хандығына қарапты бұл жақ­тың жұрты. Адамы да, малы да көп ауыл­дың асып-тасқан берекесі қалай де­генде де құтты өлкенің қойнауының ар­қасы. «Адамның адам болып қалып­тасуы оның балалық шағының қалай өткенімен тығыз байланыс- ты» деседі. Рас шығар. Балауса дәурен балалық ша­ғын, ата-анасының аялы алақанын, ата-әжесінің тәлім-тәрбиесін сағын­бай­тын адам жоқ қой. Алаңсыз асыр салған ба­ла кез адам өмірінің ең аяулы шағы емес пе? Бұл күнде сағымдай болып алыс­та қалған, келмеске кеткен сол балдәурен балалық шағын Берік те елжірей еске алады. «Сағасын Сыр өзе­нінен ала­тын «Сунақата» мен «Қамыс­қақ» кана­лы­ның арасында болған біздің ауыл бұ­рын. Қазір ол ауыл жоқ.

2004 жыл­­дың көк­темінде Сыр өзені аяқ астынан асау мі­нез танытып, бір мезгілде қоңырқай тір­шілігімен тыныш жатқан елді мекенді тып-типыл етті. Жұрт аман. Халық үй­ле­рін тастап, үдере көшті. Малын Қара­тауға қарай айдаған ағайындар дәулетін осылай аман сақтап қалды. Бір жазда-ақ ауылдың келесі шетінен ақ шаңқан үйлер жаңадан бой түзеді. Ауыл тұтас күйде Төменарықтың кірер қақпасы жағына көшкен. Сөйтіп, біздің балалық балдәурен өткен «Қосканал» деген ауыл осылай тарих қойнауына кетті. Әлі күнге дейін «Қосканалдағы» ауыл түсіме енеді. Өйткені мен сол жерден қанаттандым, сол көшеден алыс арманға, Алматыға са­пар шектім» деген Беріктің жан тол­қынысы тебірентеді. Тарихи тамыры те­рең Төменарықтағы Берік оқып бітір­ген мектепте Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, «Дос-Мұқасан» ансамблінің тұңғыш мүшесі, академик Мейір­бек Мол­дабеков оқыған екен. «Адам баласы қан­дай биікке жетсе де, ең алдымен ұс­таз­­дың алдында бас иеді. Біз де ұстаз­да­ры­мыздың алдында мәңгілікке қарыз­дар­мыз.

Адамның келешек ма­манды­ғы­ның таңдауына үш нәрсе себепкер бо­латын сияқты. Ең алдымен, өзі, ата-ана­сы және ұстазы. Бұл орайда біз оқыған бі­лім ордасында шын мәнінде мектептің жүрегі бола аларлық мұғалімдер сабақ берді деп айта аламын. Мен сөз өнеріне, журналистикаға біржола бет бұруыма себепкер болған ұстаздарыма бас иемін» деген Бекеңнің үлкеннің, ұстаздың ал­дын­дағы кішіпейілдігі жақсының қаді­ріне жақсының жететініне куәлік береді. Ауыл деген аты ғана болмаса, Төмен- арық бес мыңға жуық халқы бар, онға жуық басқа этнос өкілдері тұратын үлкен елді мекен. 11 жылдық үш орта мектебі бар. Осы­нау құт қонған ауылынан Алматыда тұрса да алыстай қоймаған Берік туған же­ріне жиі ат басын бұрып тұрады. Жақ­сылығын өрнек­теп жазып елге жаюдан жалықпайды. Кіндігі ауылына байланған қоңыр баласының алпыс жастың асуына аман шық­қанына елі де қуанатын бо­лар... 

 Төреғали ТӘШЕНОВ