Бүгін Батыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі С.Ізмұханбетованың төрағалық етуімен «AMANAT» партиясы фракциясының жиналысы өтті.
Сайлауалды бағдарлама елдің дамуына ықпал етті
1,106
оқылды

Аталмыш фракция жиналысына Батыс Қазақстан облысының әкімі, облыстық мәслихат депутаттары, партия фракциясының мүшелері, облыстық басқарма басшылары, облыстық филиал қызметкерлері және  БАҚ өкілдері қатысты.

Жиналыстың басты ерекшелігі «АМАNАТ» партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының іске асыру жөніндегі Жол картасының іс-шаралары мен көрсеткіштері тармақтарының орындалуы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Н.Төреғалиев есеп берді. 

Нариман Төреғалиұлы өз сөзінде аталмыш сайлауалды бағдарламада республиканың жаңа тарихи кезеңдегі дамуының негізгі бағыттары белгіленіп, жоспар бойынша нақты қадамдар жасалып жатқанын айтты. Облыс әкімінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың 11 айында Жол карталары шеңберіндегі жоспарланған 122 іс-шараның 60 (48%) орындалып, 52 іс-шара (42%) орындалу сатысында.

"Сонымен қатар  Жол картасында айқындалған 4 басым бағытқа тоқталсақ,  «Өмір сапасын арттыру» бағыты бойынша 460 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2023 жылы жалпы ұзындығы  291 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. 1 710 орындық 14 мектеп салу жоспарланып, бүгінгі күнге 7 мектеп пайдалануға берілді. Одан өзге «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 12 медициналық нысанның құрылысы жоспарланып,  4 ФАП және 2 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді", – деді әкім. 

 Айта кету керек, «AMANAT» партиясының Төрағасы Е.Қошановтың тапсырмасына сәйкес, Батыс Қазақстан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (Жол карталар) әзірленіп, облыс әкімі орынбасары және мәслихат төрағасының қатысуымен партияның Орталық аппаратында қолдау тауып, облыстық филиал Саяси кеңесі бюросының қаулысымен бекітілді.

Жол картасының басты мақсаты – сайлауалды бағдарламаның орындалуына қатаң партиялық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету.

Жиынға қатысушы, Батыс Қазақстан облысының Стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысының орынбасары  Әсемгүл Әбенова «Өмір сапасын арттыру» бағытынан өзге «Кірістерді арттыру», «Өмір сапасын жақсарту», «Экологиялық жағдайды жақсарту» бағыттарына жеке-жеке тоқталды. Оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде  5,6 млрд теңгеге 837  несие берілгенін, «Ұлттық мұра» партиялық жобасы бойынша 82 іс-шара өткізіліп, спорт саласы бойынша 26 спорт алаңы пайдалануға берілгенін айтты.

Жиын соңында төрағаның шешіміне орай облыс әкімі Н.Төреғалиевтің берген есебі қаперге алынып, биыл  орындалмаған тармақтардың келесі жылы толықтай орындалуын қамтамасыз ету мекемелерге міндеттелді.