Тәуелсіздік күні қарсаңында елор­дада «AMANAT» партиясының дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығарма­шылық байқауы қоры­тындыланды. Биыл әдеби дода Алаш қозғалысының қай­раткері, ақын, педагог Мағжан Жұ­ма­баев­тың 130 жылдығына ар­налды.
Ұлттың рухани тірегі – әдебиет
943
оқылды

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық мүддеге сай ке­летін кітаптарды көптеп басып шығару мәселесі әрдайым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін және мемлекет, партия тарапынан мәдениетке, әдебиетке қолдан келгенше көмек көрсетіле беретінін атап өтті.

«Әдебиеттегі жас буын үшін «Ұлы дала» бай­қауы айтулы оқиғаға айналды деп ойлай­мын. Осы маңызды іс-шараны жыл сайын Тәуелсіздік күніне орайлас­тырып өткіземіз. Өйткені ұлт тәуелсіз­дігінің рухани тірегі – оның тілі мен әде­биеті, мәдениеті. Біз өз тарапы­мыздан сіздерді қолдауға әрдайым әзірміз», – деді ол.

Ерлан Қошановтың пікірінше, қазір қоғам­дық кеселге айналған есірткі, лудо­ма­нияның белең алуы «рухани қалқан­ның» болмауынан. Сондықтан оқырман­ға осы заманның болмы­сын бейнелейтін тың туындылар, образдар мен жаңа кейіп­керлер керек. Төраға кітапсүйер қауым жаңа толқын қаламгерлерден сал­мақты, мағыналы дүниелер күтіп отыр­ғанын айтты.

«Біз кітаппен өмір сүрдік. Әдебиет бізге моральдық, рухани қалқан болды. Ал рухани қалқан дегеніміз не? Ол – жас­тарды, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, бұрыс жолдан сақтайтын құн­дылықтарымыз. Бұрын қоғамды кітап тәрбиелесе, қазір интернет пен көше тәрбиелеп жатыр. Мұның жолы – жас ұрпақты отаншылдыққа, ізгілікке, адам­гер­шілікке тәр­биелеу. Ал ол құндылық­тардың бәрі – кітапта, әдебиетте. Бұл туралы Мемлекет басшысы да әрдайым айтып келеді», – деді «AMANAT» партия­сының Төрағасы. 

Аталған конкурс осымен төртінші рет өт­кізіліп отыр. Биыл әдеби доданың об­лыстық іріктеуі ұйымдастырылып, бай­қауға бас-аяғы 300-ден астам шығарма келіп түсті. Оның 170-і ақтық кезеңге жол­дама алды. 

«Ұлы дала» байқауына «Әдеби сын» но­минациясын енгізу – үлкен жаңалық болды. Жалпы, әдеби сын болмайынша, әдебиет дамымайды. Байқауға бір емес, бірнеше материал келіп түсті. Оның бәрін ой елегінен өткізіп, лайықты бағасын бердік. Сондықтан бұл жанрға келешекте барынша көңіл бөлу керек», – деді қа­зылар алқасының мүшесі, әдеби сыншы Амангелді Кеңшілікұлы.

Сонымен, «Поэзия» номинациясы бойын­ша бірінші орынды Ұмтыл Зарық­қан, екінші орынды Айзада Рахымжанова, үшінші орынды Ербол Алшынбай ие­ленді.

«Проза» номинациясында бірінші орынға Бақытбек Қадыр, екінші орынға Саян Сек­сенбаев, үшінші орынға Мерей Қайнарұлы лайық деп танылды.

«Балаларға арналған шығарма» но­минация­сы бойынша бірінші орынды Нұрбек Кеңесбай, екінші орынды Абай Орынбай, үшінші орынды Ақмарал Омарова қанжығалады.

«Драматургия» номинациясында бірінші орынды Қанат Тілеухан, екінші орынды Тайбек Абдуллин, үшінші орын­ды Қуат Қиықбай жеңіп алды.

«Әдеби сын» номинациясы бойынша бірінші орын Біржан Ахмерге, екінші орын Анар Абдуллинаға, үшінші орын Мейір Оразғалиевке бұйырды.

Сонымен қатар, «Алаш аманаты» ар­найы сыйлығын зерттеуші-ғалым Бақтияр Бәтеу, «Мағжан Жұмабаевтың 130 жыл­дығы» арнайы сыйлығын арнайы сый­лығын ақын, сатирик Абылай Мауданов иеленді.

«Қазір әдебиетпен кәсіби айналысуға мүм­кіндік аз. Біріншіден, қаламақы мә­селесі ше­шілген жоқ, екіншіден бізде кітап нарығы әлі қалыптаспай жатыр. Әйткенмен, осы олқы­лықтың белгілі бір бөлігін әдеби байқаулар тол­тырып отыр. Бұл қадам шығармашыл жас­тарды жазуға ынталандырады. Сондықтан осындай әдеби байқауларды үзбей, жыл сайын өткізіп тұру керек», – деді байқау жеңім­пазы, жазушы Бақытбек Қадыр.

Бақтияр БӘТЕУ,

зерттеуші-ғалым, 

«Алаш аманаты» арнайы сыйлығының иегері: 

– «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауына қатысқан болатынмын. Байқаудың биылғы тақырыбы ақын, педагог Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай­ластырылды. Байқау номинациялары «Мағжан Жұма­баевтың 130 жылдығы» және «Алаш аманаты» атты екі арнайы сый­лық­тан, сонымен бірге  балалар әдебиеті, проза, поэзия, дра­ма­тургия және әдеби сын бағыттары бойынша жүлделі орындардан тұрды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында аталған байқаудың қорытындысы жарияланып, нәтижесінде қанжығам майланып, «Алаш аманаты» арнайы сыйлығының иегері атандым. Байқауға өзім зерттеп жүрген Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы бойынша жазылған «Шаһкерім өлеңдеріндегі кейіпкерлердің түпбейнесі» атты тақырыптағы зерттеу мақаласымен қатыстым. Жүлделі марапат пен сый-сияпатты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың қолынан алу бұйырды. 

Еліміздің әр өңірінен келген жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, қаламгерлерге қаламыңыз ұшталсын, әдебиетімізге, мәдениетімізге қосатын үлесіңіз қомақты болсын деймін! Сөз соңында, әрине, осынау әдеби доданың өткізілуіне мұрындық болған, руханиятымыздың дамуына үлес қосып, жас қаламгерлерге қолдау көрсеткен «AMANAT» партиясына алғыс білдіремін!

Абылай МАУДАНОВ,

ақын, сатирик, «Мағжан Жұмабаевтың

130 жылдығы» арнайы сыйлығының иегері:

– Жалпы, «Ұлы дала» әдеби байқауы жыл сайын қаламгер­лердің шығармашылығына серпін беретін дәстүрлі әдеби бәйге алаңына айналып келеді. Елімізде осындай әдеби процестің бойына қан жүгіртетін байқаулардың көптеп болуы – құптарлық дүние. Себебі «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов кешегі байқау қорытындысында сөйлеген сөзінде: «Біз кітаппен өмір сүрдік. Әдебиет бізге моральдық, рухани қалқан болды. Ал рухани қалқан дегеніміз не? Ол – жастарды, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, бұрыс жолдан сақтайтын құндылықтарымыз. Бұрын қоғамды кітап тәрбиелесе, қазір интернет пен көше тәрбиелеп жатыр. Мұның жолы – жас ұрпақты отаншылдыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Ал ол құн­дылықтардың бәрі – кітапта, әдебиетте.  Бұл туралы Мемлекет басшысы да әрдайым айтып келеді», – деді. Бұл – өте орынды айтылған сөз.  Мен әдеби байқауға «Аманат» атты поэмаммен қатыстым. Поэманың «Аманат» партиясына қатысы жоқ. Осы уақытқа дейінгі жазған дүниелерімді бір төбе санасам, бұл поэмамды бір төбе санаймын. Ертеректе жа­зылғанымен еш жерде жарияланбаған туындым еді. Жұлдызды сәті туған екен. Дәс­түрлі әншілерден поэмамда қамтыған оқиға желісін естіп, әсерленіп, осы шығармамды жазып шықтым. Биылғы байқаудың бір ерекшелігі өңір-өңірлерде іріктеудің өтуі болды. Жүлдегер болғанымды естіп, қуанғанымды жасыра алмадым. Барша қаламгер әріптестерімнің шығармашылығына шабыт тілеймін. 

Наурызбек САРША