Күні кеше Тәуелсіздік күні қарсаңында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала» әдеби байқауы да өз мәресіне жетті.
Әдебиет – интеллектуал өнер, оған мемлекет тарапынан қолдау қажет – жазушы
1,117
оқылды

Соған байланысты байқауда драматургия аталымы бойынша жеңімпаз атанған жазушы, драматург Қанат Тілеуханнан, проза аталымы бойынша жеңімпаз атанған жазушы Бақытбек Қадырдан жалпы байқау туралы, жүлделі болған шығармалары туралы сұрап, пікірін білдік.

– «Ұлы дала» байқауына «Абай-Еркежан» деп аталатын пьесаны ұсынған едім. Еркежан – Абай өміріндегі орны бөлек әйелі ғой. Еркежанмен өмірінің соңғы күндерін өткізді. Сосын Еркежанмен бірге тұрған кезде Абай жазумен өнімді айналысты. Сүйікті інісі Оспанның жарын алу да адами тұрғыдан Абайға оңай болған жоқ деп ойлаймын. Пьеса осы дүниелер де қамтылған.

Қазір, әрине, мұндай байқаулар өте-мөте қажет. Себебі әдебиет дегеніміз – классикалық, интеллектуал өнер. Оған мемлекет тарапынан, үлкен қоғамдық институттар тарапынан қолдау керек. Өйткені ол тез қанат жаятын, бірден қолдау тауып кететін айтыс сияқты, эстрадалық музыка сияқты бұқаралық өнер емес. Сондықтан «AMANAT» партиясының осы бір ісі қателеспесем, төрт жылдан бері жалғасып келеді. Енді алдағы уақытта байқау ауқымын ала берсе, жүлде қоры көбейсе дұрыс болар еді. Оған парламентте негізгі орын алып отырған партияның қауқары да жетеді деп ойлаймын, – дейді жазушы, документалист Қанат Тілеухан.

 

– Кез келген адам үшін өзі жүлделі болған байқау жақсы ғой. Иә, бәйгеге «Алтын айдарлы бала» деген шығармамды ұсындым. Негізгі атауы – қазір «Шаштараз». Мұнда алтын айдарлы баланың шашындағы кішкентай ғана айдарға қызыққан шаштараздың оқиғасы сөз болады. Яғни бастапқыдағы пейілінен айнып, кейін сол баланың шашын жалмауға дейін жеткен шаштараздың өмірі баяндалады. Хорхе Луис Борхестің шамамен «әдебиет әпсанадан басталады» дейтін пікірі бар. Сол секілді менің де шығармамда мифологиялық элемент басым. Бірақ ол – өзгенің емес, өзіміздің халықтық аңыз-әпсаналар. Осы арқылы қоғамда ашық айта алмай жүрген кейбір дүниелерді символикалық астармен жеткізіп, кейіпкердің психологиялық өзгерісін көрсетуге тырыстым.

Жазған шығармам аталған байқауда қандай да бір жүлделі орынға ілігеді деген ойда болдым. Бірақ бірінші орын алып кетемін деп ойлаған жоқпын. Жазғанымды бағалап, қазылық қылған жандарға көп рақмет. Келешекте мұндай байқаулардың көбірек болғаны жақсы, әрине. Оған қоса жүлде қоры да көбейсе деген тілек бар. Бұл – өзім үшін емес, алдағы уақытта байқауға қатысатын әдебиеттегі іні-қарындастарым үшін айтып отырған ұсынысым ғана.

Қазір үлкен әдеби байқаулар көбіне бір уақытта болады. Шамамен осы айда. Оған «Ұлы дала», «Алтын тобылғы», «Айбоз» секілді байқаулар жатады. Олардың бәрінің уақытын тек бір мезгілге лайықтап қоймай, әртүрлі уақытқа қойса деген тілек бар. Өйткені кейде бір емес, бірнеше бәйгеден жүлдегер атанатын авторлар болады. Сосын қоғамдық пікірде бұған қатысты қызу дау туындайды. Ал жазып жатқан шығармасы кітап болып сатылмай, қаламақы мәселесі шешілмей жатқан автор осындай бірнеше байқауға қатысуға талпынатыны анық. Сондықтан мұны да ескерген жөн деп білемін, – дейді жазушы, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Бақытбек Қадыр.