Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова әйелдердің саяси шешімдер қабылдауға араласуы мен ықпалын кеңейтуге байланысты зерттеу жүргізу қажет деп есептейді.
Жұлдыз Сүлейменова: «Әйелдердің саяси шешімдер қабылдауға араласуы мен ықпалын кеңейтуге байланысты зерттеу жүргізу қажет»
1,287
оқылды

Бұл туралы ол «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының I отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

«Биыл елімізде жаңа конституциялық реформаның негізінде сайлау өтіп, бірмандатты сайлау округтарының саны 29 болды. Осы округтардан жеңіске жеткен аманаттықтардың 22-сі – ер-азамат, тек екеуі ғана – әйел. Бұл жалпы қоғамда әйелдердің саяси белсенділігіне байланысты ауқымды мәселелерді түбегейлі қарастыруымыз қажет екенін көрсетеді. Қазіргі таңда әйелдер үшін әлеуметтік және экономикалық кең мүмкіндіктер жасалып, жүзеге асып жатыр, нәтиже де бар. Бірақ енді саяси-құқықтық белсенділік тұрғысынан үлкен зерттеу жүргізу қажет», – деді халық қалаулысы.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, әйелдердің саяси шешімдер қабылдауға қатысуы мен ықпалын кеңейтуге байланысты зерттеу жүргізуге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Саясаттану кафедрасының ғалымдары дайын. Ал оны қаржыландыруға Конрад Аденауэр қоры ұсыныс білдірген. Осы орайда депутат бұл бастама қолдау тапса, оны әйелдер қанаты аясында жүзеге асыруды ұсынды. Сондай-ақ мұндай қолданбалы зерттеу жүргізу тек қана аманаттықтар емес, жауапкершілік алып, соңына дейін белсенді жұмыс істей алатын өзге де белсенді әйелдердің келесі сайлауға баруы үшін қажет.

Сонымен қатар ол әйелдердің саяси белсенділігін күшейту үшін олардың біліктілігін арттыру маңызды екенін атап өтті. Биыл осы мақсатта «AMANAT» партиясы екінші рет  Tomiris  жобасын жүзеге асырды.

«Аталған жобаға қатысуға қызығушылық танытқандар саны көп болып, бас-аяғы 300-ден астам өтінім келіп түскенімен, біз ең білікті, саяси шешімдерге жауапкершілікпен келетін азаматтарды іздедік. Нәтижесінде, 42 әйел Астанаға келіп, Германияның Бундестаг депутаттарымен тәжірибе алмасты. Осындай іс-шараларды одан әрі жалғастыруға және Мәжілісте де әйелдердің заңнамалық шығармашылық жұмысқа араласуына жағдай жасауға әзірміз. Біз жауапкершілік ала алатын әйелдер қауымдастығын құру арқылы саясаткер әйелдердің жаңа пулын қалыптастырамыз. Бұл жұмысты әйелдер қанатының 10 басым бағыты аясында да жалғастыруға болады деп ойлаймын», – деді депутат.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 7-8 желтоқсанында «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының I отырысы өтті. Оған өңірлерден келген 100-ден астам белсенді әйел қатысты. Екі күн бойы әйелдердің мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейту, кәсіпкер әйелдерді қолдау және инклюзивті қоғамды дамыту мәселелері талқыланды.