Сонымен, қараша айын­дағы жылдық инфляция 10,3% болды. Бұл – қазан айын­дағы 10,8%-дан төмен­дегені. Былтырғы осы ке­зеңмен салыстырсақ, әрине үлкен жетістік. Өйткені 2022 жылы осы уақытта бұл көр­сеткіш 19,6% болатын.
Инфляцияны ауыздықтай алдық па?
коллаж: Елдар ҚАБА
1,491
оқылды

Ен­деше инфляцияны ауыз­дықтай алдық деп айта ала­мыз ба? Былайша айтқанда, теңгенің құнсыздануы сая­бырсыған сияқты, бірақ одан базардағы бағаның түскенін көріп отырған ешкім жоқ.  

Экономика сұлық жатыр

Инфляцияны төмендету – Үкімет пен Ұлттық банктің биылғы жылға алдына қойған үлкен мақсаттарының бірі бол­ғанын білеміз. Тіпті, ырыққа көнбей кеткен көрсеткіштер төмен сырғи бастағанда осы қос орган «бұл кімнің жетістігі?» де­генге таласып шекісіп те алған еді. Қалай дегенде де инфляция­ның былтырғы 20,3%-дан тура 10%-ға төмендегені – ортақ жеңіс. Бірақ айтып-айтпай не керек, одан баға түспей тұр. Мә­селен, қараша айында тұтыну­шылық баға индексі 1%-ды құра­ды. Қазан айында ол 0,7% болған еді. Осы жолы ақылы қызмет 1,7%-ға, азық-түлік тауарлары 0,7%-ға, азық-түлік емес тауарлар 0,5%-ға өсіп отыр.

«Инфляцияның тежелуінің себептері: қатаң ақша-несие сая­­­сатында, елдегі өн­­­діру­­­ші­­­лер­дің шығындарының аза­­­юында және сырттан әсер ететін ин­­­фляция қы­­­сы­­мының әлсі­­­ре­­­генінде жатыр. Десе де, мұн­­­дағы көрсеткіштің төмендеуі «қым­­­бат­­­шылықтың» тоқтаға­­­нын емес, тек қарқы­­­ны бәсең­­дегенін білдіреді. Бөлшектеп тал­­дасақ, инфляция 3 ком­­­по­ненттен тұ­­­ра­ды. Біріншісі – азық-түлік бағасы – шама­­лап тұрақтаған, бірақ кейбір түрлері әлі де болса қымбат. Оның әр­түрлі себебі бар. Екін­шісі – азық-түлік емес тауарлар. Олар­­­дың ішінде, үй жиһазы мен киім­­­­дердің бағасы әлі де жо­ғары, себебі оларға сұ­раныс көп. Сосын күзден бастап дәрі-дәр­мектің маусымы бас­­­тал­­­ғандықтан олар да сәйке­­­сінше қымбаттап жатыр. Ал үшінші компонент – ақылы қызмет­­­тер­ге кел­сек, комму­­­нал­­дық тө­лем­­­дердің бағасы өсіп отыр. Өңір­лер бойынша алсақ, қай ком­по­ненттің бағасы да барлық жерде бір­­­дей емес», – дейді макросарапшы Аягөз Ханетова.

Келесі бір сарапшы – Расул Рысмам­­­бетов қатаң ақша-несие саясатының ке­­­сірінен қазір эко­номика сұлық жатқа­­нын ай­тады. Пікірінше, базалық ставка үлкен болса, экономика бір орында қозғалыссыз қалады екен. Өйткені адамдар несие ал­мауға тырысады. Ал жинағы барлары са­лым­д­арын депозитте ұстағанды немесе бағалы қағаз­­­дарға салғанды жөн көреді. Мә­селен, ірі банктер, корпоративті құ­рылымдар, тіпті квази­­­мем­­лекеттік сек­тордың өзі де ин­­вестициялық жобалардан гөрі тәуекелі аз, табысы кепілді ба­­­ғалы қа­ғаздарды таңдай бастай­­­ды. Оның үстіне ол жерде кор­­­рупциялық тәуекел де жоқ. Ал ставканы түсірген кезде ақша да арзан­дайды, адамдар да ин­­­­вестициялық жоба­­­­ларға қаржы құя бастайды. Өйткені ол кезде керісінше депозиттен тұщымды та­быс көре алмайсың. Сон­­­дықтан да қазір біз­дің эконо­­­мика қозғалыссыз жатыр. Өйт­кені ставка әлі де болса үлкен.

«Енді инфляцияға келер болсақ, оның 10,3%-ға түскені әдеттегі қалыпты жағдай. Өйткені қараша айы – инфляцияның баяулайтын кезеңі. Жыл сайын солай қай­таланып тұрады. Ал кейбір өндіріс ошақ­тарының қарқыны бәсеңсіп, қоймада тауарлар ұзақ сақтала бастайтын уақыт­тарда инфляция қайтадан қарқын алады. Ол желтоқсан айының аяғында там-тұм­­дап көрініс беріп, қаңтар айының орта­­­сында өршіп кетеді. Өйткені жаңа жылдан кейін сауда сая­­бырсиды, өтпеген тауарлар қой­мада жатып қалады. Осы­­­лайша, түпкі бағаға сақтау шығыны қо­сылады. Тек кең тұтыну тауарлары ғана емес, азық-түлік, бидай, картоп сияқты өнімдер туралы да осыны айтуға болады. Қаңтар, Ақпан, Нау­рыз – инфляция өте жоғары болатын ай­лар. Ол да маусымдық құбылыс, сон­­­дық­тан оның қан­дай ауқымда және қар­­қында болатынына болжам айту қиын. Оны уақыт көрсетеді. Менің ойымша, бар­­­лығы да базалық ставканың қалай өз­ге­ретініне байланысты болмақ. Егер Ұлт­­­тық банк өз әрекетін Үкі­­­метпен бірге үй­лес­­­­тіре отырып, «эко­номиканы не­­­­­сие­­­­­­­­­лендіру керек, базалық ставканы тү­сіру керек» десе, онда ақша айналы­­мының қарқыны инфляцияны да өршітіп жіберуі мүмкін. Бірақ бұл да қалыпты жағ­дай. Одан қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы ішкі өндірісті күшейту қажет. Отандық тауар өндірісі күшейсе, эконо­­­ми­каға да жан бітпек. Ал қазір ол сұлық жа­тыр», – дейді экономист Расул Рыс­мамбетов.

4 құралы түгел Ұлттық банк 

Рас, бұл жолғы инфля­­­ция­­ның төмен­дегені үлкен же­­­тістік екенін жасырмау керек. Маман­­­дардың көпшілігі бұған бі­рінші кезекте Ұлттық банктің базалық став­каны көтергенінің арқа­­­сында қол жеткізгенімізді ашық айтып отыр. Сон­­дық­тан Үкі­­­меттің үлесі қанша қыруар ең­бектен тұрса да, екінші орында. Ал ҰБ-ның жыл бойы 16,75%-ды ұстап тұрғаны дұрыс шешім болды. Бұл осындай күрделі ке­зеңде қолданылатын кешенді шара­лардың бір парасы ғана екен.

«Жалпы, бас регулятордың, яки Ұлт­тық банктің осындай 4 құралы бар. Бірін­шісі – база­­лық ставканы реттеу. Ол өз же­місін берді. Ресейде және басқа кейбір елдерде де бізден кейін осындай қадамға бар­­­ғанын кө­ріп отырмыз. Екін­­­шісі – банк­тер­дің резервтік мөлшер­лемесін жо­ға­­­рылату, яки олардың ақ­­шасын көбірек алып қояды да, олардың экономиканы қар­­жыландыруға ақшасы аз бо­лады. Үшін­­шден – ҰБ нота, яки облигация шы­ғарады да, банк­терге және басқа да қаржы ұйым­дарына сатады. Сөйтіп, олар­дың ақшасын жиып алып, алтын-валюта қо­­рын көбейтеді. Мұн­да да олар банктердің эко­номикаға ақша тастауына сәл кедергі жасайды, яки эконо­­микадағы ақша масса­сын азай­­тады. Төртіншісі – валюталық рет­теу. Ол бұрыннан келе жат­қан тәсіл. Валюта бағамын ұс­­тап тұру үшін интер­венция жа­­сайды. Бірақ байқасаңыз біз соң­ғы уақыттары ол әдісті қол­­данып жүр­ген жоқпыз. Кері­сінше, Ұлттық қордан бюд­жет­ке доллар түрінде өте көп ақша тас­тау арқылы, Ұлттық банктің алтын-валюта қорына қол сал­­­май отырмыз. Валю­таға сұра­­­нысты осылайша қанағат­тан­­­дырып жатырмыз. Одан бөлек, Прези­­­дент сыртқа валюта шы­ғару көлемін шек­­теді, содан ке­­йін экспорттан түсетін ва­­лю­та­ны биржаға сатуға мәжбүрледі. Мә­селен, валютамен табыс та­ба­­тын мұ­най-газ, металл өнді­­рісі сияқты ірі ал­­­­­­па­уыт ком­­па­­­нияларды осыған шақырды. Осылайша, биржаға Ұлттық қордан, экс­портер компа­­­­ния­­лардан валюта түсе бас­­­­тады. Экономиканы сауықтыру не­­­месе ын­таландыру үшін осы төрт тетіктің төр­­теуін де ұдайы қолданып келеміз. Со­ның арқа­­­сында инфляция да, теңгенің бағамы да тұрақтанып тұр», – дейді экономист Сапарбай Жо­баев.

Болжам – 5%

Естеріңізде болса, Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны келер жылы 6-8%-ға, 2025 жыл­дың аяғына 5%-ға дейін түсі­­­реміз деген болжамды мақса­­­тын жариялаған болатын. Бірақ әлі де болса күрделі ахуал­­­дың сақ­­­талып отырғанына орай, оған кү­мән­мен қараушылар бар­­шылық. Себебі баға қымбат.

«Қазан айында инфляция 10,8% бол­­­ды. Бірақ кең тұ­­­­тынатын бірқатар тауар, соның ішінде күріш 40%-ға, сүт пен нан өнімдері 15%-ға өсті. Жеке гигиеналық тауарлар 17%-ға, ди­­­зель отыны 35%-ға, комму­­­налдық қызмет мәселен, қоқыс төгу 32%-ға қымбаттады, Бір сөзбен айтқанда күнде­­лікті тұ­тыну тауарлары ресми ин­фля­ция деңгейінен көп артық. Оның үс­тіне «инвестицияға айыр­бас тариф» бағ­­дар­ламасы коммуналдық тарифтерді өсі­­­­­­­­ріп жібермек. ЖЖМ бағасын көрші мемлекеттермен теңестіру жоспары тағы бар. Ендеше, қол жеткізу мүмкін емес мақ­сатты ин­дикаторларды белгілеу неге қа­жет?», – дейді сенатор Аман­гелді Нұғманов.

Депутаттың бұл сауалына Ұлт­тық банк төрағасы Тимур Сү­лейменов: «Ұлттық ста­­­­тистика бюросы инфляцияны индекс­тегенде небәрі 508 тауар­ды қарастырады. Ал қазақ­­­­­­стандықтар 11 мың түрлі тауар тұтынады. Одан бөлек, жұмыс, қызмет, азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауар­­лар сынды санаттар бар. Осының бар­лығын да ескеру керек. Сол се­­­беп ж­е­ке­леген тауарды алып са­­­лыстырғанда осы­­лайша көзге оғаш көрінетін цифралар на­разылық тудыратыны рас. Бірақ Сауда және интеграция ми­нистрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, әкімдіктер кең ау­қымды жұмыстар жүргізуде. Олар дел­­­дал­­­­дарды жойып, на­­­рықты тауарлар­­мен толтырып, бағаның түсуіне жағдай жасап жатыр. Сондықтан жоспардан тыс жағ­даят­тар килікпесе, бол­жам үдесінен шыға аламыз деп санаймын», – деп жауап бер­ген болатын. Осы тұста экономист маман­дар билікті одан да батыл қадамдарға ба­руға шақырып отыр. 

«Экономисттер көптеген ұсы­ныс ай­тып жатыр. Бірақ билік оған бара қоймай­ды, өйт­кені өзінің табысынан ажыра­­ғысы келмейді. Мәселен, дәу­­­­­летті адамдардың ай­лығын әр жылы 10%-ға көтере бермеу керек. Жыл сайын бюджеттен ай­лық ала­­тындардың еңбека­­­қысын көтереміз деген желеу­­мен биліктегілердің, яки ква­зимем­лекеттік мекемелердегі, қорлар­дағы, әкім­­­­­­діктер мен министрліктердегі лауа­­зым­­ды тұлғалардың айлығы да бірге өседі. Осылайша, еден жуушы­ның 100 мың теңге айлығына 10 мың қосылса, білдей топ-менеджердің 2 миллион теңге айлы­ғына 200 мың қосылады. Инфляцияның бір себебі осын­да жатыр. Бізде соны шек­теу керек. Мысалы, орташа айлық 350 мың деп жатырмыз ба? Осы сомаға дейінгі ай­лық алатын­­­дардың еңбекақысын өсіру ке­рек. Мұны Президент осыдан үш-төрт жыл бұрын айтты. Бі­рақ бюджет шығын­­дарына қа­расаң, оған тоқтау салынып жат­­қанын көрмейсің. Олар әр түрлі жол­мен, соның ішінде ин­дексация жасау ар­қы­лы, өз­дері­­нің де айлықтарын көтеріп жа­­­тыр. Соны тоқтатпаса, ин­­­­фля­­­­­цияны тұ­қырту қиын болмақ. Сондай-ақ 2019 жылғы Жол­дауында Пре­зидент жоғары табыс табатындарға прог­­рес­­­сивті салық салуды тапсырды. Бірақ төрт жылдан бері ми­нистрлік соны ептей алмай жа­тыр. Неге? Өйткені қала­май­ды. Ал жаңағы мен айтқан білдей топ-менеджерлер болса еден жуушы­мен бірдей 10% салық төлейді. Егер бұл бастама қолға алын­са, инфляцияны ауыз­­­­дықтаудың бір жолы болар еді», – дейді экономист Са­парбай Жобаев.

Сөз соңында айтарымыз: мем­лекет та­рапынан іске асып жатқан іс-шаралар нә­тижесіз емес. Десе де, инфляцияны то­лық ауыздықтадық деп айтуға әлі ерте сияқ­­ты. Өйткені батыл қадамдар жетіс­пейді. Сондай-ақ «таяқтың екі ұшы бар» де­­­мекші, инфляцияның қозғаушы күш ретіндегі индикаторлық рөлін де ұмытпа­ғанымыз абзал.

Нұрлан ҚОСАЙ