«Ыстық қайрат», «Жылы жүрек», «Нұрлы ақыл» атты Ұлы Абайдың адам бойында болуы ең негізгі керек қасиеттерді жинап, жастар сыйлығында номинация ретінде биыл екінші рет ұсынылмақ.
«Рухтастар» жастар сыйлығына өтінімдер қабылдау басталды
723
оқылды

Сыйлықты ұйымдастырушылары болып табылатын «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты әлеуметтік желілерде сыйлыққа өтінімдерді қабылдау басталғаны туралы жариялады.

«Жастар рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, жыл сайын байқауға қатысамын деуші үміткерлер саны артуда.

«Жастар қанатының рухты белсенділері жыл сайын асыға күтетін байқауға өтінімдер бүгіннен бастап қабылдануда. Біз ұсынған арнайы номинацияларға өзін лайықты көретін әрбір белсенді бағын сынайтын болады. Жылдан жылға сайыс қыза түсіп, аймақтардағы жастардың белсенділігі артуда. Әр рухтас марапатқа лайықты. Ал үздіктердің үздігін 23 желтоқсан күні анықтайтын боламыз. Сондықтан, өз мүмкіндігіңді жіберіп алма», – деді Ақерке Искандерова.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жалынды жастарды жинайтын сыйлық биыл 8 номинациядан құралмақ:

1. «Ыстық қайрат» еңбек адамы;

2. «Жылы жүрек» жыл волонтері;

3. «Нұрлы ақыл» үздік жас ғалым;

4. «Қайсар» жыл батыры;

5. Жылдың әлеуметтік жобасы;

6. «Белсенді рухтас» жыл белсендісі;

7. «Жастар рухы» Жастар қанатының үздік бөлімшесі;

8. «Жастар рухы» Жастар қанатының үздік филиалы.

Тиісінше, әр номинация жеңімпазы Жастар қанаты дайындаған арнайы ақшалай сыйлыққа ие болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға 18-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Өтінімдер  7 желтоқсанда басталып, 14 желтоқсан күні аяқталады. Ал, одан кейін жиналған өтінімдерді арнайы комиссия мүшелері тексереді. Ортақ дауысқа салып, жеңімпаздарды анықтайтын болады. 

Айта кетейік, 2022 жылғы «Рухтастар» жастар сыйлығында «Белгісіз Қазақстан» блогының авторы, астаналық Диас Камериданов «Медиа саласының үздігі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған болатын, ал «Жылы жүрек» номинациясы бойынша Орал қаласының тұрғыны Талғат Шудаба марапатталды. Өткен жылғы «Қайсар» жыл батыры номинациясын Жаңаөзен қаласының полиция аға лейтенанты Әлібек Басбаев жеңіп алды.

Жастар сыйлығына өтінім беру Jastarruhy.kz  ресми сайтында «Google forms» арқылы қабылдануда. Сондай-ақ, өтінім беру ережелерімен «Жастар рухы» Telegram арнасынан танысуға болады.