Келесі жылы әйгілі Иқан шайқасына 160 жыл толғалы отыр. 1864 жылдың желтоқсан айында Түркістан қаласының маңында өткен соғыс тұтас Орталық Азия елдері үшін маңызды оқиғаның бірі болды. Ресейдің отарлаушы әскеріне қарсы кескілескен ұрыста Кенесары ханның ұлы атақты Сыздық сұлтан айрықша көзге түсіп, даңқы жайылады.
Досы құрметтеп, дұшпаны зор тұтқан Сыздық сұлтан
2,561
оқылды

Сыздық сұлтанның есімі ақын-жыр­­шылардың өлеңінде, ауызша әңгімелерде айтылып келгенімен, оның патша әске­­­ріне қарсы шайқастары мен ерлік жолы алғаш 1889 жылы Ташкенттегі «С.И.Лих­тин типо-литографиясынан» орыс ті­­лінде «Султаны Кенесары и Сыздык» деген ат­­пен жарық көреді. Алғы сөзін жазып, бас­­­паға дайындаған – Сырдария облыстық санақ комитетінің толық мүшесі Евгений Тимофеевич Смирнов. Айта кету керек, Сыздық сұлтанның көзі тірісінде бұл тарихи туындының жа­­зылуына да Смир­­­новтың өзі себепкер болған-ды.

«Сыздықтың 1864-1876 жылдар ара­­­лы­­ғындағы әрекеті – біздің Қоқан, Хиуа хан­дықтарын бағындыру, Бұхарамен соғысу, Қашғармен арақатынасымыз та­рих үшін аса құнды, қызықты болған­­дық­тан, 1886 жылы оның өмірбаянын жаз­­дырып алайын деген оймен жазу жобасын жасап берген едім. Бірақ Сыздық жазу жағына икемі болмады ма, кім білсін, бұған өзі кіріспей, інісі Ахмет сұлтанға тап­сырып, ол 1887 жылы қазақ тілінде жазып әкеліп берді», – деп жазады Смир­нов кітаптың алғы сөзіне. Осылай­ша, ол Ахмет сұлтан Кенесарыұлы жазып әкел­ген деректерді жолма-жол орысшаға ау­дарып шығады. 

«Сырдария облысының санақ коми­­тетінің төрағасы генерал-майор Н.Гро­­денков мырзаның тапсыруымен уақиға­лардың баяндалуы түсініктілеу болу үшін аздап өңдеп, керек болған жерлеріне қо­­­сымша ескерту жазып, баспаға дайын­­­дадым. Қолжазба менің берген жобамнан біраз ауытқыған, тастап кеткен, байқама­­­ған жерлері де бар екен, дегенмен мұндағы айтылған уақиғалар Орта Азиядағы со­ғыс­ты біздің қарсы жағымыздың баян­­­дауы болғанымен аса құнды. Бір өмір­­­­баянның орнына, Орта Азиядағы түрік халықтарының өз алдына ел болуы үшін соғысқан аса тынымсыз, қайратты екі жауы­­мыздың – Кенесары мен Сыздықтың өмірбаяндары берілген», – деп баға береді Смирнов. Орыс тілінде шыққан бұл жи­­нақ­ты Ғалым Ахмедов қазақша тәржіма­­­лап, 1992 жылы «Ахмет сұлтан Кенесары­ұлы. «Кенесары және Сыздық сұлтандар» деген атпен «Жалын» баспасында ба­­­сыл­ған болатын. Екі жыл бұрын кітап «Фо­­лиант» баспасынан «Насаб наме Сыдық сұлтан» деген атаумен қайта басылып шық­ты. Бұл жолы шығарманы ақын Ер­бол Алшынбай шағатай тілінен тікелей қазақшаға аударды. 

Сонымен, Сыздық сұлтан кім? Ең әуе­­лі оның есіміне қатысты мәліметтер де әртүрлі. Қазақ ақындары Майлықожа, Жамбыл, Мағжанның жырларында Сыз­­­дық деп айтылса, орыс зерттеу­шіле­рінің деректерінде бірде Сыдық, енді бірде Садық болып кездеседі. Мысалға, әйгілі жырау Жамбыл Жабаев «Сыздық сұлтан­ға» атты өлеңінде Сыздықты төре тұқымы деп қана емес, Хан Кененің ұрпағы ре­­­тінде ардақ тұтатынын білдіріп:

«Сәлем бердім, алдияр,

Орын бердің қасыңнан.

Сен бір қалған көз едің

Кенесары асылдан.

Сыздық атың жайылды

Бұл өңірге жасыңнан.

Айбатыңды көргенде,

Дұшпандарың бас ұрған»,  – 

деп  жырлаған. «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабына ре­­­цензия жазған тарих ғы­лымдарының док­­торы Жамбыл Артық­баев «кітап шығыс­тық шағатай түркі жазба тілінің әсерімен жазылған, оны біз Сыздық атауының Сыдық болып жа­зылуынан-ақ аңғара­­­­мыз», – деген түсінік береді. Ал өлкетану­­шы, тарихшы Өмір Шыныбек­­­­­­ұлы сұлтан­­­­ның есіміне қатысты нұсқалар­­дың қай-қай­­­­­­сысын да қабылдай беру керегін айтады. «Қазақта Ресей билеушілері мойындаған екі қолбасы бар. Оның бірі баршамыз білетін Бауыржан Момышұлы болса, екіншісі – Сыздық сұлтан Кенеса­рыұлы. Біз Момышұлының өмірі мен соғыстағы ерлігі туралы жақсы білеміз, өзі де қалам тербеді, өзге де кеңестік зерт­­­теушілер мен жазушылар көп жаз­ды. Ал Сыздық сұлтанды же­­келеген зерт­теу­ші­­лер білгенімен қалың оқырман біле бер­мейді. Сондықтан алдымен оның атын қоя тұрып, затын танып алуымыз қа­­­жет», – дейді Өмір Шы­ныбекұлы.

Тарихи деректерде Кенесары хан қаза тапқанда артында екі әйелінен сегіз ұл қалғаны айтылады. Бәйбішесі Кү­німжан ханымнан Жафар, Тайшық, Ах­мет атты ұл туса, екінші әйелі Жаңыл ханымнан ту­ған ұлдарының есімдері: Омар, Оспан, Әбу­­бәкір, Сыздық, Жегей. Кей дерек­­­­тер­де Кенесары өлгенде Тайшық 20 жаста, Сыз­дық 10-да, Ахмет 5 жаста болды деп көрсетілсе, «Насаб на­ме Сыдық сұлтан» кітабында Тай­шықтың жасы 12-де, Сы­дық 10 жаста, Ахмет 8 жасар деп жазылған.

Хан Кене опат болған соң оның әулеті өздеріне қарасты халқымен Қаратаудың Түркістан жағына қарай қоныс аударады. Ханның бала-шағасы қырық үй тө­­лең­гіттерімен салық төлемеу шартымен Қоқан хандығына қарасты аумаққа орнығады. «Кенесары ханның балалары Түркістан хәкіміне қарап, қоңыраттардың арасында тұрып жатты. Балиғатқа жет­­кен­­ге дейін ауылдарда молда жалдап са­­­бақ оқыды. Сонымен қатар атқа міну, мыл­­­тық ату әдістерін үйренді. Ержеткеннен кейін Тайшық, Сыздық, Ахмет сұлтандар әскери қызметке кіріп, қай жерде де серіктерімен көзге түсті. Қоқан ханы әр­­­қайсысы 500 жігітке әскербасы – «пансат» қызметіне тағайындайды», – делінген Ахмет сұлтан Кенесарыұлының жазба­­сында.

Сыздық сұлтанның бірге туған бауыр­ларымен Ташкент билеушісі Қанағат­­­­шаһтың әскеріне қосылып, патшалық Ресей әскеріне қарсы салуы 1860 жылдан бастау алады. Мұздай қаруланған 800 әскерге қарсы шапқан қазақ сұлтандары бастаған сарбаздар Ұзынағаш пен Қастек бекінісінің арасында өткен қанды шай­қаста үш күн бойы қайрат көрсетеді. Бұл оқи­ғаны Ахмет Кенесарыұлы: «1860 жылы Қо­қанда ерлігімен атағы шыққан Қана­ғатшаһ Ташкентті билеп тұрған кезде, жанарал Колпаковский бастаған орыс әскері Алматыдан шығып, Тоқмақ қама­­­лын бұзып алды. Қанағатшаһ паруанашы қырық мың әскерімен Верныйға қарай аттанды, солардың ішінде Тайшық, Сыздық, Ахмет сұлтандар да бар еді», – деп баяндайды. Г.Колпаковский әскеріне жеті зеңбіректен тоқтаусыз оқ атқызып, төртінші күні Қанағатшаһтың қолын кері шегіндіреді. Үздіксіз атылған зеңбірек оғынан Қоқан әскері қойдай қырылады. «Бұл шайқас Сыздықтың Ресейдің отар­лау­шы әскеріне қарсы алғашқы ірі шай­қасы болды. Ол 1860 жылдан 1870 жыл­дарға дейін он жыл үздіксіз соғысу ар­қы­лы әкесінің жолын қайталады деуге толық негіз бар. Сыздық отаршылдарға қарсы соғысқа ертебастан араласып, кейін­нен Әулиеатаны қорғауға, Шым­кент, Түр­­­кістан, Ташкент шаһарларын қорғауға қатысты», – дейді Өмір Шы­ныбекұлы.

Қоқан әскері қырық мың қолмен сегіз жүз орыс әскерінен жеңілген осы қанды қырғаннан соң Кенесарының екі ұлы Тайшық пен Ахмет сұлтандар: «Қоқан хандығы ендігі жерде өзін қорғай алатын түрі жоқ, сірә, орыстар жуырда барлық елді басып алатын шығар. Сондықтан Ресей жағына шығайық. Реті келсе қызметіне кірейік, алмаса қоластында тыныш отырайық» деген байламға келеді. Бұл кеңеске келіспеген Сыздық сұлтан: «Ата-бабамыздың ұстаған жолын тастап, орыс жағына шықпаймын. Олар Қоқанды алса, Бұхараға барамын. Егер Бұхараны да алса, кез келген бір мұсылман еліне ба­рармын. Қалай да ата-баба жолынан аумаймын!» деп Түркістанда қалып қояды. Бұл оқиғаны Мағжан ақын Жұма­­­­баев өзінің «Ертегі» атты поэмасында: 

«Қайран Сыздық елден үміт үзеді,

Жап-жас Сыздық елден, үйден безеді.

Жатып өлмей, жортып жүріп өлем деп,

Түркістанның бетпақ шөлін кезеді...», – 

деп суреттейді. Осылайша, 1861 жылы Тайшық пен Ахмет сұлтан өздеріне қараған елді ертіп, Перовскі қаласындағы Дебу генералға бағынышты болады. 1863 жылы екі сұлтанның қызметі жағып, патша әкімшілігі екеуіне зауряд-хорун­­жий лауазымын берді. «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабында: «Зауряд хорунжий – түбі түркі-монғолдық әскери шен, ту ұс­тау­шы деген мағынада қолданылған, зауряд – көзге түскен, еңбегі сіңген деген мағынада қолданылады» деп түсінік бері­­­­ліпті. Патша әскерінің құрамында қыз­­­­­метте жүрген Тайшық сұлтан 1863 жылы найза жарақатынан қайтыс болады. Ал Ахмет сұлтан 1867 жылы Шымкент уезі бастығының кіші көмекшісіне тағайын­­далып, 1887 жылға дейін сол қызметте бол­ды. Ол 1887 жылы қараша айында өмірден өтеді.

Сыздық сұлтанның құрсанған жаудан беті қайтпайтын көзсіз батырлығы, қиян-кескі ұрыс жағдайында шапшаң шешім қабылдайтын алғырлығы секілді айрықша қасиеттері жайында аңызға бергісіз әңгі­­ме де деректер де жиі ұшырасады. Соның бі­рі – 1864 жылы Қоқан билеушісі Әлім­құл молдамен бірге генерал М.Чер­няев­­­тың әскеріне қарсы шайқас. Шым­кенттің күнбатыс жағындағы Ақұбұлақ деген жерде өткен соғыс Ахмет Кенесары­ұлы­­­ның жазбасында былайша баянда­лады: «Орыстар зеңбіректерін картечпен оқтап, мылтықтарын даярлап, бірақ оқ атпай тым жақын келтірді. Ту ұстаған Сыздық сұлтан жігіттерін өзі бастап жүз қадам жер­­ге келгенде орыстар үш жүз мыл­тық­­тан оқ жаудырды. Біріне-бірі тығылып ке­ле жатқан жігіттердің алдыңғылары жаппай құлады, кейінгілері үрейлері ұшып, жерге жата қалды. Он мың адам­ның біреуі басын көтеруге жарамады. Тек Сыздық сұлтан ту ұстаған күйі, солдат­­­тардан жүз қадам жерде, бір сағаттай тік тұрды. Солдаттар оны өршелене атқанда тудың шүберегі шұрқ-шұрқ тесіліп, сау жері қалмаған еді. Бірақ Сыздықты Құдай сақтады. Бір сағаттан кейін Әлімқұл молда адам жіберіп, оны кейін шақырып алды. Сыздық кейін қайтқанда, жер бауырлап жатқан жігіттердің бәрі де бас­тарын көтеріп онымен бірге қайтты». Әри­не, бұл жерде әсірелеп суреттеу де болуы мүмкін. Десе де, Сыздықтың даң­қын аспандатқан ерліктің бірі – осы. 

Хан Кененің жолын қуған көкжал ұлы­ның көзін көргендер де осы бір өзгеше жаратылған тұлғаның болмысын бояма­­­­­сыз баяндап кеткен. Мәселен, «Султаны Кенесары и Сыздык» кітабына алғысөз жазған Е.Смирнов: «Алғашқы көргенде осы ойшыл, келбетті келген сабырлы адам­­ның сахараның ештеңеден тайсал­­­­майтын баскесері атанған, жетпісінші жылдары біздің Түркістандағы алғы шебі­­­­міздегілердің үрейін ұшырған, күтпеген кезде және біздің осалдау жерімізден тап беріп, басқа қазақ, түрікпен топтарына қарағанда қайсар­лықпен, өршелене ша­буыл жасаған партизан, атақты шабандоз Сыздық екеніне нанғың да келмейді», – деп таңғалысын жасырмайды. Ресей пат­ша­­сының тағы бір әскери шенеунігі Н.Пав­­­­­­лов өзінің еңбегінде былай деп жа­­­­­­­зады: «Кенесарының баласы, Абылай ханның шөбересi, Тұрандағы аса iрi тұлғалардың бiрi болып табылатын дала­­ның осынау жаужүрек ұлының бойына бiзге деген өшпендiлiк ана сүтiмен бiрге дарыған едi. Тұран өлкесiндегi Сыздық­тың сирек кездесер оқшау бiр қасиеті – атақ, мансап, қадiр-құрмет iздемегендiгi, ержүрек жауынгер, талмас қажыр иесi екендiгiнде». (Н.Павлов История Тур­­­­­кестана. – Ташкент: Типография при кан­целярии Туркестанскаго Генерал-гу­бернатора, 1910). 

Сонымен, Шымкентті он күндей қор­шап, ала алмаған Черняев әскері қаланы ала алмай кері шегінеді. Үш айдан кейін әс­­керін күшейтіп, қайтып келіп 1864 жы­­лы 21 қыркүйекте қаланы өзіне қаратады. Бұл кезде Сыздық Ташкентте болатын. 

1864 жылы желтоқсан айында болған Иқан шайқасы Сыздық Кенесарыұлының қолбасылық өнерін паш еткен ұлы шай­қас­тың бірі болды. Әулиеата мен Шым­кентті алған соң Ресей патшалығы тұтас Ор­та Азияға өктемдігін жүргізуді көздейді. Оған қарсы көтерілген Қоқан билеушісі Әлімқұл молда мен Сыздық сұлтанның қолы Түркістан қаласының маңындағы Иқан жерінде Есаул Серов әскері мен Орал казактарынан құрылған полкке қарсы қанды қырғын өткізді. Сыздық сұл­тан бастаған қазақ сарбаздары Са­­сықбұлақ деген жерде орыс әскеріне тұт­­қиылдан бірнеше мәрте соққы жасап, үл­кен шығын келтіреді. Шапшаң қимыл­­­дап, қырғидай тиген Сыздықтың қолы Түркістаннан қосымша көмекке шыққан поручик Сукорконың ротасын бөгеп, екі күн бойы үйіріліп соққан дауылдай есін алады. Амалы таусылған орыс әскерінің бас­шылығы алға бір қадам жылжи алмай бекініс жасап, соғысуға мәжбүр болады. Шеп құрап, темір қарудан үздіксіз оқ жау­дырған жауға қарсы қоқан әскері де ба­тып бара алмай уақыт созыла түседі. Сол кезде Сыздық сұлтан Әлімқұл молдаға «Бұл орыстарды бұлайша шабуыл жасап жеңе алмаймыз. Әкем Кенесары хан осын­­­дайда бекініп алған орыстарға ша­­­­­­буыл жасаған­да, шөп­­ті қалың буып, соны тасалана до­­­маталып барушы еді, біз де солай істейік» деп кеңес береді. Сар­­­­баз­дар сұлтанның бұй­рығымен қамыс пен жусанды орып, қалың етіп буып, орыс­­тар­ға қарай до­­малатып келіп, таса­­сынан шыға тап беріп соққы жасайды. Алайда осы ұрыста Сыз­дықтың санына оқ тиіп, жараланады. Мі­ніп жүрген қара ар­ғыма­ғына бес жерден оқ тиіп, майдан дала­сында қалады.

«Насаб наме сұлтан Сыдық» кіта­­бын­да: «Иқан түбегіндегі соғыс Ресейдің Орта Азияны жаулап алу тарихында ерекше орын алады. Бұл жерде 1 обер-офицер, 4 уряд­­ник, 50 оралдық казак-орыс, 1 фельд­­шер, 1 фурштат өлген, жаралан­­ғандар саны – 42. Серовтың жүздігі жол бас­шылыққа алған бір қазақ жігіті де өлген. Сол себепті 1884 жылы соғыстың бол­­ған күні 6 желтоқсанда Сырдария облы­­­сының әскери губернаторы Н.Гроде­ков Иқанда биіктігі алты аршын, жоғарғы жағында креші бар ауыр ескерткіш орнат­қан. Шо­йын тақтаға «1864 жылғы Иқан соғы­­­сын­­да қаза тапқан жауынгерлер рухы­­на деген сөз жазылған. Орыс-казак­тар Түр­­­­­­кістан­ға жерленген», – деп түсінік беріледі.

Бұл соғыста мұсылмандар жағынан да төрт жүз адам шәһид болып, бірнеше жігіт жараланған еді. Әлімқұл молда соғыстан алған олжасымен Ташкенге оралады. Ке­­­лесі жылы генерал Черняев көп әскер­­мен Ташкенді қоршағанда, Әлімқұл мол­даға оқ тиіп қаза табады. Әлімқұлдың орнынан Ташкентке әмірлікке сайланған Сыздық қаланы қорғауға кіріседі. Орыс әскері қатарынан үш күн бойы шабуылдап шаһарды ала алмайды. Бірақ қоқан әскері өз ішінен қожырап, «қоқандық» «таш­­­кент­тік» бо­­лып өзара тонаушы­­лықпен айналысып кетеді. Қоқан әскербасылары билік қазақ сұлтанына өтіп кетеді деп қауіптеніп, Сыз­­дықты өлтірмекші бо­лады. Оны біліп қойған сұлтан сар­баз­­дарын ертіп, Бұ­хараға қарай жол тар­тады. Сыздық кеті­сімен көп ұзамай Чер­няев Ташкентті ба­сып алған болатын. Кене­сарыұлының Орталық Азиядағы орыс әскеріне қарсы жорығы жайында Е.Смир­­нов кейіннен өзінің естелігінде: «Бұхара, Хиуа ханда­­­­­­­­рына соғыс, саясат жөнінен оның қандай абзал ақылшы, үлкен ұлық болғанын, бетімен кеткен, жартылай тағы сахара ш­а­бандоздарының бастарын біріктіріп, қалайша қолында ұстағанын» таңғала жазған болатын.

Айтқандай, Бұхара мен Самарқанға сапарында Сыздық сұлтанға жергілікті халық Назар деген гәлчадан (тау тәжігі) кегімізді қайтарыңыз деген тілегін айта­­­­ды. Сыздық қазіргі Тәжікстан аумағын­­­­дағы Нұрек тауында қамал соғып, қа­рақшы­­лықпен айналысатын Назарды бағын­­­­­дырып, елдің мүлкін қайтаруға көндіреді. Осы оқиғадан кейін Назар батыр өзіне қараған жігіттерімен бірге Сыз­­­­дықтың қо­­­лы­­на қосылып, бірнеше жорықта се­рігіне айналады. «Осыдан бірер жыл бұрын мен Шардара ауданында бір ақсақалға жолы­ғып қалдым. Ол кісі өзі Тобықты руынан екен. Әңгімелесе келе білгенім, Сыздыққа жолдас бол­ған Назар тәжік емес, оның түбі – то­бықты. Дерек­­­­­терде тәжік деп ай­­ты­­лып жүр­­ген қатені тү­зетуіміз керек» де­ген ұсы­ныс айтты. Бұл да зерттеуді қажет ете­ді. Сыз­­­дықтың он жылға тарта со­ғы­сын­­да қасында жүрген қаншама батыр­ла­рымыз бар есімдері аталмай жүрген», – дейді өлкетанушы.

Сыздық сұлтан Самарқанға жақын­­­­да­ғанда орыстардың қаланы алғанын естиді де, Бұхараға бет алған генерал К.Кауфман әскеріне бүйірден келіп тиеді. Осы қақ­­тығыс кезінде Кауфман әскерінен жетпіс адам, Сыздық сұлтанның 100 сарбазы қаза тапқан. Сыздық қолының бір жағына шығуға тиіс Бұхара әскері алды артына қарамай қа­шады. Бұхара әмірі Кауф­манмен бітімге келген соң Сыздық Үрге­­нішке қарай ойы­сады. Осы жолда сұлтан ауырып, Қы­зылқұмдағы Боқан тауында үш ай жатты деген де дерек бар.

1873 жылы көктемде Сыздық генерал Кауфманның әскері Хиуаға келе жатыр деген хабар алады. Оларға Астрахан жақ­тан полковник Ломакин бастаған отряд көмекке келген болатын. Бұл жолы да Хиуа ханы қарсылық көрсете алмай бе­рілген соң, үміті үзілген Сыздық түрік­пен жеріне қарай өтеді. Мерв қаласында аз­даған уақыт тынығып, ес жиған соң тү­рікпен билеушілері Сыздық сұлтанға «әскер қосайық, бізге Чаржоуды (1999 жылы Түркіменабад деп аталды) шауып, бұхарлықтарда кеткен кегімізді әпер» деп қолқа сала бастайды. Сыздық Кене­­­­сары­ұлы мұсылмандарды қырып, күнәсін ар­қа­­лағанша бұл жерден кетейін деп ше­шіп, Ғератқа қарай жолға шығады. Ол жерде үш ай тұрып, Бәлхі, Бәдахшан арқылы жүріп отырып Қашғарға жетеді. Оның билеушісі Жақыпбекті (орыс деректерінде Якуббек) Сыздық жақсы танитын. Ке­зінде Қоқан хандығы қол астында бірге әс­кери қызметте болған бұрыннан біліс, үзеңгілесі. «Қашқар би­­леушісі Жақыпбек Сыздықты хан көтеріп қарсы алады. Бар жағдайын жасап, баласы Бекқұлыбектің әскербасы етіп бекітеді. Бірақ Жақыпбек қайтыс болған­­­нан кейін Қашғардың өзін­де бүлік шы­ғып, Қытай әскеріне қарсы шайқаста алауыздық орын алады. Оның үстіне, Қытаймен арадағы соғыста қолы қатты жарақат алға Сыздық сұлтан амал­сыз кері қайт­қан еді. Інісі Ахмет сұлтанға хат жазып, өзінің соғыстан шаршағанын айта­ды. Сол хатты мен кезінде Шым­кенттегі мұрағаттан тауып оқы­дым», – дейді Өмір Шыныбекұлы.

1877 жылдың күзінде Сыздықтың ха­ты қолына тиген інісі Ахмет сұлтан Ке­неса­­рыұлы генерал-губернатор Кауф­­ман­ға өті­­ніш жолдап, ағасын қолына алады. Ол бұл кезде Шымкент уезді басшысының кіші көмекшісі лауазымында болатын. Кауф­­ман­ның рұқсатымен Сыздықтың қолын емдетіп, Бұхара әмірінің қарама­­ғындағы бала-шағасын алдыртады. Сыз­дыққа кеші­рім беріп, қоныстандырған пат­ша үкіметі өкілі – Сырдария облыстық санақ комите­тінің толық мүшесі Евгений Смирнов өз естелігінде: «Бұл күнде Сыз­дық сұлтан Шым­кент уезінде, Арыс өзе­ні­нің бойында­ғы Қарабұлақ деген сарт қыстағы­ның те­ріскей жағында алты ша­қы­­рымдай жерде, бір кезде бабасы Абы­лай ханның ордасы болған Ханқорған хара­басының (қираған орнының) қасын­­да тұрып жатыр. Сыздық­тың малы бар, қыстауының маңын­да егін салады, қолы бос кездері кітап оқи­ды, намазын қаза қал­дырмайды», – деп жазады. 

Сыздықтың одан кейінгі өмірі жайлы жазбаша дерек жоқтың-қасы. Уикипе­дия – ашық энциклопедиясындағы мәлі­метте ол 1910 жылы қайтыс болды деп көрсетілген.

Кезінде «Жұлдыз» журналында жа­рия­­ланып, жұртшылыққа тараған бір оқи­ға бар. 1884 жылдары шамасында Сыздық Кенесарыұлы Қырғыз еліне барғанда қырғыздар үй тігіп, мал сойып, құрметпен қарсы алады. Сыздық келе жатыр деген хабардан соң қазақ-қыр­ғыз­дың сөз ұстаған адамы жиналғанда, ішін­де Жамбыл Жабаев та болған. «Сонда Сыз­дықтың айтқаны мынау еді деп Жам­был ақын Ғали Ормановқа: «Мен сендер­мен шабысқалы келгем жоқ, табысқалы келдім. Сен де туысқанымсың. Жан ашуы үстінде әкемді өлтірдің деп кінә қояр жа­йым жоқ, жалғыз-ақ тілегім: әкемнің сүйе­­гін бер – аталарыма қосайын, алтын жүзігін бер – қолыма салайын, Сарықасқа ерін бер – астыма мінейін, бұйымтайым осы-ақ еді», – депті. Сол жолы Кенеса­­­­рының алтын жүзігі мен Сарықасқа ерін тауып берген қырғыздар ханның сүйегіне келгенде төменшіктей беріпті. «Он бір жыра» деген жерді білгенмен нақты ор­­­нын көрсететін адам табылмаған. «Қап болмас! – деп отырды да, Сыздық сары­қ­­­ас­қа ердің басын қанжармен қақ айырып шапты да, жіліншік-жіліншік алтын алды. «Әкемді өлтіруін білсеңдер де, ал­­ты­­­нын алуын білмеген екенсіңдер. Оқасы жоқ, бұйырған нәсіп қой!» – деп, қалта­сына салды», – дейді Жамбыл ақын.

Өлкетанушы Өмір Шыныбекұлы Сыз­дық сұлтанның ел мен жерді қорғау­да­ғы алапат ерлігін ескеріп, насихатын жа­сайтын уақыт жеткенін айтады. «Сыз­­дық­тың есімі мектептерге берілсе, Шым­кент пен Түркістан шаһарының біріне ескерт­кіш орнатылса деймін. Бұл шеттен келетін туристерге танымдық орын, өзі­­міз­дің өс­ке­лең ұрпақ үшін баға жетпес мұра болар еді», – дейді ол. 

Азаттық үшін арпалысқан, өз зама­­нында даңқы жайылып, дұшпаны мойын­даған дала көкжалының есімін ұлықтау ұрпақ еншісіндегі үлкен істің бірі болса керек.

Бауыржан БАЗАР