Облыстық филиал Ұлттық кітап палатасымен меморандумға отырып, бүгінде тікелей баспа бағасымен 700-ге жуық кітап келді.
Атырауда «Кітап-AMANAT» мәдени-ағарту орталығы ашылды
965
оқылды

«AMANAT» партиясының отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға, адамдарды оқуға ынталандыруға, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған «Кітап-AMANAT» жобасы аясында «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалында «КІТАП-AMANAT» мәдени-ағарту орталығының ресми түрде ашылу салтанаты өтті.

Тұсаукесерге қоғамдық кеңестің төрағасы Максим Ізбасов, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, қалалық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев, ардагер журналист-жазушылар Өтепберген Әлімгереев, Төлеген Жаңабаев, Атырау облысының құрметті азаматы,  профессор Қадыр Жүсіп, Атырау облыстық аналар кеңесінің төрағасы  Злиха Дүйсекенова, педагогика ғылымдарының докторы Асхат Иманғалиев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  ректоры Саламат Идрисов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт»  фестивалінің лауреаты, ақын  Әлия Дәулетбаева, айтыскер ақын Шалқарбай  және облыстық мәслихат депутаттары мен атыраулық ақын-жазушылар қатысты.

Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударды. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстағы басты бағыттың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Президент халық арасында кітап оқу мәдениетін дамытудың маңыздылығын үнемі айтып келеді.

– «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» демекші,  партияның басшылығымен әр өңірде кітап орталықтары ашылып жатыр. Мақсатымыз – елдегі, өңірдегі ақын-жазушылардың кітаптарын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Облыстық филиал Ұлттық кітап палатасымен меморандумға отырып, бүгінде тікелей баспа бағасымен 700-ге жуық кітап келді. Бұл орталық тек кітап сататын дүкен ғана емес, өңірдің ақын-жазушылары бас қосатын, жаңа кітаптарының тұсаукесері өтетін үлкен орталық болады, - деді ашылу салтанатында «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов.  

Атырау облысының құрметті азаматы, филология ғылымының докторы, профессор, ардагер ұстаз Қадір Жүсіп пен Қоғамдық кеңестің төрағасы, партия ардагері Максим Ізбасов салтанатты түрде лента қиып, іс-шара қонақтары орталықтың жұмысымен танысты. Мұнда балаларға арналған кітаптан бастап отандық және шетелдік жазушылардың туындылары, психологиялық, қаржылық тақырыптағы танымдық кітаптардың барлығы бар. 

– Қазақта «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген бар. Соңғы жылдары халқымыз көп уақыт кітаппен достығын жоғалтып алды. Бүгінгі  «AMANAT» партиясының  бастамасы  ұлттық идеологияға үлкен әсерін тигізетін,  сол өшкенімізді жандырып, жоғалтып алғанымызды қайта қалпына келтіріп жатқан жақсы қадам деп есептейміз, - деді Қоғамдық кеңестің төрағасы, партия ардагері Максим Шапихұлы.

– Бүгін Атырау қаласында «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен ашылған «Кітап-AMANAT» мәдени-ағарту орталығының негізгі мақсаты өңірдегі жастардың, жалпы халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Бұл жерде тек отандық ғана емес, шетелдік классик жазушылардың көркем әдебиеттерін таба аласыз. 

Бұл орталық арқылы өңірдегі жастар өздерінің рухани байлықтарын, кітапқа деген оқу құштарлығын арттырып, әртүрлі өңірлік деңгейдегі ғалымдар мен ақын-жазушылардың кітаптарының тұсаукесерлерін өткізетін мәдени-рухани орталық болмақ. Аймақта ашылған аталған орталық жұмысын университет тарапынан әрқашан қолдайтын боламыз, - деді облыстық мәслихат депутаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры  Саламат Идрисов.

Тұсаукесер салтанатында «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов пен «Қазақстан Жазушылар Одағының» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының директоры Алия Дәулетбаева  өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.