Қазақстан – түрлі-түсті металға бай ел. Тіпті Менделеев кестесіндегі 100-ге жуық элемент те біздің жерде кездесетіні жайлы жиі айтылып жүр.
Сирек кездесетін металды кәдеге жарату үшін стратегиялық жоспар қажет – Мархабат Жайымбетов
1,495
оқылды

Бірақ ашық дереккөздерде елімізде тек 15 кен орны бар екені көрсетілген. Сондықтан осы мәселеге байланысты Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары атынан Мархабат Жайымбетов депутаттық сауал жолдады.

Құрметті Әлихан Асханұлы! Мемлекет басшысы Жолдауында «Жаңа заманның мұнайына» айналған сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыттың бірі болуы керек деді.

Бүгінде сирек кездесетін металдар радиоэлектроника, атом энергетикасы, машина жасау, химия өнеркәсібі, металлургия сынды өнеркәсіптік салаларда пайдаланылады. Осы металл болмаса смартфондар мен автомобильдер, жел турбиналары, тіпті әскери техника секілді басқа да технологиялық құрылғылар болмас еді.

Яғни, Президентіміз айтқандай аталған саланың әлеуетін аша алған елдер келешекте бүкіл әлемнің технологиялық даму бағдарын айқындайтын болады.

Ал, сирек кездесетін металды әлемдегі ірі өндіруші елдің бірі - Қытай болып табылады. Онда бұл металдардың 44 млн тонна қоры бар (2022 жылы 210 мың тонна өндірілген).

Жапонияда, Америка құрама штаттарында және Еуропа одағы елдерінде үкімет сирек кездесетін металдың маңыздылығын түсініп, түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауларын көрсетуде. Мұнымен қоса, Қытайдан басқа елден тасымалдаудың тамаша тізбегін жасап, тіпті бақылау мен қадағалауды да жүзеге асыруда.

Ғаламдық геосаясат күрделене түссе де жер қойнауының сирек өндірісін ғылыми-технологиялық прогресс пен еркін бәсекелестіктің арқасында табиғи жолмен дамытуда. Бұл жолда жаңа технологиялар мен инновациялық тауарлар пайда болып, үлкен компаниялардың қызығушылығын тудыратынын атап өткен жөн.

Бізде Менделеев кестесінің 100-ге жуық элементі анықталған. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, елімізде 15 кен орны бар. Алайда олардың барлығы бірдей зерделенген жоқ.

Сарапшылардың мәліметінше, елде 14-25 млрд тонна техногендік қалдық жинақталған. Ондағы сирек кездесетін металдың құрамы 0,6%-ға жетеді. Бұл кейбір кен орындарымен пара-пар, сондықтан оларды Қазақстан металлургиясының дербес шикізат базасы ретінде қарастыру қажет. Жинақталған техногендік қалдықтардың нақты көлемі туралы ақпарат болмағандықтан, олардың кадастрын жасап, тиімді қайта өңдеу бойынша ұсынымдар беріп, бағалау қажеттігін көрсетеді. Қазіргі уақытта елде жинақталған қалдықтардың 2% ғана қайта өңделеді.

Кеңес одағы ыдырағанша шикізатты кешенді пайдалану көрсеткіштеріне айрықша көңіл бөлінсе, қазір ондай шаралар жоспарланбайды, тіпті бақыланбайды да. Соның салдарынан отандық кәсіпорындарда кенді қайта өңдеудің кешенділігі күрт төмендеді. Соңғы 20 жылда елімізде кәдімгі кендерден бағалы металдарды бөлу бойынша бірде-бір жаңа өндіріс құрылмаған, тіпті бұрын жұмыс істеп тұрған көптеген кәсіпорын жабылған.

Қытайдың жетістігін қайталау үшін сирек кездесетін металдың өмірлік циклінің тұтас тізбегін құру қажет. Егер кен нарығы миллиардтарға бағаланатын болса, онда сирек кездесетін металдың тауарлар нарығы триллиондаған долларға бағаланады.

Осы айтылғандарды негізге алып, AMANAT фракциясы келесі мәселелерді қарастыруды ұсынады:

  1. Сирек кездесетін метал саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған кешенді дамыту мен стратегиялық жоспарын әзірлеп, оны жандандыру. Сондай-ақ инвестиция тарту жоспарын қатар дайындау, инвесторлар ағымын арттыру.
  2.  Қатаң экологиялық стандарттарды енгізу;
  3.  Халықаралық тәжірбиені ескере отырып, кадрлар дайындау мәселесін кешенді қарастыру;
  4.  Технологиялар алмасу үшін сирек кездесетін металды өндіру және қайта өңдеу саласында әлемдік көшбасшылармен әріптестік қатынас орнату;
  5. Геологиялық барлауды, сондай-ақ кәдімгі кендерден бағалы металдарды бөлу жөніндегі өндірісті ынталандыру мақсатында басқа да шаралар қабылдауы қажет. Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз, – деді депутат Мархабат Жайымбетов.

Фото: gov.kz