Акция ұйымдастырушылары – «AMANAT» партиясы мен жергілікті полиция департаменттері.
«Қауіпсіз қоғам»: жолда 8 300 құқық бұзушылық анықталды
994
оқылды

 

Мемлекет басшысы құқықтық тәртіп органдары басшыларымен кездесу барысында елде заңдылықты сақтауды, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін көтеруді қамтамасыз етуді тапсырған. Аталған тапсырманы орындау мақсатында биыл 20 қарашада «Қауіпсіз қоғам» кең ауқымды акциясы бастау алған болатын. Акция ұйымдастырушылары – «AMANAT» партиясы мен жергілікті полиция департаменттері.

Акция басталғалы 374 бірлескен рейдте көшелерде және қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтар, вандализм, мүліктің бүлінуі, қоғамдық орындарды ластау, тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар, ұсақ бұзақылық, сондай-ақ жол қауіпсіздігін бұзу фактілері бойынша 8 300 құқық бұзушылық анықталды.

Мәселен, кеше Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың компьютерлік клубтар мен көңіл көтеру орталықтарында түнгі уақытта жүрмеуіне мониторинг жасалды. Аталған іс-шараға 15-тен астам белсенді мен полиция өкілдері қатысты.

Ақсайлық ерікті Нұрболат Бахитов мониторинг барысында 3 құқық бұзушылық анықталып, азаматтарға 5 ескерту жасалғандығын айтты. Сондай-ақ, ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстауға шақырды.

«Біздің бірлескен жұмыс тек рейдтермен ғана шектелмей, полиция қызметкерлерімен жан-жақты кешенді жұмыс істеудеміз. Мониторинг барысында қаншама құқық бұзушылықтар анықталды. Кеше тұрғын үйлер, мектептердің жанында ашық қалған люктер мен ойын алаңдарының қауіпсіздігіне тексеріс жүргізсек, бүгін түнгі рейдке шықтық. Түнгі рейдтерге шығуымыз бекер емес. Ең алдымен, балалардың қауіпсіздігі – бұл ата-аналардың жауапкершілігі. Сондықтан құрметті ата-аналар, балаларыңызға бас-көз болып, қайда жүргенін қадағаласаңыздар деймін», – деді Нұрболат Бахитов.

Сонымен қатар жол жүрісі қозғалысы мәселесіне бақылау күшейтілді. Жаяу жүргіншілердің рұқсат етілген жерлерден жолды өтуі мен жүргізушілердің дұрыс емес көлік тұрағы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Жол бойына көліктерін қойған жүргізушілерге айыппұл салынып, ескертулер берілді. Осындай Петропавл қаласындағы рейдтердің бірінде 5 құқық бұзушылық анықталды.

Мұнымен қоса, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында да ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау, әйелдердің құқығын қорғау мақсатында халық көп шоғырланатын аумақтарда, базарларда, сауда үйлерінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңының негізгі ережелерін түсіндіріп, ақпарат беруде.

Сондай-ақ, Жастар қанаты еріктілерінің қатысуымен ашық жатқан люктер, электрщиттері мен балалар алаңдары тексерілуде. Мониторингтік топ мүшелері егер көрсетілген бұзушылықтарды көрген болса, соған жауапты құзырлы органдарға хабарласуды сұрайды.

Айта кетейік, акция аясында «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділерімен кешенді жұмыс жүруде. Қоғамда қызу талқыға түскен зорлық-зомбылық пен буллинг тақырыбы бойынша Абай, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары арасында  әлеуметтік сауалнама жүргізілсе, атаулы тақырыпта әлеуметтік эксперимент Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Атырау және Өскемен қалаларында өтті. Сауалнама барысында алимент және оған салынатын айыппұлдар мен жазалардың мөлшері, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі туралы тұрғындардың пікірі тыңдалса, ал эксперимент барысында тұрғындардың аталған мәселелермен қатар балалар арасындағы буллинг бойынша реакциялары тексерілді.