Жиында еліміздегі креатив экономиканың бүгіні мен болашағы талқыланды.
Креатив индустрияны дамыту қоры құрылады – AMANAT
750
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында еліміздегі креатив экономиканың бүгіні мен болашағы талқыланды.

Алқалы жиынға Кеңес мүшелері, Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар қауымы мен сала мамандары қатысты.

Сөз басында Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Нартай Сәрсенғалиев саланы дамытудың мәні мен маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында еліміздегі креатив индустрияны дамытуға қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Президент Қазақстанда бұл сала әлі дамымағанын және креатив индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 1%-ға да жетпейтінін атап өтті. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 12%-ға жетіп отыр. Осыған байланысты, Үкімет Креатив индустрияны дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті. Аталған құжат қаншалықты жүзеге асып жатыр?», – деді Кеңес төрағасы.

Өз кезегінде, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов креатив индустрия мәселелері бойынша заңнамаға бірқатар түзету әзірленгенін және Креатив индустрияны дамыту қорын құру жұмысы қолға алынып жатқанын жеткізді.

«Президент 2021 жылы Креатив индустрияны дамыту қорын құру жөнінде нақты тапсырма берген еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, тиісті инфрақұрылым әзірленді. Бүгінде біз аталған Қорды құруға толық дайынбыз. Оны қаржыландыру көзі пысықталып жатыр. Айта кету қажет, қорға құйылатын қаражаттың басым бөлігі, яғни шамамен 85%-ы бюджеттен бөлінбейді. Сондай-ақ, Қор ведомствоға бағынысты ұйым ретінде құрылғанымен, креатив индустрияны дамыту жұмысымен жеке институт айналысады», – деді вице-министр.

Осы орайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев елімізде креатив экономика саласында жұмыс істейтін азаматтардың басым көпшілігі – Алматы, Астана қалаларының және Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарының тұрғындары екенін атап өтті.

«Экономикалық қызмет түрлерінің бөлінісінде креатив экономикада жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны ІТ, сәулет және сән, өнер, кино, теледидар салаларында байқалады. Жалпы, креатив индустриямен айналысатындардың үштен бірін – кәсіпкерлер құрайды. Олардың саны 30 мыңнан асып жығылады. Біздің тарапымыздан кәсіпкерлік бастаманы қолдаудың бір шарасы – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант беру. Гранттар халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына конкурстық негізде беріледі. Биыл берілген 9 102 гранттың 500-ге жуығы жас кәсіпкерлерге креатив индустрияда жаңа бизнес-идеяны іске асыруға бағытталды», – деді ол.

Бұл ретте, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов аталған саланы дамыту және қолдау мақсатында ведомствоға қарасты цифрлық «Astana Hub» IT-стартаптар технопаркі жұмыс істеп жатқанын алға тартты.

«Astana Hub»-тың басты мақсаты – технологиялық-инновациялық IT-стартаптарды дамыту. Бұл Hub креативті, дарынды жастардың басын қосып, өз қабілет-қарымын танытуына жағдай жасайды. Оларға салық бойынша жеңілдіктері жасалып, коворкинг және кеңселер ұсынылады. Тың идеясы, жаңашыл бастамасы бар, бірақ оны қалай жүзеге асыру керек екенін білмей жүрген азаматтарға қолдау көрсетіледі. Бүгінде «Astana Hub» IT-стартаптар технопаркі 217,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартты. Бұған қоса, технопарк мүшелері 230 млрд теңге сомасын құрайтын IT-тауарлар мен қызметтерді экспорттады», – деді ол.

Ал, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан елімізде қосымша білім берудің ғылыми-техникалық, музыкалық, көркем-эстетикалық және өзге де бағыттары бойынша 1745 мектептен тыс ұйым жұмыс істейтінін, бұл ұйымдарда балалар мектепте алған білімін, дағдысын дамытып, креатив ойлауға үйренетінін жеткізді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін 2027 жылға дейін 100 жаңа ірі нысан салу бойынша жол картасының жобасы әзірленді. Бүгінде Жамбыл, Қостанай облыстарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осындай 6 инновациялық шығармашылық орталық салынды. Бұл орталықтарда балалар ғылыми-техникалық бағыттар, 3D модельдеу, авиамодельдеу, өнеркәсіптік дизайн және тағы басқалар бойынша қосымша білімін арттыруда. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында оқушылардың зерттеу дағдыларын қалыптастыру үшін 3 мыңнан астам робототехника кабинеті ашылып, балаларға арналған робототехника бойынша 847 курс өткізілуде», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, елімізде 54 мыңнан астам оқушыға арналған 39 IT-мектеп жұмыс істейді. Жаңа технологияларды зерделеу, білім алушыларды ғылыми жаңалықтармен таныстыру және олардың математикалық модельдеуді қолдану дағдыларын дамыту мақсатында орта білім беру ұйымдарының оқу бағдарламасына STEAM элементтері енгізіледі. Бүгінде еліміздегі білім ошақтарында 2 мың STEAM-кабинеті жұмыс істеп тұр.

Жиын соңында Кеңес мүшелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныс енгізді.