«Кітап-AMANAT» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында алғаш рет кітап орталығы ашылды.
ШҚО-да бірегей кітап орталығы ашылды
737
оқылды

«Кітап-AMANAT» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында алғаш рет кітап орталығы ашылды. Орталықты ашудағы басты мақсат отандық әдебиетті қолдай отырып, тұрғындардың кітап оқуға деген  қызығушылығын арттырып, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларға қолдау көрсетуді көздейді. 

Орталықтың салтанатты ашылуына «КІТАП-AMANAT» жобасының жанашыры, ақын, Мәдениет қайраткері, «Көк тудың желбірегені» өлеңінің авторы Алмас Ахметбекұлы, өңіріміздің қоғам қайраткерлері, жазушылары, зиялы қауымы өкілдері, танымал заңгер мамандар мен құқықтанушылар қатысты.

Сөз басында «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова  Мемлекет басшысы ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар шығару, кітапханалар ашу ісіне ерекше мән беретінін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанда өткен «Ұлттық құрылтайда» кітап өндірісіне, кітап насихатына назар аударуды, 24 сағат ашық тұратын кітапхана болуын атап өткен болатын. Осы орайда Президент тапсырмасын орындауға, бірден-бір қолдау көрсететін, алға қойған мақсаттарға жетуге кепілдік беретін ең үлкен саяси ұйым «AMANAT» партиясы  «КІТАП-AMANAT» жобасын қолға алып өңірлерден кітап орталықтарын ашуда. Бүгін осындай орталық біздің өңірімізде ашылып отыр», – деді Сайрангүл Жұмаділова. 

Орталық барлық азаматтар үшін қол жетімді, кез келген қала тұрғынына кітап оқуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта аймақтық зиялы қауым өкілдерімен осы орталықта кездесу шараларын өткізу жоспарлануда.

«Мұндай кітап орталығы бұрын-соңды өңірлерде болған жоқ. Партияның руханиятқа көңіл бөліп, оқырмандарға барынша жағдай жасауы қуантарлық дүние. Орталықта қазіргі танымал авторлардың да, бұрынғы классик жазушылардың да еңбектері бар. Дәстүрлі кітапхана ол бөлек, ал мынадай заманауи орталық мүлде басқа», – дейді КІТАП-AMANAT» жобасының жанашыры, ақын, Мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлы.

«КІТАП-AMANAT» жобасы ол – «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» сияқты партиямыз қолға алған аса маңызды ұлттық жоба. «Ауыл аманаты» мен «Жер аманаты» экономикалық салаға бағытталса, «КІТАП-AMANAT» халықтың рухани қуатын жетілдіруді көздейді.