Күнделікті өмірде көліктерді белгіленген тұрақта емес, тротуар, жол жиегі, тіпті ойын алаңдарында тұрғанын көруге болады.
Көлігін жол жиегіне қалдырғандар қанша айыппұл төлейді?
4,290
оқылды

Жүргізушілер бұл қылығымен тек басқа жүргізушілерге ғана емес, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық тудырады. Рұқсат етілмеген жерлерде көлікті қалдыру арқылы олар өрт сөндіру, жедел жәрдем мен құтқарушылар қызметтеріне де кедергі келтіреді.

«AMANAT» партиясы мұрындық болған «Қауіпсіз қоғам» акциясы аясында «Жастар рухы» Жастар қанаты дұрыс емес көлік тұрақтарының алдын алу мен көлік жүргізушілеріне ескерту, профилактикасы ретінде жергілікті полиция департаменттерімен бірлесіп ақпараттық жадынамалар мен буклеттер таратуда. 

Шымкент қаласы патрульдік полиция инспекторы Диас Лесбектің айтуынша, егер аулада немесе рұқсат етілмеген жерлерде көлік байқалса, онда полицияға немесе жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне қоңырау шалу керек. Сол орыннан көлікті суретке немесе бейнеге түсіру артық болмайды дейді:

«Айыппұлдар мен жазаларға қарамастан, қазақстандықтар жол қозғалысы ережелерін бұзуды жалғастыруда. Тұрғындар автокөлік тұрағына көліктерін дұрыс емес орналастырғанын көптеп кездестіріп жатамыз. Мұндай жағдай орын алса полиция қызметкерлері тиісті ескерту айтады. Ал бүгін «Жастар рухы» белсенділерімен бірге құқық бұзушылықтарды анықтап, түсіндірме жұмысын жүргізудеміз. Азаматтарға көлікті дұрыс тұраққа қою, жол ережесі қауіпсіздігін сақтау сынды ережелерді айтып, арнайы жадынамаларды тараттық», – деді ол. 

Жадынамаларды тарату, әдетте, жүргізушілер көліктерін тастап, тұрақ ережелерін бұзатын жерлерде өтті. Сондай-ақ мүгедектер арбасы мен балалары бар ата-аналар мен қарт адамдар өте алмайтындай етіп, тротуарды өз көлігімен жауып тастайтындарға да назар аударылды.

Атаулы іс-шара Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бастау алып, еліміздің басқа да өңірлерінде жалғасын табады.

Іс-шараның мақсаты азаматтарды қозғалыс еркіндігіне құрметпен қараумен қатар, көліктерін дұрыс орындарға тұраққа қоюдың қаншалықты маңызды екендігі туралы хабардар ету дейді ұйымдастырушылар.

Астана қаласының тұрғыны Гүлниса Бақтыбайқызы көлік жүргізушілерінен ауланы тұраққа айналдырмауын сұрайды.

«Біздің тұрғын үй кешенінде күнделікті көретін көріністердің бірі – көліктердің көрінген жерде тұрақтауы. Бұл, ең біріншіден, балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Себебі есік алдында ойнап жүрген балалардың көліктерді байқамай, жазатайым оқиғаларға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ тұрғындардың біріне келген жәдел жердемдердің аулаға кіруіне де кедергісін келтіріп жатқанының талай рет куәгері болдым. Сондықтан жүргізушілерден сұрайтыным – ауланы көлік тұрағына айналдырмаңыздар. Бұл экологияға да өз зиянын тигізеді».

Еске сала кетейік, тұрақ ережелерін бұзғаны үшін айыппұл 5 АЕК немесе 17 250 теңге.

Тротуарларда, гүлзарларда, балалар және спорт алаңдарында тұрақ, сондай-ақ басқа автомобильдердің жүруіне кедергі болған жол бөлігінде тұрақ 10 АЕК немесе 34 500 теңге айыппұл салуды көздейді.

Ақылы тұрақтың құнын төлеуден жалтарған жүргізушіге 3 АЕК немесе 10 350 теңге айыппұл салынады.