Ақпарат ағымымен қоғамның жүгін арқалаған бұқаралық ақпарат өкілдеріне қатысты күні кеше Мәжілісте Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдары заңнамасын қайта қарау туралы тапсырмасын орындау аясында әзірленген «Масс-медиа туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралған еді.
Жанарбек Әшімжан: Журналистердің кәсіби мәртебесін көтеру – қоғам талабы
726
оқылды

Осы орайда «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжаннан аталған заң жобасы жөнінде әңгімелескен едік.

– Жанарбек мырза,  «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша құрылған жұ­мыс тобының жетекшісі ретінде ай­тыңыз­шы, кешегі аталған жаңа заң жур­налистер үшін қандай оңды өзгерістер әкелмек? Бірінші оқылымда қандай мә­селелер қаралды?

 – Күні кеше Мәжіліс депутаттары «Масс-медиа туралы» заң жобасын ілес­пе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұл­дады. Өзіңізге мәлім, қолданыс­тағы «БАҚ туралы» заң 1999 жылы қабылданған. Ішінара ғана өзгертулер болмаса, еліміз­дің журналистер қауымы күні бүгінге дейін осы құжатпен жұмыс істеп келеді. Арада ширек ғасырға жуық уақыт болды. Заман да, қоғам да өзгерді. Қазақ елі де біраз саяси-әлеуметтік өзгерістерді бастан өткерді. Қоғамдық өмірі­мізге жаңа медиа енді. 24 жыл бұ­рын қабылданған бұл құжат енді «Масс медиа туралы» заң деп аталады. Заман өзгеріп, қоғам толассыз дамыған шақта медиа салаға жаңа нормалар қажеттігі айдан анық.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыз­дағы Қазақстан халқына Жолдауында «Мем­лекет ашық ақпараттық кеңістікті, сұранысқа ие және қуатты медианы құруға ерекше назар аударуы тиіс», – деп айрықша атап айтқан болатын. Сон­дық­тан «Масс-медиа туралы» және «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­нама­лық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жоба­лары мемлекеттік мүдде мен қоғамның сұраныстарын және медиа-саланың даму үрдістерін ескере отырып, масс-ме­диа саласындағы заң­наманы жетіл­діруге бағытталған. Құжатта журналис­тердің мәртебесін көтеру, құ­қық­тарын нығайту, сондай-ақ олардың мін­деттерін кеңейту бойынша жағдай жасау қарастырылған. Осы уақыт аралы­ғында жұмыс тобының 100-ден аса мү­шесі 20-дан астам отырыс өткізді. Әзірлеу барысында 200-ден аса толықтыру ен­гізілді. Заң жобасы алғаш рет Мәжі­лістің жалпы отырысында талқыланып, бірін­ші оқылымда мақұлданды. Сала бас­шы­сы министрлік заң жобасын, мемлекет мүддесін, қоғам сұранысын және медиа саласының даму тен­денцияларын ес­кере отырып әзірлегенін атап көрсетті. Оны дайындау барысында Еуропа елдерінің халықаралық тәжі­рибесі, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еу­ропадағы Қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйы­мы­ның стратегиялық құжат­тары жан-жақты зерделенді. Бұл – бір. Екінші, заң журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап, оларға берілуі тиіс жауаптарға нақты мерзім белгіледі.  Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен бесеуге қысқартылды. Бұл шешім ОБСЕ (ЕҚЫҰ) тарапынан да жақсы баға алып үлгерді.

Қазір елімізде ақпарат са­ласының жай-күйі мен журналистердің құқығын бағалайтын жыл сайынғы бірыңғай кешенді құжат жоқ. Осыны ес­кере отырып, отандық медиа саласы­ның жай-күйін бағалау, журналистердің құ­қық­тары мен бостандықтарына мони­торинг жүргізу және заң жобасы аясында тиісті ұсыныстар әзірлеу мақсатында минис­трлік жыл сайын тиісті Ұлттық баяндама әзірлейтін болады. 

– Жалпы, заң жобасында журналис­тердің қауіпсіздігі тұрғысында қандай мә­селелер көтерілді?

– Мәселен, бүгінге дейін қолда­нылып келген қолданыстағы заңда бұ­қа­ралық ақпарат құралдарымен байла­нысты істер бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі көрсетілмеген. Араға жылдар салып, мейлі 10-20 жыл болсын, жур­налистің кәсібіне байланысты құ­қық­тық жауапкер­шілікке тартылып жат­қан мысалдар аз емес. Бұл журналис­тер қауымы арасында  жиі көтеріліп, қо­ғамдық пікір деңгейіне дейін көте­рілген. Тіпті, сол себепті БАҚ мұрағат­тары барлық құжаттар мен ақпарат көздерін жылдар бойы сақтауға мәжбүр. Болашақ заң ақпарат құрал­дарында жа­рия­ланған материалдарға шағым түсіру кезеңіне шек қоймайды. Десе де, БАҚ өкілдерімен ұзақ талқылау барысында, азаматтардың жеке мүліктік емес құ­қық­тарының бұзылуына жол бермес үшін 3 жылдық шектеу мерзімін бекіт­кен дұрыс деп шешілді. Аталған шара, ең алдымен, ұзақ уақыт өткеннен кейін сот қысымына ұшырауы мүмкін журна­лис­тердің құқығын қорғауға ба­ғыт­талған. Бұл да журналис­тердің қауіпсіз­дігі үшін жасалынып жатқан игі шара­ның бірі. 

Ал ілеспе заң жобасы Қазақстан Рес­публикасының жекелеген заңнамалық актілерінің нормаларын негізгі заң жоба­сы­ның ережелеріне сәйкес кел­тіру­ге бағытталған. Осы орайда, Қазақ­стан Рес­публикасының Қылмыстық, Кәсіп­керлік кодекстеріне және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.

– Қасым - Жомарт Тоқаев «Мемле­кеттік тілдің одан әрі дамуын және күн­делікті өмірдегі қолданысын ынталан­дыратын боламыз», – деген еді.  Мемле­кеттік тілдегі контенттерді дамытуға қан­ша­лықты көңіл бөлініп отыр?

– Мәжіліс депутаттары мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға және оның үлесін 50-ден 70 пайызға дейін кезең-кезеңмен ұлғайту арқылы отандық кон­тентті дамытуға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды жариялаған болатын. Осы ретте, сала өкілдерінің пікірін ескере отырып, министрлік кезең-кезеңімен көшуді ұсынды. Депутаттар ұсынған жаңашылдықтар шетелдік теле-радио бағдарламалардың ретран­сляция­сын 20%-дан 10%-ға дейін тө­мен­детуге, сон­дай-ақ өңірлік және балаларға арналған БАҚ-ты қолдаудың бір­қатар стандарт­тарына да қатысты болып отыр. 

Сондай-ақ мемлекеттік тілдегі кон­тент­терді дамытуға, шекаралық аймақ­тар­дағы ақпараттық қауіпсіздікті рет­теуге арналған нақты нормалар қарас­тырыл­ған. Және өңірлік ақпарат құрал­дары мен балалар басылымдарын қолдауға қатысты нақты ұсыныстар беріліп отыр. Нақты мысал ретінде, мем­лекеттік тілде отандық теле-радио­бағдарламалар көлемін елу пайыздан жетпіс пайызға дейін ұлғайту көзделген.

– Енді екінші оқылымға дейін де­путтат­тар қандай мәселелерді талқы­лайтын бо­лады?

– Қазір депутаттар ұсынған түзетулер жұмыс тобының отырыстарында тал­қылануда. Депутаттар екінші оқылымға дейін мына мәселелерді қарастыруды ұсынды: Ақпарат жаршысы, қалам ұс­таған қауымның кәсіби біліктілігін арт­тыруға жағдай жасау, құқығын қор­ғау тетігін күшейту. Журналистің өмірін сақтандыру да заңда көрініс табуы қажет.

Заң жобасы мемлекет пен қоғамның мүддесін және қазіргі медиасаланың даму ерекшеліктерін ескере отырып жасақ­талды.

Жалпы, масс-медиа ұғымы, онлайн-платформалардан басқа, барлық интер­нет-ресурстарды қамтып отыр. Ең бас­тысы, заң жобасы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби мәртебесін көтеру және мемле­кеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешетін болады.

– Қоғамда «Баспасөз картасы» және журналистерді аккредиттеу туралы бапқа қатысты қызу пікірталас болғаны мәлім. Бұл бап қалай шешілді?

– Иә, заң жобасын әзірлеуші орган жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынған. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында үлкен пікірталас тудыр­ды. Қоғам өкілдері мен журналистердің, депутаттар­дың тарапынан қолдау таба алмады. Жұмыс тобының басым көпшілігі бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Мәселе әлі талқылану үстінде. Сондық­тан бұл норма бойынша Мәжілістегі «AMANAT» фрациясының және Қоғамдық палатаның өз ұстаным­дары бар. Осыны ескере келе, сала басшысы Аида Балаева екінші оқылымға дейін заңды депутаттармен талқылай­тынын, заңда ұсынылып отырған баспасөз картасы туралы талап алынып тасталуы мүмкін екенін айтты. Алдағы жұмыс топ­тарында әріптестермен нақты кеңесе келе екінші оқылымға дейін түйткілі көп бұл нормаға қатысты оң ше­шім қабылдаймыз деген үміттемін. 

– Қазақстандағы ресми тіркелген ақ­парат құралдарының 20%-ы ғана мемле­кеттік, қалғаны жекеменшік екені айтылуда.  Алайда олардың басым көпшілігі мемлекеттік тапсырманы орындаумен күн көреді. Жалпы, ақпарат құралдарына бөлінетін қаражат туралы отырыстарда қандай өзекті ойлар айтылды?

– Кеше осы сұраққа қатысты мемле­кеттің ақпараттық тапсырысын тиімді ету үшін қаржыландырудың гранттық жүйесі енгізілетіні айтылды. Ол ең бірін­ші кезекте жобалардың шығарма­шылық әлеуетіне бағытталады. Яғни, 2025 жылдан бастап мемлекеттік емес БАҚ республикалық деңгейде гранттық қаржыландыруға көшеді. Отандық телерадио хабарларын таратуды дамыту мақсатымен спутниктік телерадио ха­бар­­ларын тарату операторлары шығын­дарының бір бөлігі субсидия­ланатын болады. Бұл да өз кезегінде аталған ол­қылықтарды шешуге ықпал болары сөзсіз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Наурызбек САРША