Өмірімізді электрондық қызметтерсіз елестету мүмкін болмай қалды. Бір күн интернеттен ажырап қалған адамның қаншалықты қиналатынын болжаудың өзі қиын.
Кешегі электронды хаттарды бүгін қайталап жіберу керек
Фото habr.com сайтынан алынды
1,863
оқылды

Кеше Gmail пошта сервисінде үлкен кідіріс орын алды. Түсініксіз техникалық себептерге байланысты электрондық хабарламалар бірнеше сағатқа кешігіп жіберілгені туралы gizmodo.com сайты хабарлады. Aikyn.kz Осы материалға сілтеме жасай отырып Google-дің ең танымал электрондық пошта қызметінің бұзылу себептерін түсіндіреді.    

Фото trashbox.ru сайтынан алынды

Gmail поштасын кеше пайдаланып хат-хабар жіберген пайдаланушыларға Google арнайы ескерту таратты. Компанияның айтуынша, Gmail бейсенбіде үлкен кідірістерді бастан өткерген. Электрондық пошталар арқылы жіберілген хабарламалар адресатқа бірнеше сағат кешігіп жеткізілген.

Әрбір минуты бағаланатын заманда 15-20 минуттық кешігудің өзі үлкен салдарларға әкелуі мүмкін екенін ескерсек, бірнеше сағатқа кешіккен хабарламаларды жіберуші де, қабылдаушы да үлкен зияндар шегуі де ықтимал екені түсінікті.

Сондықтан компания Gmail поштасын қолданушыларға кешегі хабарламаларын бүгін қайталап жіберуге кеңес беруде. Бұл хабарламалар 30 қараша күнгі Астана уақыты бойынша сағат 22.30 бен 1.00 (1 желтоқсан) аралығында жіберілген болса ғана қайталау қажет етіледі.

«Жаңа электрондық хаттар әдетте ешқандай қиындық тудырмауы керек. Ескі электрондық хабарлар да автоматты түрде қайта жіберіледі және келесі бірнеше сағат ішінде жеткізілуі тиіс, – делінген Google-дің бүгін түстен кейін таратқан мәлімдемесінде. 

Фото Shutterstock сайтынан алынды. Авторы: Jarretera

Дүниежүзінде шамамен 1,8 миллиард Gmail пайдаланушысы бар, олар сағат сайын миллиардтаған электрондық хат жібереді. Google туындаған техникалық проблеманы бейсенбі күні Нью -Йорк уақыты бойынша 11:30-да хабарлады:

«Осы проблемаға ұшыраған тұтынушылар электрондық хаттарды жіберуде кідіріске ұшырауы мүмкін». Техникалық ақаулық Америкада түнгі сағат 14-ке дейін сақталған.

Бұл техникалық қателік жаңадан жіберілген электрондық хаттарға қатысы жоқ екені айтылды. Бірақ ескі электрондық хабарламалар адресатқа бірнеше сағат кешігіп жетуі мүмкін. Сондықтан компания Gmail тұтынушыларына проблема туындаған аралықта жіберілген электрондық хаттарын қайта жіберуді ұсынған.

Фото exabytes.my сайтынан алынды

Астана уақыты бойынша таңғы сағат 4-те (Нью-Йоркте – 17.00) Google көптеген пайдаланушылар үшін электрондық поштаны кешіктіру мәселесі шешілгенін жазды. Компания оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүргізіп жатыр және жақын арада сараптамасын жариялайды. 

Gmail поштасына байланысты тағы бір маңызды ақпарат бар. Бүгін соңғы 2 жылда қолданылмаған Gmail пошталарын Google біржола өшіруді бастайды. Сондықтан Gmail-де электрондық адрестеріңіз болса сол пошталарыңызға кіріп, бірнеше хат-хабар жіберіп қоюға кеңес береміз. Сонда ғана ол адресіңіз өшірілмей сақталып қалады.