Ақтөбе қаласында 35 жастағы әйел мен оның ұлының өліміне қатысты сот отырысы өтті.
Тергеу кезінде суицид жасаған: Ақтөбеде айыпталушысыз сот отырысы өтті
579
оқылды

Бұл сот процесінің бір өзгешелігі – айыпталушы жоқ, күдікті тергеу шаралары барысында абақтыда жатып өзіне қол салған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

КТК арнасының жазуынша, марқұмның туыстары оның мұндай ауыр қылмыс жасағанына сенбейді. Сондықтан өзі бұл өмірде жоқ болса да, соттың өтуін талап етіп, ақталуын сұрап отыр.

Сотталушысы жоқ сот отырысының соңғы рет қашан өткенін заңгерлердің өзі білмейді. Бұл бір ерекше процесс деп бағалап отыр бәрі. Өйткені екі адамды өлтірді деп айыпталған 23 жастағы жігіт тергеу кезінде абақтыда асылып өлген. Ал марқұмның ата-анасы жалғыз ұлының жауыздыққа барғанына сенбей, екі адвокат жалдап, соттың болғанын талап еткен. Қайтыс болған сотталушыға тағылған айып ауыр.

Прокурорлар оны 35 жастағы келіншек пен оның ұлын пышақтап өлтірді деп отыр. Ол осыдан сегіз ай бұрын екінші қабаттағы пәтерге балкон арқылы кіріп ұйықтап жатқандарға пышақ сұққан. Қансырап жатқан 13 жастағы қыз бала құтқарушыларға хабарласып көмек сұрайды. Бүтін отбасындағы тек сол жасөспірім ғана аман қалды.

"Айыпталушы төрт банкі сыра ішіп, ақша табу үшін қарақшылыққа бармақшы болған. 29 наурыз күні түнде Жеңіс даңғылындағы үйдің балконы ашық пәтерді көреді. Газ құбыры арқылы өрмелеп, үш адам, яғни 35 жастағы анасы мен оның 16 жастағы ұлы, 13 жасар қызы ұйықтап жатқан пәтерге кіреді. Оянып кеткен әйелді алдымен пышақтап, артынша ұлына да пышақ сұғады. 13 жасар қыздан «үйде тағы басқа адам бар ма» деп сұрап, одан соң бес рет пышақ салып, оқиға орнынан қашып кеткен", – деді Ақтөбе облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Нұрбек Ілиясов.

Алғашқы сот отырысында марқұм сотталушының адвокаттары істі қайта тергеуге жолдауды сұрады. Бірақ жәбірленуші тарап оған қарсы. Себебі асылып өлген 23 жастағы жігіттің кінәлі екеніне сенімді. Қылмыс болған пәтерден оның қан іздері табылған.

"Қайта тергеуге жіберудің қажеті жоқ. Біз оған келіспейміз. Себебі София оны дауысынан, сыртқы кескінінен таныды. Қаны пәтерден, аяқкиімдерден табылды. Ол қылмысқа бармаған болса, оның қаны пәтерден қалай табылады?" – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Евгения Кайрис.

Сот жалғасатын болады. Сегіз ай бұрынғы қанды қылмыс кезінде аман қалған қыз бала қазір әжесінің қолында. Ол да сотқа қатысты. Қасында нағашы әпкесі мен психолог, мұғалімі, қорғаушысы бар. Ал қайтыс болған ұлының ақталуын сұраған сотталушының анасы сотқа денсаулығына байланысты онлайн қатысып жатыр.