БАҚ өкілдері марқұм Салтанат Нүкенованың өлімінің ресми себебін нақтылап сұрады.
Бас прокуратура Бишімбаев пен оның туысына қатысты мәлімдеме жасады
фото: Болат Шайхинов
8,604
оқылды

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев күдікті Қуандық Бишімбаевтың ұсталған туысы туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

«Оның туысқандығын мен нақты айта алмаймын. Оның ағасы ма, інісі ме деген ақпаратты қазір бере алмаймын. Бірақ туысқаны екені нақты. Сол күні, оқиға кезінде қасында болған. Бірақ осы ауыр қылмыстың жасалғаны туралы полиция органдарына хабарламаған. Ол туралы Қылмыстық кодекстің жеке бабы бар. Тіпті, қылмысты жасыруға тырысқан», – деді ол.

БАҚ өкілдері марқұм Салтанат Нүкенованың өлімінің ресми себебін нақтылап сұрады.

«Бұл қылмыстық іс бойынша қазір барлық тиісті сараптамалар тағайындалды. Бүкіл ақпарат сіздерге берілді ғой. Енді марқұмның өліміне алып келген бұл, әрине, Қ.Бишімбаевтың іс-әрекеті екені, заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесі екені сөзсіз. Қылмыстық істі тергеу нәтижесі бойынша сараптамалар дайындалғаннан кейін тергеу органдары қосымша хабарлайды», – деді Бас прокурордың орынбасары.

Сондай-ақ ол күдіктінің әуелде тергеу органдарына жауап беруден үзілді-кесілді бас тартқаны туралы мәліметке пікір білдірді.

«Тергеу органдары бірінші күні осы қылмысқа кінәлі Қ.Бишімбаев өзінің құқықтарын пайдалана отырып, қандай да бір мағлұматтар беруден бас тартып отырғанын айтқанын білесіздер. Бұл бірінші күндері солай болған. Бірақ қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Басқа да нақты деректер айтылған болса, оны  сұрату керек», – деді Жандос Өмірәлиев.

Қуандық Бишімбаевқа асқан қатыгездікпен кісі өлтірді деген айып тағылып отырғаны да айтылып өтті.

«Бишімбаевтың үстінен асқан қатыгездікпен кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын білесіздер. Сондай-ақ ол ұсталған болатын және оның туысқаны аталған қылмысты бүркемелеп, полицияға хабарламағаны үшін изоляторға алынды», – деді құзырлы орган өкілі.