Депутат «ҚР мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» қайта қарастыруды ұсынды.
Өз елімізде мәдениет өгейдің күнін кешуде – Абзал Құспан
776
оқылды

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елдегі мәдениетіміздің жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.

Осы жылдың сәуір айында сол кездегі вице-премьер атына бір емес, 12 депутат атынан депутаттық сауал жолдап, елдегі мәдениетіміздің жай-күйіне алаңдаушылық білдірген едік. Онда қазақтың дәстүрлі мәдениетіне қатысты қалыптасқан жағдайға тоқталып, қазақ Үкіметінің өз елінің ұлттық мәдениеті мен өзге елдің мәдениетіне қаражат бөлудегі, салыстыруға да келмейтін әділетсіздік туралы нақты мәліметтерді келтіре отырып, осы келеңсіз тәжірибені өзгертуді, биылғы жылдың басында Премьер-Министрмен бекітілген мәдениетті дамытудың 6 жылдық концепциясын қайта қарастыру қажеттігін көтеріп едік.  Өкінішке қарай, ол сауалымызға өте формальды жауап алдық. Ал біз көтерген концептуалды бірде-бір сұраққа жауап жоқ! Қазір сол жауаптың авторы Көлгінов те, дайындаушы министр Оралов та қызметте жоқ. Сондықтан осы мәселеге қайта оралуды қажет деп таптым.

6 жылдық концепцияда да, ұлттық заңнамамызда да, қазақ халқының ұлттық, дәстүрлі өнері мен мәдениетіне қатысты мәселе құқықтық тұрғыда реттелмеген. Менталитеті өзімізге жақын Орта Азия, Моңғолия елдерінің мәдениетке қатысты заңнамаларын зерттеп-зерделей келе, өз мәдениетін өз елінде өгейдің күнін кештірген жалғыз елміз деген қорытындыға келдім. Бюджеттен жаңадан қаражат бөлдіру мәселесін емес, мемлекеттік бюджетте қарастырылған қаражаттың әділ бөлінуін сұрап отырмын. Бір сөзбен айтқанда,  «ҚР мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» қайта қарастыру керек.

Егер қазақ мәдениетін дамыту мәселесі бойынша ұзақ жылдарға негізделген ұлттық концепция жасақтасақ, тиісті заңнаманы да сол концепцияға сай қабылдап, қалыптасқан келеңсіз тәжірибені де өзгертуге жол ашылар еді. Және ол мәселе тек министрлік шенеуніктері тарабынан емес, міндетті түрде еліміздің мәдениеттану саласына қатысы бар ғалымдардың қатысуымен қаралса екен. Жалпы, осы мәселе бойынша елімізге белгілі мәдениет, әдебиет, өнер қайраткерлері мен ғалымдарымыздың қатысуымен кеңес өткізіп барып, түпкілікті шешім қабылдау қажет деп есептеймін, дейді Мәжіліс депутаты.