Жаңа заң жобасына сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы арнайы норма енгізілді.
Оқушыларға сабақ үстінде телефон қарауға тыйым салынбақ
2,429
оқылды

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Ұстаздармен болған кездесулерде түскен тағы бір мәселе оқушылардың сабақ үстінде телефон пайдалануына қатысты. Телефонға тыйым салуға заңнамада нақты шектеу жоқ. Осыған орай, жобаға сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы арнайы норма да енгізілді», – деді депутат Асхат Аймағамбетов.

Мәжіліс депутатының пікірінше, оқу барысында бала сабақ оқуы керек. Себебі телефон бұл процеске кедергі келтіреді.

«Біздің ұсынып отырған нормамыз тек сабақ кезінде ғана шектеуге арналған. Ал баланың үзілісте пайдалануына шектеу болмайды. Сабақ кезінде бала әлеуметтік желілерді қарап отырғаны дұрыс емес. Егер мұғалімнің сабақ жоспарында кейбір қосымшаларды пайдалану қажет болса, онда сабақ кезінде инновациялық технологиялар мақсатында смартфонды қолдануға рұқсат етіледі. Атап айтқанда, жалпы мектепте пайдалануға шектеу қарастырылмаған», – деді депутат.