Мал жаюға арналған жердің тапшылығы – аграрлық саладағы маңызды мәселе.
«AMANAT»: отандық фермерлер тар жол, тайғақ кешуде
1,220
оқылды

Соған байланысты Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары атынан Мархабат Жайымбетов Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады.  

Пленарлық отырыста сөз алған депутат Мархабат Жайымбетұлы:

«Құрметті Серік Мақашұлы! Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары жемшөптен бастап эпизоотиялық жағдайлар, субсидиялау нормативтердің дұрыс еместігінен, жайылым жерлердің болмауынан, басқа да қордаланған мәселелердің толассыз өсуіне байланысты отандық фермерлер тар жол, тайғақ кешуде. Шаруалар аталған мәселелердің бір бөлігі ауа райының салдары мен форс-мажорлық жағдайларға байланысты десе, ал екінші бөлігі Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізетін тиімсіз саясаттың кесірі дейді. Мал жаюға арналған жердің тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті м­ә­селеге айналды. Алайда бүгінде  Мәжілісте жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша заңдарға тиісті түзетулер мен ережелер бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ «Жер аманаты» жобасы ауыл шаруашылығы жерлерінің қолжетімділігін арттыруда, «AMANAT» партиясының арқасында жыл басынан бері мемлекетке пайдаланылмаған 8 млн гектардан астам жер қайтарылды. Фермерлер үшін келесі өзекті мәселе – ережелердің жиі өзгеруі. Әрбір тағайындалған жаңа Ауыл шаруашылығы министрі субсидиялау ережелерін өз қалауынша өзгертеді. Бұл шаруаларға өздерінің жоспарлау кезінде ұзақмерзімді жобаларын іске асыруға мүмкіндік бермейді. Олардың тірлігіне қағазбастылық та тұсау болуда», – деді.

Оған қоса, отырыста аграрлық саладағы өзекті мәселенің бірі  шаруашылықты субсидиялау мәселесі де талқыланды.

«Оның үстіне, қарапайым шаруаларды бюджет қаражатының болмауына байланысты субсидиялар бойынша төлемдердің кешігуі алқымынан қысып тұр. Оған дәлел, өткен жылы нормативтік құжаттарға түзетулер енгізілген соң субсидия бойынша қордаланған мәселені шешіп береміз деп  шаруаларға уәде берілген. Алайда қабылданған құжат күткен нәтиже бермеген, яғни мәселе шешілмеген. Анығырақ айтсақ, баяғы жартас сол жартас күйінше қалған. Мәселен, осы жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 107,6 млрд  теңге бөлінсе, соның 32,4 млрд теңгесі 2022 жылғы қарыздарды жабуға бағытталған.

Негізі шаруаларға 2022 жылы субсидия бойынша 156 млрд теңгеден астам қаражат қажет болған. Алайда уәкілетті орган шамамен 124 млрд теңге бөлген.

Яғни, былтырғы шаруалардың қарыздары жабылмағанын біле тұра, 2023 жылы бюджет қаражатын 30%-ға аз бөліп тұр.

Осы күні аграрлық саясат ақсап, асқан ұқыптылықты қажет етіп тұр. Өйткені осы сала азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Бұл жерде бір нәрсені қаперге алу керек. Аграрлық-өнеркәсіптік кешенді қаржыландыруды ұлғайту мәселесінде министрлік салғырттық танытса, субсидиялар бойынша қарыздар 2-3 жылға созылып кетеді»,  –  деді «AMANAT» партиясы депутаттары атынан сөз алған депутат М.Жайымбетов.

Осыған байланысты «AMANAT» партиясы депутаттары төмендегідей нақты ұсыныстарды берді:

1. Фермерлер алдындағы қарыздарды жабу жөнінде жедел тиісті кешенді шаралар қабылдау;

2. Алдағы жылдары фермерлерді субсидиялау қажеттіліктерін жабуға қаражат механизимдерін оңтайландыру;

3. Елдегі ауыл шаруашылығындағы субсидияларға толық ревизия жасап, бір жүйеге келтіруіміз қажет.

 

Фото: parlam.kz