Биылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енгені белгілі. Оның шеңберінде елімізде Еңбек мобильділігі орталықтары құрылды, ал халықты Жұмыспен қамту орталығы, Мансап орталығы болып қайта құрылған болатын. Біз облыс орталығындағы Еңбек мобильділігі орталығында болып, атқарылған жұмыстар туралы сұрап білдік.
Мобильді орталықтардың мақсаты айқын
594
оқылды

«Жаңадан құрылған Еңбек мо­биль­ділігі орталықтарының негіз­гі қызметі – жұмыс күшіне сұ­ра­­ныс пен ұсынысты талдау, бол­­жау негізінде, өңірдің еңбек ресурстары тең­герімін қамта­масыз ету, өңірлік жұ­мыс­пен қамту карталарын әзір­леу және олар­ды жергілікті жерлерде іске асы­ру, жұмыс­пен қам­тудың барлық мемлекеттік бағ­дар­ламалар мен жеке бастамалар шең­­берін­де ашылатын жұ­мыс орын­дарының құрылуына мони­торинг жасау, жұ­мыс іздеуші ретінде жү­гінген және жұ­мыссыз адамдарды тіркеу, ха­лық­ты, жергілікті атқарушы орган­дар­­­­ды және уәкілетті мемлекеттік ор­­ган­ды өңірлік еңбек нарығы­ның жай-күйі туралы хабардар ету», – деген еді Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов.

Иә, БҚО-ғы Еңбек мобильді орталы­ғы да осы жоғарыда аталған талаптар бойынша жұмыс істеп жатыр. Орталық директоры бүгінге дейін Мансап орта­лық­­тарына 41 мыңнан астам адам келгенін, оның ішінде 25 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шаралары­мен қамтылғанын атап өтті.

Мансап орталығына келіп жұмыс тапқан жандардың бірі – Гүлнар Мырза­­шева. Ол кісі «Күміс жас» бағдар­ла­­масы арқылы балабақшаға тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа орналасыпты. 

– 2021 жылы Казталов ауданынан көшіп келдім. 2023 жылдың ақпан айын­да мансап орталығына келдім. Сосын мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркелдім. Мені екі-үш жерге жұмысқа жіберді. Бірақ денсаулығыма байланыс­ты бас тарттым. Көп баламен жұмыс іс­тей алмаймын. Сосын баласы аз бала­бақ­шаға сұрандым. Кейін мені «Күміс жас» жоба­сы аясында жеке балабақшаға жұмысқа жіберді. Қазір ерекше балалар орталы­ғында тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеймін. Жұмысым ұнайды. Ол жерде 30 бала тәрбиеленеді. Еңбекақым­ды ай сайын алып отырмын әрі мемле­­кеттен 70 пайыз субсидия түседі, – дейді Гүлнар Мырзашева. 

Орталық директорының айтуынша, облыста Гүлнар секілді жасы 50-ден ас­қан адамдарды «Күміс жас» бағдар­ла­масы арқылы жұмысқа орналастыру шаралары белсенді жүріп жатыр. 

– Бізде субсидияланатын жұмыс орындары бар. Бұған әлеуметтік жұмыс орын­дары жатады. Жұмыс берушінің қой­ған жалақысының 35 пайызын суб­си­диялайтын жұмыс орны бар. Мұндай кезде азаматтар жұмысқа бір жыл мер­зім­ге жолданады. Бұдан бөлек, «Күміс жас» жобасы 50-ден асқан азаматтардың жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жобада жұмыс берушінің қойған жалақысын үш жыл бойына субсидиялайды. Бірінші жылы 70 пайыз, екінші жылы 65 пайыз, үшінші жылы 60 пайызын субсидиялайды. Бұл зейнет алды жасындағы азамтарымыз үшін тап­тырмас мүмкіндік. Кейін сол жерде зейнетке шыққанша тұрақты жұмыс істеп қалады, – дейді Еңбек мобильділігі орта­лығының директоры Аэлита Абул­хаирова. 

Ашылғанына көп бола қоймаған Мансап орталықтары арқылы бүгінде 25 мыңнан астам адам жұмыспен қамту­дың белсенді шараларымен қамтылған. Еңбек мобильді орталығы­ның директо­ры Аэлита Абулхаирова орталық қызметі туралы қысқаша баяндап берді. 

«Мансап орталықтары еңбек нары­ғын­дағы барлық сұранысқа ие маман­дықтарды зерделеу, болжау қандай да бір ұсыныстарды енгізу бағытында жұмыс­тарын атқарып жатыр. Сонымен қатар жұ­мыссыз азаматтарды жұмысқа тартуды да белсенді жүргіземіз. Биылғы жылғы үлкен өзгерістердің бірі Жастар тәжіри­бесі бағдарламасына қатысудың мерзімі өзгерді. Қазір жасы 35-ке дейінгі жастар «Жастар практикасына» қатыса алады. «Алғашқы жұмыс» орны бағдарламасы бар. Бұл өзі аты айтып тұрғанындай жас­тары­мызға ең алғашқы тәжірибе жинау мақсатындағы берілетін мүмкіндік. Бұл бағдарлама бойынша жастар жұмысқа бір жыл жарымға жолданады. Бағдар­ламаға тек жасы 35 жастан аспаған жас­тар қатысады. Ешқандай жұмыс тәжіри­бесі болмауы керек. Қазір 15 мыңнан астам жұмыссыз азамат бар», – дейді ол.

Еңбек мобильді орталығы негізінен еңбек нарығын зерттеумен айналысады. Нарыққа қажетті мамандықтар тізімі жасақталады. Мәселен, БҚО бойынша бүгінде білім, медицина, энергетика, қыз­­­мет көрсету салаларында қажетті ма­ман­дар тапшы. Бұдан бөлек, ірі комания­ларда жұмысшы күші жетіспейді. Ман­сап орталықтары еңбек нарығына қа­жет­ті мамандарды жұмыс берушінің сұраныса сай қысқа мерзімді курстарға да жіберіп отырады. 

– Жұмыс берушінің сұранысына сәйкес, қысқамерзімді кәсіптік оқыту­ларға мамандар жібереміз. Яғни, жұмыс берушінің сұраған мамандық иесін қысқамерзімді курстар арқылы оқыта­­мыз. Ол кезде мемлекет тарапынан оқи­тын адамның шәкіртақысы, жол жүру ақысы, пәтер жалдау ақысы түгел төле­неді, – дейді Еңбек мобильді орталы­ғының директоры Аэлита Ғұмарқызы. 

Еңбек мобилділігі орталығы күні кеше ғана облыс орталығында кең кө­лем­ді бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеде 800-ден астам бос орындар ұсынылған. 

– БҚО-да медицина, энергетика, білім саласында мамандар тапшы. Жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары. Жәрмеңкеде 800-ден астам бос жұмыс орындар ұсынылды. Барлығы 60 астам жұмыс беруші қатысып отыр. Қазір бұл жерде облыстағы ең ірі кәсіпорындар, білім беру, медицина ұйымдары, шетел­дік компанияның өкілдері бәрі бар, – деп атап өтті Аэлита Абулхаирова. 

 Жәрмеңкеге кәсібін енді бастаған жас кәсіпкерлер де тартылған. Бұл жас кәсіпкерлердің барлығы да – мемлекет­тен қайтарымсыз грант алып кәсібін бастағандар.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы