Қор президенті Ақтоты Райымқұлова ұйым Түркі әлеміндегі ортақ этникалық, мәдени және тарихи байланыстарды одан әрі тереңдету мақсатында белсенді түрде жұмыс істейтінін атап өтті.
Ақтоты Райымқұлова Бакудегі Мәдениет және креатив индустриялар форумына қатысты

Күні кеше Бакуде Гейдар Әлиев орталығында Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі ұйымдастырған «Шығармашылық апта» аясында Мәдениет және креатив индустриялар форумының ашылу салтанаты өтті.

Форум аясында қатысушылар кино, анимация, музыка, мәдениет саласындағы стартаптар, ойын технологиялары, сән, дизайн, сондай-ақ креативті кеңістіктер мен аймақтар сияқты кластерлерді қамтитын «Мәдениет және креатив индустриялар көрмесімен» (MY EXPO 2023) танысты.

Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова форумның «Мәдениет пен креатив индустриялардың экожүйесін дамыту: халықаралық перспектива» тақырыбындағы панельдік сессиясына қатысты.

Ақтоты Райымқұлова аталған форум Әзербайжандағы ұйымның президенті ретінде қатысқан алғашқы ресми іс-шара болғанын атап өтті. Ол Түркі мемлекеттерінің басшыларына, соның ішінде Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев мырзаға Қордың президенті лауазымына тағайындау кезінде көрсеткен сенімі үшін алғысын білдірді.

Қор Президенті қазіргі цифрлық дәуірдегі мәдениет пен креативті салалардың маңызды рөлін атап өтті. Ол жаһандану мен мәдени интеграцияны жүзеге асыруда әр халықтың бірегей материалдық және рухани құндылықтарын құрметтеу арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Ақтоты Райымқұлова өзі басқаратын ұйым мәдениетаралық диалогты дамытуға үлес қосатынын, сондай-ақ түркітілдес халықтар арасындағы қарым-қатынас пен өзара түсіністік үшін платформа болып табылатынын хабарлады.

Іс-шарада Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Әділ Керімли, Әзербайжан Республикасы Экономика министрінің бірінші орынбасары Эльнур Әлиев және басқа да лауазымды тұлғалар сөз сөйледі.

Айта кеткен жөн, жоба Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің 2022 жылғы 22 шілдедегі өкімімен бекітілген «Әзербайжан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын» іске асыру негізінде жүзеге асырылып отыр.