Онда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін мәселелер талқыланды.
«AMANAT»: мәслихат депутаттарының бірінші облыстық форумы өтті
606
оқылды

Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен орынбасарлары, басқарма басшылары мен қалалар мен аудандардан келген мәслихат депутаттары, партия белсенділері мен ардагерлері қатысты. Депутаттар мен билік өкілдерінің арасындағы сындарлы диалог барысында облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін мәселелер талқыланды.

Жиында сөз алған аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жергілікті билік өкілдері мен қоян-қолтық жұмыс жасап, «Халықпен бірге!» атты Сайлауалды бағдарламасын өңірлік Жол картасының сапалы орындалуына атсалысу қажеттігін жеткізді.

– Партия жұмысының тағы бір маңызды саласы ол партиялық жобалардың жүзеге асырылуы. Бүгінгі күні партияның халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 15-тен аса жобалары бар. Тіпті, «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларын Мемлекет басшысы өз Жолдауында ерекше атап өткен болатын. Міне осы жобаларды іске асыру, оны халық арасында түсіндіру, оның игілігін әрбір сайлаушыға жеткізуде депутаттар алдыңғы қатарда болуы қажет.

Шын мәнінде, біз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып бірлесіп жұмыс атқаруымыз қажет. Яғни, келісіп пішкен тонның келте болмайтыны секілді тығыз байланыс қана жұмысымызды жүйелендіріп, бастамаларымыз нәтижелі етеді. 

Сонда ғана Мемлекет басшысының реформаларын бірлесіп, табанды түрде жүзеге асырамыз. Туған өлкеміз, киелі жеріміз дамиды, халқымыздың тұрмыстық табысы артады. Осы бағытта Сіздер барлық күш-жігерлеріңізді, тәжірибелеріңізді жұмсайды деп ойлаймын, – деді аймақ басшысы Ербол Шырақбайұлы.

Ал, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов барлық деңгейдегі фракция мүшелерінің алдына бірқатар міндеттерді жүктеді. Ол ең алдымен, Жол картасындағы көрсеткіштердің сапалы орындалуына партиялық, қоғамдық бақылау орнату, мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, филиал төрағасы фракция жұмыстарын жетілдіру бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.

– Өңірдегі депутаттардың 70%-ы біздің партиямыздың мүшелері. Бүгінгі басқосуымызға барлығы дерлік қатысуда. Бұл – өте үлкен күш. «Аманаттықтар» жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің өзегін құрап, көшін бастап келеді.

Мәслихаттардың рөлі мен мәртебесі айтарлықтай өзгерді. Мажоритарлы жүйемен өткен сайлауда халық өз таңдауын жасап, мәслихат құрамына халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдері сайланып, барлық тарап қамтылды. Сайлаудан бері 8 ай уақыт өтті. Осы мерзімде біздің депутаттар бірқатар тынымды тірліктер атқарып, халықпен бірге болды, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Сонымен қатар форумда облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева сөз сөйледі. Ол тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған аймақтағы өзгерістер туралы айтты.

Айтулы жиында мәслихат депутаттары облыс әкімі орынбасаларының және бейінді басқарма басшыларының қатысуымен панельдік секцияларға қатысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров “Экономика, әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, транспорт, энергетика, цифрландыру мәселелер” тақырыбында депутаттармен секция өткізді.

Еркін форматта өткен форумның екінші бөлімінде өңірдегі өзекті мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, оның шешу жолдары да қарастырылып, ұсыныс-пікірлер назарға алынды. Мәселен, мектептерге кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларын қайтару, аудандардағы білім бөлімдерін жергілікті әкімдікке қайтару сынды ұтымды ұсыныстар айтылды.

Тілге тиек ете кетерлік жайт, өңірдегі білім ошақтарындағы медбикелер 0,5 бірлікпен жұмыс жасайды екен. Сондықтан олар мектептерде тек түске дейінгі ауысымға ғана қызмет көрсетеді. Ал, түстен кейінгі ауысым оқушылары медициналық қызметкерлердің назарынан тыс қалып кетуде. Бұл мәселелер облыс басшылығына жеткізілді. Ол бойынша алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Сондай-ақ, панельдік секцияларда ауыл шаруашылығы туралы мәселелер де кеңінен талқыланды. Оның ішінде, шаруаларды алаңдатып отырған ағын су. Бұл бойынша аймақта 236 канал мен 13 су қоймасы коммуналдық меншікке алынып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан өзге, білім, мәдениет және жастарға қатысты өзекті проблемалар көтеріліп, шешу жолдары жергілікті атқарушы орган мен депутаттар арасында қызу талқыланды.