Түркістан облысы жергілікті бюджетке түсетін түсімдер бойын­ша Республикада 2 орынға шығып отыр.
Түлеген Түркістан: Теңге. Түсім. Табыс
1,690
оқылды

Биылғы 1 қа­зан­дағы мәлімет бойынша өңір бюджетіне 123,5 млрд теңге кө­­лемінде кіріс түсіп, жоспар 106,7%-ға немесе 7,8 млрд тең­геге асыра орындалған. Был­тырғы ұқсас кезеңмен са­лыс­тырғанда түсім көлемі 8,3 млрд теңгеге артып, өсу қар­қыны 7,2%-ды құрап отыр. 

Бұл түсім қалай түзілді?

Бірінші орында – Алматы қаласы. Оның қаңтар-тамыз айларындағы бюд­жет кірісі – 1,054 трлн теңге Екінші орында – Түркістан облысы (832,6 млрд тең­ге), үшінші орында – Астана қаласы (805,9 млрд теңге). Экономиканың қоз­ғау­шы күші шағын және орта бизнес де­сек, елімізде жылдан жылға осы сег­мент­тегі компаниялар санының артып ке­ле жатқаны қуантады. Мәселен, 2023 жыл­ғы 1 қазандағы жағдай бойынша, елі­­­мізде 2,2 млн ШОБ субъектілері тір­келген екен. Бұл жыл басымен сал­ыс­тыр­ғанда 10,4%-ға көп, ал 2022 жылдың ба­сымен салыстырғанда өсім – 32%. Осы көрсеткіш бойынша да Түркістан об­лысы – алғашқы үштікте. Үздіктер құра­мы да сол – Алматыда 389,6 мың, Ас­тана 257,4 мың және Түркістан об­лы­сын­да 217,8 мың субъект. Бұл жерде осы екі қала бір облыстағы кәсіпкерлік ны­сан­дарының саны республикадағы жал­пы көрсеткіштің үштен бірін, яки 38,7%-ын құрайтынын атай кету керек. Ranking.kz сайты ұсынып отырған бұл ақ­парат­тардан экономика салалары бойынша тіркелген компаниялардың ең көп үлесі кө­терме және бөлшек сауда, автожөндеу (35,9%), ауыл, орман және балық шаруа­шы­лығы (14,4%), сондай-ақ өңдеу өнер­кә­сібі (5,6%) екенін көруге болады. ШОБ субъектілерінің негізгі үлесін жеке кә­сіпкерлер (ЖК) құрайды. Олар – 66,8% немесе 1,5 млн нысан. Соның ішін­де 20,5%-ы немесе 459,4 мың нысан – шаруа қо­жалықтар немесе фермерлік шаруа­шы­лықтар.

Ел бюджетінің ендігі бір табыс тиегі – инвестиция. Осы ретте, биыл қаңтар–мау­сым аралығында елімізде ауыл, ор­ман және балық шаруашылығы сала­сын­да негізгі капиталға инвестиция 432,7 млрд теңгеге жеткеніне назар ау­дар­та кеткен жөн. Былтырғы сәйкес ке­зең­мен салыстырғанда бұл 26,2%-ға ар­тық. Инфляцияны ескерсек, нақты өсім 22,1% деуге болады. Мұндағы ин­вес­тицияның көп бөлігі өсімдік шаруа­шы­лығы мен мал шаруашылығына, аң ау­лауға және қызмет көрсетуге жұм­сал­ған. Негізінен, ауыл шаруашылығымен ай­налысатын Түркістан облысы бұл көр­сеткіште алғашқы бестікте тұр. 

Олар – Солтүстік Қазақстан (86,4 млрд теңге), Павлодар (62,7 млрд теңге), Қостанай (48,7 млрд теңге), Ақмола (41,8 млрд тең­ге) және Түркістан (41,3 млрд теңге) об­лыстары. Азық-түлік өндірісі сала­сын­дағы негізгі капиталға салынған ин­вес­тиция көлемі бойынша да қасиетті өл­ке алғашқы бестікте. Биылғы бірінші жар­тыжылдық қорытындысы бойынша мұн­дағы жалпы көрсеткіш – 62,5 млрд тең­ге болса, Алматы облысы (15,6 млрд тең­ге) бірінші орында, одан кейін Сол­түс­тік Қазақстан (14,1 млрд теңге), Ақ­мо­ла (5,1 млрд теңге), Түркістан (4,5 млр­д теңге) және Шығыс Қазақстан (4,1 млрд теңге) облыстары. 

Мемлекеттік кірістің басым бөлігін бі­рінші кезекте салық түсімдері құрайты­ны белгілі. Соған сәйкес, Түркістан об­лысы бойынша бюджетке түскен са­лық­тар мен төлемдер көлемі жыл сайын орта есеппен 102,3 % өсімді құрап келеді. Мәселен, 2022 жылы өңір қазынасына барлық салықтың түрлерін қосқанда 112,6 млрд теңге түскен. Оның ішінде әлеу­меттік және жеке табыс салығының үле­сі – 81%. Биыл жыл басында облы­с­тық Мемлекеттік кірістер департаменті мен жергілікті атқарушы органдар бірлесе отырып, алдағы уақытта салық түсімдерінің көлемін тағы 28 млрд теңгеге арттыруды межелеп отыр деп ха­барланған болатын. Ендеше, үш тоқ­сан қорытындысындағы осынау ақ­жол­тай хабарды соның бастамасы деуге то­лық негіз бар. Бұл қарқынмен жыл соңы­на дейін қалған меженің орыны то­латынын сенімнен айтуға болады. Оған бір мысал ретінде, алғашқы жарты жыл­дықтың өзінде-ақ кедендік төлемдер мен салықтардың 21,8 млрд теңге құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен са­лыстырғанда 120% артық екенін кел­тір­сек те жеткілікті. Ал жаңа заңнамаға сәй­кес биылғы 15 тамызынан бастап тауар­ларды декларациялау үшін 6 АЕК (20 700 теңге) міндетті алым енгізілгені бұл ойымызды нақтылай түседі. Мем­ле­кет қазынасына түсетін табыс тиегін ағыт­қан мұндай жаңашылдықтардың бұ­дан да басқа түрлері аз емес. Жалпы, 2023 жылдың 7 айында салықтық түсім­дер бойынша, өсу қарқыны 125%-ды құрап отыр. Ал тіркеу алымы мен мем­ле­кеттік баж сияқты бір реттік түсімдерді есеп­ке алмағанда түсімдердің өсуі 23% не­месе 7,4 млрд теңгеге артық. Төлем көз­дері бойынша, өсу қарқыны жеке кә­сіпкерлердің жеке табыс салығы мен бюджеттік емес мекемелердің жалақы қоры­нан ұсталатын салықтарға тиесілі. Атай кетерлігі, түсімдер жоспары барлық аудан-қалалар бойынша да асыра орын­далған. Соның ішінде жергілікті бюд­жет­тің салықтық түсімдерінің 48% бюд­жет­тік мекемелерінің түсімдері құрайды. Ау­дандар бойынша, бюджеттік меке­ме­лер түсімдерінің едәуір үлесі Келес, Мақ­таарал, Жетісай, Сауран, Бәйдібек, Төлеби, Қазығұрт аудандарына тиесілі. Жалақы қорынан ұсталатын салықтарға келетін болсақ, бюджеттік мекемелерді үлесі 2023 жылдың 7 айында 69,5%-ды құра­ған.

Осы тұрғыда қоса кететіні, 2023 жыл­дың қаңтар-қыркүйек айлары аралы­ғын­да Түркістан облысында негізгі эко­номикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім сақталып отыр. Тіпті, бірқатар са­лаларда көрсеткіш жақсара түскен. Өнер­кәсіп өнімінің көлемі 680,6 млрд тең­геге жетіп, өткен жылдың сәйкес ке­зеңі­мен салыстырғанда 104,7%-ды құра­ды.

Ал өнеркәсіп саласындағы өнім кө­ле­мі соңғы 5 жылда 2 есеге өсіп, 2022 жы­лы 866,6 млрд теңгеге жетті. Ал 2023 жыл­­дың 7 айының қорытындысы бойын­ша 519,3 млрд теңгенің өнімі өнді­рі­ліп, нақты көлем индексінің 104,5%-ын құрады. Аталған салада 350-ден аса кә­сіпорын жұмыс атқарып, 31,7 мың адам жұмыспен қамтылған.

Одан бөлек, негізгі салаларға тоқтала кетсек, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 802,6 млрд теңге немесе 2022 жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ған­да 101,8%-ды құрады. Ет, сүт және жұ­мырт­қа өндірісі орташа есеппен 2,4%-ға көбейді. Инвестиция көлемі 661,6 млрд теңгені құрап, былтырмен салыстыр­ған­да 36,5%-ға артты. Жеке инвестициялар 469,3 млрд теңгеге жетті немесе 1,7 есеге өсті. Облыста атқарылған құрылыс жұ­мыс­тарының көлемі 230,8 млрд теңгені құ­рап отыр. Пайдалануға тапсырылған тұр­ғын үйлер алаңы 7,1%-ға артып, 669,4 мың шаршы метр үй тапсырылды.

2023-2026 жылдары Түркістан об­лы­сын­да 186 инвестициялық жоба іске асып, нәтижесінде 12 мыңға жуық жұ­мыс орны ашылып, бюджет 9,4 млрд тең­геге толығады деген болжамды жос­пар бар. Ал биыл облыстың жалпы өні­мі­нің көлемін 3,5 трлн теңгеге жеткізу, яки 3,6%-дық өсімге қолжеткізу ме­же­ленген. Бұдан бөлек, облыс экономи­ка­сының өсімінің тұрақтылығын қамта­ма­сыз ету мақ­сатында 2024-2028 жылдарға ар­нал­­ған Әлеуметтік-экономикалық даму жос­парының ІІ кезеңі әзірленуде. Бол­жам­ға сәйкес 2028 жылға дейін өңір­дің жал­пы өнім көлемін 1,5 есеге кө­бей­тіп, 5,2 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

Көбейтудің бір шарты – үнемдеу

Жұмыспен қамту демекші, 2023 жыл­дың бірінші жартыжылдығында рес­пуб­лика бойынша Электронды еңбек бир­жа­сында 330,7 мың үміткер тіркелген бол­са, солардың ең көбі – Түркістан об­лысынан (76,3 мың). Одан кейін Қы­зыл­орда (28,3 мың) және Жамбыл (23,1 мың) облыстарын атап өтуге болады. Осы аталған кезеңде елімізде ЭЕБ ар­қы­лы 100,1 мың жұмыс іздеуші жұмысқа ор­наластырылған екен. Бұл – осы биржа ар­қылы тіркелген барлық жұмыс іздеу­­ші­лердің 30,3%-ы. Бұл көрсеткіш бойын­ша да Түркістан облысы (28,6 мың) алда тұр. Мұның барлығы, өңір бас­шылығы жұмыспен қамту мәселесін бірін­ші кезекте қарастыратынын біл­діреді. Мәселен, биыл облыста 109,7 мың жұмыс орнын ашу бойынша «Өңір­лік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, он­да 72,4 мың – тұрақты, 37,4 мың – уақытша жұмыс орындарын ашу қарас­ты­рылған. Соның негізінде, «Кәсіпкер­лік­ті дамытуға арналған Ұлттық жоба» аясында, жалпы саны 109,6 мың адам жұ­­­мыспен қамту шараларына жолдан­ған, яки 99,9%. Оның ішінде 39,1 мың адам тұрақты, 35,9 мың адам суб­си­дия­ланған уақытша жұмыс орындарымен қам­тылыпты. Түркістан облысының әкі­мі Дархан Сатыбалды аппараттың ап­талық отырысында бұл бағыттағы жұ­мыс­тарды әлі де ширата түсу керектігін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік са­лаларына басымдық берілуі тиіс еке­нін ескертіп отыр.

«Мемлекет басшысы жыл сайын 

«10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс ор­­нын» ашуды тапсырды. Жыл қоры­тын­дысымен бекітілген индикатордың то­­лық орындалуын қамтамасыз ету қа­жет. Ау­дан, қала әкімдеріне «Өңірлік жұ­мыс­пен қамту картасында» көрсе­тіл­ген ме­же­лерге қол жеткізуді тапсырамын. Мүм­кіндігі шектеулі жандарды жұмыс­пен қамтудағы және мемлекеттік бағ­дар­ламаларды орындау барысында анық­тал­ған кемшіліктер жойылсын. Бюд­жет­тік мекемелерге ғана емес, ауыл шаруа­шы­лығы, кәсіпкерлік салаларына да тұр­­ғындарды тартқан жөн. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу керек»,– дейді ол.

Өңір басшысының айтуынша, биыл 466 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру барысында 5 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Оның бүгінде 411 жобасы басталып, жалпы 3 мың жаңа жұмыс ор­ны ашылды. «Еңбек» бағыты аясында, жалпы 75,1 мың азамат тұрақты және суб­­­сидияланған жұмыспен қамту шара­ла­рына жолданды. Жаңа бизнес идея­лар­ды жүзеге асыруды қолдау мақса­тын­да 2,3 млрд теңге қаржы қаралып, 1688 тұр­ғынға мемлекеттік грант беру көз­дел­ді. Грант берудің 3 кезеңі өткізіліп, 11,3 мың адам өтініш қалдырды. Бір орынға ор­таша көлемде 7 адамнан келді. Нәти­же­сінде, 1688 адам грант алып, өндіріс са­ласы, техникалық қызмет көрсету, мал шаруа­шылығы, құс шаруашылығы, кө­көніс өнімдері, қол өнер бұйымдары, та­мақ өндірісі салалары бойынша өз кә­сіптерін ашуда екен.

Ал облыстық Жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Әсия Темір­баева биылғы 17 қарашадағы дерек бойын­ша республика көлемінде Ұлттық жобалар негізінде, 47,5 мыңнан астам жұ­мыс орны ашылса, оның ішінде Түр­к­і­стан облысы бойынша, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын айтып отыр. Жұмысқа орналасқандардың 82%-на зейнетақы аударымдары түсіп, 97 мың­нан астам азаматпен электрондық ең­бек келісімшарты түзілген. Бұл көр­сет­кіш бойынша, Түркістан өңірі елі­міз­де бірінші орында тұр. Сондай-ақ биыл Президенттің сайлауалды тапсырмасы не­гізінде, 35 жасқа толмаған 594 тұрғын­ға 2,5 пайыздық өсіммен 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру жоспар­ланған. Осы мақсатта 2,9 млрд теңге қар­жы қаралды. Бүгінде 933 жоба кон­курс­тық комиссия қарауына ұсы­ны­лып, нәтижесінде 583 адамның жобасы 2772,7 млн теңгеге мақұлданып, 490 адамға 2236,7 млн теңге қаржысы аударылған.

Осы ретте, көңіл аударта кететін бір жайт – жұмыспен қамту шараларын жан-жақты жүргізудің арқасында және өзге де жұмыстар нәтижесінде өңірде биыл АӘК алушылардың саны өткен жыл­мен салыстырғанда 22%-ға төмен­де­ген екен. Ендеше, көбейтудің бір шар­ты – үнем десек, бұл тұста мемлекеттік шаралардың мультипликативті әсерін көріп отырмыз. Әрі бұл ілгері қадамның басы деп сенеміз. 

Халқы да, бюджеті де ең көп өңір – Түркістан

Аймақтар арасында бюджеті ең көп өңір – Түркістан облысы. Биылдыққа екі рет нақтыланған оның жылдық бюд­жеті – 1 триллион 325 млрд теңгені құра­ды. Ол қаржының 58,5%-ы әлеуметтік са­лаға бөлінген. Бұл өз кезегінде облыс­тың әлеуметтік-экономикалық дамуына қа­тысты бірқатар міндеттерді шешуге сеп­тігін тигізуде.

«Жыл басындағы сайлаудан кейін ал­ғашқы сессияда 3 тұрақты комиссия құ­рылып, олардың төрағалары сайлан­ған болатын. Олар жалпы, елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етеді. Мәс­лихат маңызды рөл атқарады. Жыл ба­сынан бері облыстық мәслихаттың 4 сес­сиясы өтіп, түрлі салаға қатысты маңыз­ды мәселелерді реттейтін 53 ше­шім қабылданды, оның ішінде 9 шешім об­лыстық Әділет департаментінде мем­лекеттік тіркеуден өтті», – дейді Түр­кі­стан облыстық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясының мүшесі Нұралы Әбішов.

Әрине, бюджет көлемінің көптігі об­лыста халық санының көптігімен, со­ның ішінде ауыл тұрғындарының басым (80%) болуымен байланысты екені тү­сінікті. Соңғы санақ бойынша облыс хал­қы 2 миллион 137 мың адамды құрап отыр. Еліміздегі көпбалалы отбасы­лар­дың 1/3 бөлігі Түркістан облысында тұра­ды. Олардың саны 180 мыңнан аса­ды. Мұндай жағдайда ауылдық жерлер әр­дайым субсидияланып, мемлекет тара­пынан үлкен қолдауға ие болатыны бел­гілі. Тағы бір фактор – облыстың жаңа­дан құрылғаны. Сол кезде облыс­та­ғы негізгі өнеркәсіп пен табыс көзі Шым­кентте қалған еді. Бұл әрине, үлкен де­мографиялық дүмпу жағдайында қа­лыпты нәрсе. Осы қаражаттың жар­ты­сынан астамы мектептерді, бала­бақ­ша­лар­ды, жалақыны және басқа да әлеу­мет­тік бағыттарды ұстауға жұмсалып отыр. Мәселен, биыл 25 елді мекенге ауыз­су құбырын тартып, тозығы жеткен су­мен қамтамасыз ету желісін жаңарту жос­парланып отыр. Сондай-ақ 56 елді ме­кен табиғи газ құбырына қосылып, 47 елді мекеннің электр желілері жаңарты­ла­ды. Былтыр 54 мектептің құрылысы жүр­гізіліп, оның 21-і пайдалануға беріл­ген болса, биыл тағы 20 мектептің құ­ры­лысын аяқтау жоспарланып отыр. «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңір­де 63 білім мекемесінің құрылысы ма­құлданған. Одан бөлек, биыл ауылдық жер­лерде 49 медицина нысаны салы­на­ды. Тізе берсе, атқарылар шаруа ұшан-теңіз. Осының бәрін бір арғаға тоғысты­рып, қиыннан қиыстыра білу – уақыт та­лабы. Ендеше, адам саны көп және тығыз орналасқанына қарамастан, об­лыстың республикада бюджет тү­сімі бойынша екінші орынға шығу – үл­кен жетістік.

Нұрлан ҚОСАЙ