Сұхбатта оң өзгерістердің негізгі қозғаушы күші ол біздің халқымыз екені баяндалған.
Бауыржан Серікбаев: «AMANAT» – Президент реформаларына жан-жақты қолдау көрсететін саяси институт
630
оқылды

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Президент реформаларының орындалу барысын кең ауқымда қамтып өткен «AMANAT» партиясының төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың мақаласына қатысты пікір білдірді.

Айтуынша, сұхбатта оң өзгерістердің негізгі қозғаушы күші ол біздің халқымыз екені баяндалған.

«Бүгін президент реформаларының орындалу барысын кең ауқымда қамтып өткен «AMANAT» партиясының төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мырзаның мақаласы жарияланды. Сұхбатта оң өзгерістердің негізгі қозғаушы күші ол біздің халқымыз екендігі, бүгінгі таңда ел тұрғындарының 60% тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жаңа буын өкілдерінен тұратыны, Мемлекет басшысы реформалар арқылы қоғамда қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешіп келе жатқандығы елімізде іске асқан нақты жобалар мысалында талдамалық тұрғыда баяндалған.

Сұхбатта қамтылған негізгі месседждерге тоқталсақ:

Біріншіден, президент реформалары ел азаматтарының күнделікті өмірін жақсартуға бағытталған. Осы мақсатта 2025 жылға дейін халықты толық 100% таза ауыз сумен қамту, мемлекетке қайтарылған 150 млрд теңге қаржыға республика бойынша 70 мектеп құрылысын бастау, «Ұлттық қор балаларға» жобасы аясында келешек ұрпақтың болашағына инвестиция салу сынды оң бастамалар қолға алынды. Атқарылып жатқан реформалардың негізгі мақсаты – экономикалық өсімнің жетістігін халқымыз күнделікті өмірінде сезінуі тиіс.

Екіншіден, әлеуметтік әділеттілік, заң алдындағы теңдік, адал азамат, құқық үстемдігі сынды маңызды идеяларға басымдық беретін реформалар пакетінің негізгі мақсаты – жаңа Қазақстандық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Осы тұста Әділетті Қазақстанды орнату үшін ел азаматтары да белсенділік танытуы қажет. Қоғамдағы процестерге немқұрайлы қарамау, заң үстемдігін басты идеологиямызға айналдыру, құқықтық, қаржылық сауаттылықты көтеру сынды ортақ жауапкершіліктерге де басымдық берілуі керек.

Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру баршамыз бірге атсалысатын біздің ортақ мақсатымыз. Осы мақсат жолында халқымыздың күші, ынтымағы бір мүддеден шығатын болса өркениетті, дамыған Қазақстанды орнату біз толығымен іске асыра алатын басымдық екені даусыз», – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, сұхбатта президент реформаларының негізгі идеялары мен мақсаттары терең, жан-жақты қамтылған.

«Бүгінгі таңда мемлекет басшысы іске асырған реформалардың нәтижесінде ауыл, аудан, қала әкімдерін халқымыз сайлайтын оң өзгерістер жасалуда. Осы реформаның нәтижесінде әкімдер халыққа есеп береді. Атқарған жұмысы да елдің көз алдында. Мойындау керек, бұл жергілікті мемлекеттік басқару ісіне халықтың барынша бенсенді қатысуына жол ашатын оң үрдіс деп ойлаймын.

«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысы реформаларының іске асуына жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан еліміздегі ең ірі саяси институт екендігі белгілі. Өз кезегінде партия осы бағытта қыруар шаруаларды қолға алып жатқандығы да ақиқат. Сұхбатта президент реформаларының негізгі идеялары мен мақсаттары терең, жан-жақты қамтылып өткен», – дейді Бауыржан Серікбаев.