Әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанынан әйелдер қанаты құрылды.
«AMANAT»: Қызылордада партия жанынан әйелдер қанаты құрылды
625
оқылды

Партия бастамасымен жұмысын бастаған әйелдер қанаты отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптейді. Сондай-ақ, кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсетіп, нәзік жандылардың ғылыммен айналысуына жағдай жасауға бағытталып отыр. Бұл жайында Сыр өңіріне іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапаққызы нәзік жандылармен кездесуінде атап өтті.

«AMANAT» партиясы әйелдер қанаты атқаратын жұмыстың 10 басым бағытын әзірледі. Оның ішінде, отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу, өндірістегі еңбекті қорғау, ауылдағы бизнес, отбасы денсаулығы мен құндылықтары, экономикалық құқықтар, әйелдердің ғылымдағы рөлі және тағы басқа бағыттар қамтылған. Әр бағыт бойынша сараптамалық топтар жұмыс істейді. Олар туындаған мәселелерді шешуге қатысты өз пайым-пікірін ұсынады», – деді Үнзила Шапақ.

 

Жиынды жүргізген партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова «AMANAT» партиясы тарапынан қолға алынып жатқан «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» секілді тың жобалардың ел игілігін көріп жатқандығын рілге тиек етті. Соның ішінде қыз-келіншектерді қоғамдық өмірге, саяси көшбасшылыққа тарту, олардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған «Томирис» жобасының ерекшелігін атап өтті. Өткен жылы бастау алған жобаның биыл ауқымы кеңейіп, партияның Әйелдер қанаты барлық аймақтарда құрылып жатқандығын жеткізді. 

Жиын барысында Ләйлә Бегалықызы бүгіннен өз жұмысын бастайтын партияның Әйелдер облыстық қанаты жетекшісімен таныстырды.  Партияның облыстық филиалы Саяси кеңес Бюросы шешімімен «Анаға тағзым» орталығының басшысы, аймаққа танымал журналист, қоғам белсендісі  Алтынай Молжанова  ұсынылып, бекітілгенін атап өтті. 

«Анаға тағзым» ғимаратында Президент тапсырмасына сәйкес  «Әйелдердің креативті индустрия орталығы» жұмысын бастаған болатын. Осы арқылы қолынан іс келетін, жаңаша ұлттық брендтерді ойлап тауып, экспорт дамуына үлес қосатын әйел азаматтарды бір жерге топтасуына мүмкіндік жасалған. Мұнда "Мирас" әжелер клубы, "Ұлт жақұты" музей залы, "Бойтұмар" қыздар клубы, "Сырғалым" сырласу клубы, "Жас отау" жас отбасылар мектебі, "Ана тілі" дебат клубы жұмыс жасайды. Әрине, мақсат ортақ. Ол – әйел азаматтарды жан-жақты қолдау. Сондықтан бұл лауазым маған қай жағынан болса да үлкен жауапкершілік жүктейді. Бірлесіп жұмыс жасауға дайынмын», – деді Алтынай Бекмағанбетқызы.

Жалпы аймақта 45 мыңнан астам партия мүшесінің 63 пайызы әйелдер қауымын құрайды. Жергілікті мәслихаттарда 21 әйел депутат бар. Белсенді әйелдердің басын біріктірген жобаның ашылуында өңірдегі саясат, білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да салаларда табысты қызмет етіп келе жатқан әйелдер өз ойларын ортаға салып, түрлі ұсыныстарымен бөлісті.

Осы күні ҚР Парламенті Мәжілісіндегі "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапаққызы "Анаға тағзым"ескерткішіне гүл шоғын қойып, орталық жұмысымен танысты. Сонымен қатар отбасы орталығында болып, жаңа ғимаратты көрді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы