Қызылордада «КІТАП – AMANAT» партиялық жоба аясында кітап орталығы ашылды. Орталық жұмысының салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясы мүшесі Үнзила Шапаққызы қатысты.
Қызылордада партия жанынан кітап орталығы ашылды
496
оқылды

Партияның Қызылорда қалалық филиалы ғимаратында орналасқан орталықта әлемдік және отандық әдебиет, балаларға арналған шығармалар мен мәдени бағыттағы кітаптарды арзан алуға және осы жерде оқуға мүмкіндік бар. Оқырман мен жазушыны тікелей байланыстыратын жоба көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.

«Мемлекет басшысы ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар шығару, кітапханалар ашу ісіне ерекше мән беріп келеді. Осы орайда «AMANAT» партиясы Президент бастамасын іске асыруға дәнекер болатын «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алды. Осы арқылы барлық өңірлерде отандық әдебиет пен баспагерлерді қолдауға бағытталған кітап орталықтарын ашуда. Жоба ел азаматтарының отандық әдебиетке, жалпы кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларға қолдау көрсетуді көздейді»,- деді салтанатты іс-шара барысында Қазақстан  Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясы мүшесі Үнзила Шапаққызы. 

 

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова «Кітап - АMANAT» жобасының  мақсат-міндетін кеңінен таныстырды. Оның айтуынша, бұл орталықта кітаптар сатылып қана қоймай, авторлар, баспагерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар, жаңа басылымдардың тұсаукесерлері мен талқылаулары ұйымдастырылатын болады. 

«Жобаның негізгі мақсаты - партия жанында оқырман мәдениетінің құндылығын қалыптастыратын зияткерлік экоқауымдастығын жасау. Мұнда «Автордан оқырманға» қағидаты бойынша қазақстандық авторлардың сапалы кітаптары мен мемлекеттік тілге аударылған дүниежүзілік бестселлер қолжетімді бағада ұсынылады. Сонымен бірге бұл жерде оқырман кештері ұйымдастырылып, жаңа кітаптарды талқылайтын кездесулер, презентациялар, қазақстандық жазушылардың, баспагерлердің қатысуымен партияның іс-шараларын өткізетін боламыз. Жоба аясын кеңейту мақсатында келесі жылы барлық аудандарда «Руханият орталықтарын» ашып, кітап бұрыштарын іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деді  атқарушы хатшы Ләйлә Бегалықызы. 

 

Соңғы жылдары елімізде автор, баспа, кітапхана, кітап дүкені арасындағы байланыс үзіліп қалғаны жасырын емес. Партияның жобасы осы олқылықтың орнын толтыратынына көптің сенімі зор. 

«Партияның отандық жазушыларды қолдауы біздерді қуантып отыр. Бұл орталық үзілген байланысты қайта жаңғыртуға ықпалы зор деп есептеймін.  Сонымен бірге барлық аудандарда салынатын «Руханият орталықтарында» партияның қолдауымен осындай кітап бұрыштарының ашылатыны да оқырман үшін үлкен мүмкіндік. Себебі ол жерде ардагерлерден бастап барлық үкіметтік емес ұйымдар және ұлттық құндылықтарды насихаттайтын тәрбие орталықтары бірігіп, жұмыс істеп, жобаның ауқымы кеңейетін болады», - дейді Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова.

Өз кезегінде сөз алған партияның облыстық филиалы жанындағы  MIRAS аймақтық кеңесінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев кітап оқудың рухани құндылықты байытудағы маңыздылығына тоқталды. Ал Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас орталықтың халыққа, руханиятқа, әдебиетке, ұлттық идеологияға тікелей  қызмет ететініне сенім білдірді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы