Қазір ғаламторда SpaceX компаниясының Starlink интернет технологиясына арналған құрылғылардың сатылатыны туралы жар­нама­лар қаптай бастады. Бұл қаншалықты заңды?
Starlink қоссаң – айыппұл
фото: orda.kz
463
оқылды

Астана қаласында өткен баспасөз мәслихатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитеті Байланыс саласындағы бақылау басқар­масының басшысы Диас Төлегенов осы сұрақтың жауабын берді.  

«Қазір оны дәл осы нұсқада пайдалану қолданыс­тағы заңнама талаптарын бұзады, себебі бұл қауіп­сіздіктің кейбір ережелеріне сай келмейді. Бұл тұр­ғыда, пилоттық жоба аясындағы техникалық жұмыстар аяқталып, яки еліміздегі мектептер Starlink-ке қосылып, заңға тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін аталған құрылғыларды жеке адамдардың пайдалануы заңсыз болып есептеледі», – деді ол.

Ал заңнамаға түзетулер енгізілгеннен кейін қазақ­стандықтар бұл жабдықтарды пайдалана алады. Оның айтуынша, осы құрылғыларды заңсыз қосқандар бастапқыда ескерту алады екен. Одан соң тағы қайталанар болса, 10 АЕК сомасында айыппұл салынады. Естеріңізде болса, биылғы қазан айында 10 ауылдық мектеп SpaceX компаниясының Starlink технологиясы арқылы тестілік режимде кеңжолақ­ты интернетке қосылатыны хабарланған болатын.