«Білім-инновация» лицейіне – 30 жыл. Қазақстанның мектеп білімін жаңғыртуға елеулі үлес қосты.
Ауылдан келген оқушылардың бір үйдің баласындай тәлім алуы  көптің көңілінен шықты – Дархан Өте
2,697
оқылды

Қордың басшылығымен инновациялық білім беру ұйымдарының желісі құрылды. Ол озық білім беру технологиясын енгізу алаңына айналды. Сондай-ақ барлық 32 мемлекеттік «Білім-инновация» лицейлері жаратылыстану-математикалық бағытта білім береді. Оқушылар пәндік олимпиада мен жарыстарда 27 593 медаль иеленді. 

Білім қоржынын сан рет толағай жетістікпен толықтырып жүрген  еліміздегі беделді білім ордасы – «Білім- инновация» халықаралық қоғамдық қорына қарасты лицейлердің құрылғанына 30 жыл толды. Осы орайда аталмыш қордың президенті Дархан Өтемен мерейлі жасқа толып жатқан білім ошағы жайлы сұхбаттастық.

– Дархан Ермаханұлы, алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасуға келіскеніңізге алғысымызды білдіреміз. Жалпы, 30 жыл бұл тұтастай адам ғұмырына тең уақыт. Осы уақыт аралығында «Білім-инновация» лицейлері қандай қалыптасу кезеңінен өтті?

– Үнемі білім саласындағы өзгерістерді байқап, бағамдап, дидарласудың ретін келтіріп жүретін bilimdi El газетінің ұжымына ризамыз. «Білім-инновация» лицейлері 30 жылдық тәжірибесі бар қалыптасқан, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты білім беру саласында мақсаты және бағыты айқындалған – отандық білім ошағы. Соңғы 10 жылдықта «Білім-инновация» ХҚҚ Қазақстанның орта білімін жаңғыртуға елеулі үлес қосты.

Яғни, ел Тәуелсіздігімен үзеңгілес, қор басшылығымен инновациялық білім беру ұйымдарының желісі құрылды. Олар озық білім беру технологияларын енгізу алаңына айналды. Сондай-ақ барлық 32 мемлекеттік «Білім-инновация» лицейлері жаратылыстану-математикалық бағыттағы мамандандырылған білім беру ұйымдары болып саналады. Лицейге түсу үшін 7-сыныптан бастап оқушылар қабылдау емтиханы арқылы математика, логика және оқу сауаттылығы бойынша сынақ тапсырады. Сонымен қатар  білім беруді әр балаға қолжетімді ету мақсатында лицейлерге түсу кезінде ауылдан келген, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 25% квота қарастырылған. Қордың басты мақсаты – қоғамда бағыты дұрыс айқындалған, бәсекеге қабілетті заманауи білімді жастарды тәрбиелей отыра, ұлттық рухта, зияткерлік-адамгершілік құндылықтарды сіңіру болмақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – лицейлер заманауи білім мазмұны орныққан, практика  жүзінде құндылықтар мен ұстанымдары қалыптасқан, оқушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беруді мақсат тұтқан бір экожүйе.

–Лицейлердегі білім беру процесі қандай ұстанымды қамтиды немесе негізгі философиясына тоқталсаңыз...

– Қордың білім беру философиясын біздің логотипімізді қарастыру арқылы сипаттауға болады деп ойлаймын. Өздеріңіз байқағандай, онда қазақтың ұлттық ою-өрнегі мен қанаттары кітап түрінде белгіленген қарлығаш бейнеленген. Бағзы заманнан бері қазақтар қарлығашты қасиетті құс деп санаған. Ол ұя салған үйде береке болады, әулеттің ұрпағы өсіп-өнеді деседі. Демек, лицейде оқитын әр оқушы тәрбие мен білімді қарлығаштың қос қанатындай қатар алып, биікке самғайды. Енді лицейлердің білім беру процесіндегі ерекшеліктің біріне тоқталсақ. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілін қамтитын үш тілді білім беру моделінің қалыптасқанын атап өту керек. Себебі бұл ұстаным мемлекеттік білім беру стандартына сай, өскелең ұрпақты үш тілге үйрету жөніндегі стратегиялық бағытын жүзеге асырып отыр.

Қазақ тілі оқушылардың ұлттық сана-сезімін оятып, төл тарихы мен мәдениетін танудағы шешуші рөл атқарады. Қазақ тілінде гуманитарлық пәндер, әдебиет және Қазақстан тарихы оқытылады. Ал  орыс тілінде оқыту арқылы біз оқушыларымыздың әртүрлі этникалық топтардың үйлесімді бірігуіне және мәдени һәм қосымша тілді меңгеруіне ықпал етеміз.

Ағылшын тілі – бүкіл әлемдегі білімге, технологияға және мәдени жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін интеграциялық рөл атқаратыны белгілі. Ағылшын тілінде лицейлерде жаратылыстану-математикалық цикл пәндері оқытылады. Математика, физика, химия, биология, информатика, бұл қазіргі заманғы халықаралық оқулықтар мен әдістемелерді қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз басқа шет тілдерін таңдауға және үйренуге кеңес береміз.

Жалпы, ана тіліміздің аясын кеңейту, оқушы бойында қазақы, ұлттық болмысты қалыптастыруға, төл әдебиетімізді сіңіруге барынша үлес қосып келе жатыр. Арнайы оқыту бағдарламалары құрылды. ТМД елдері бойынша баламасы жоқ «Жарқын болашақ» олимпиадасын жасаудағы негізгі мұратымыз – сол. Осы көктемде ғана аталмыш олимпиаданың жеңімпаз 11-сыныптың 3 оқушысына SDU University-на грант берілді. Шығармашылық байқауға өзге ұлт өкілдерінен де балалар қатысып келеді. Әр жыл сайын «Жарқын болашақ» олимпиадасына 1 000 мектеп, 5 000 оқушы қатысады.

Бұл олимпиаданың тарихи кезеңінің бірі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында 25 елден, әсіресе, қандастардың балаларының қатысуымен ерекше есте қалғаны бар. Атамекенін сағынып, қиыр жайлап, шет қонған туғандарымыз үшін зор мүмкіндік болған еді.

Тағы бір айта кететін жайт, «Білім-инновация» лицейлерінде білім беру процесі – оқушылардың оқу жетістігінің нәтижесін бағалау жүйесі сәтті интеграцияланған.

Мәселен, тиісті пәндер бойынша тестілеу (білім тексеру сынағы – БТС) әр тоқсанның соңында өткізіледі. Осы бағалау нәтижелері бойынша әрбір лицейдің үлгерім жиынтығы жасалады. Сонымен қатар  мұғалімдер белгілі бір оқушының қай пәннен артта қалғанын көреді және қажетті тақырыптарды жеке пысықтау үшін жағдай жасайды. Лицейлерде барлық сабақта PBL (project-based learning) тәсілін қолдана отырып өткізіледі. Яғни, оқушы жобаларды орындау арқылы жаңа тақырыпты үйренеді. Осылайша, шәкірт тек жаңа тақырыпты меңгеріп қана қоймай, заманға сай жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.

«Білім-инновация» лицейлері республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалардың нәтижелері бойынша Қазақстанның үздік 100 мектебінің қатарына кіреді. Көптеген түлек Оксфорд, Гарвард, Кембридж сияқты әлемдегі ең танымал университеттерге түсті. Біздің мектептерге түсуге талпынған талапты жастардың қатары жыл сайын артып келеді. Мысалы, биыл ғана 30 мыңнан астам үміткер тіркелді.

– Сіз атап өткен жетістіктер, әрине табанды еңбектің нәтижесі. Білікті маманның күш-жігері екені даусыз. Осы орайда «Білім-инновация» лицейлерінде қызмет ететін педагогикалық құрам туралы айта кетсеңіз.

– Дұрыс айтасыз. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген бар. Әр оқушы жетістігінің артында мықты мұғалім тұрады. Алғашқы лицейлердің ашылуы кезінде ағылшын тілін және кейбір пәндерді оқыту үшін шетелдік педагогтер тартылған еді. Уақыт өте келе біз педагогикалық кадрларды дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде, жергілікті мамандардың да кәсібилігі артты. Біздің лицейлерде тәлімгерлік бағдарламасы енгізілді. Мәселен, жоғары сынып оқушылары өзінен кейінгі сыныпта оқитын балаларға көмектеседі.

Кейіннен мұндай белсенділер жоғары білім алып, «Білім-инновация» лицейлерінде оқытушы болады. Кейбір мұғалімдер бізге «Болашақ» бағдарламасы арқылы келді. Жыл сайын мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында «Оксфорд білім академиясының» семинарлары өткізіледі, информатика оқытушылары үшін Cisco сертификаттау курстары және т.б. ұйымдастырылады. Осылайша, «Білім-инновация» ХҚҚ жүйесі педагог ұстаздардың ұстаханасына айналды деп айтуға болады.

– Жоғарыда құстың қос қанатындай тәрбие мен білімнің тең дәрежеде берілетінін атап өттіңіз. Тәрбие бағытында қандай кешенді жұмыстар жүргізілуде?

– Әл-Фараби ойшылдың «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен. Құндылыққа негізделген мектеп ретінде ұлттың руханиятын түгендеп, төл мәдениетіміз бен әдебиет, қазынаға толы салт-дәстүріміздің шеңберінде рухты болашақ қалыптастыруды көздедік. Лицейлерде оқушыларды патриоттық сезімде тәрбиелеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл құндылыққа бағытталған білім беру арқылы жүзеге асырылады.

Ай сайын белгілі бір құндылыққа негізделген тақырып таңдалады және тиісті тақырыпқа сәйкес іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, «жақсылық пен құрмет айы»: біздің экожүйеміздің әрбір қатысушысы – директордан бастап техникалық қызметкерге дейін күн сайын бір-біріне қатысты белгілі бір игі істерді атқарады.

Сондай-ақ тәрбие жұмыстарында негізгі ерекшеліктің бірі – әр лицейдің өзінің жатақханасының болуы. Ата-анасынан жырақта, ауыл-аймақтан келген балалар үшін бір үйдің баласындай береке-бірлікте тәлім алуы көптің көңілінен шықты. Жайлы орта мен құрмет және мейірімділікке толы атмосфера құру. Лицейден түлеп ұшқан қаншама түлек шетелде болсын, туған жерінде болсын бір-бірімен тығыз байланыста, бауырмалдықтың үлгісін жалғап жүруі де сондықтан шығар. Сосын, peer education деген батыстық білім беру жүйесінен енген әдіс-тәсіл бар. Яғни, сынып тәрбиешісінің жас айырмашылығы оқушымен анау айтқандай көп ерекшеленбейді. Ұялас, ағалы-інілі, апалы-сіңлі сияқты бір толқында, бір бағытта сырласуы, тіл табысуы үшін peer education әдіс-тәсілінің салмағы басым. Рeer education – «құрдас тәрбиесі» деп қазақшаласақ, ұстаз бен оқушы арасындағы алтын көпір деген ұғымға саяды.

– Заман талабына сай оқушыны зеріктіріп алмай, үнемі ізденіс үстінде жүретіндіктеріңізді байқадық. Қандай тың әдістерді қолданасыздар? 

– «Бос нәрсемен өткен ұзақ ғұмыр – жоғалған уақыт қана» деген бар еді. Ізденіс – тіршілік заңы. Оқыта жүріп оқу һәм тоқу – басты ұстаным біз үшін. Осы орайда бірнеше жыл қатарында лицейлерімізде PBL (Project -based Learning) бағдарламасы кеңінен қолданылуда. Біздің ұстаздарымыз арнайы шет мемлекетке барып, алпауыт PBL әдісінен дәріс беретін оқу орындарынан үйреніп, лицейлерімізде енгізді. Америкада беделді Еdutopia атты басылымдардың бірінде әйгілі Джон Маккартидің «Қазақстандағы PBL бағдарламасын оқыту» бойынша жақсы мақаласы шыққан.

Сондай-ақ «Білім-инновация» лицейінің ұстаздары жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде берудің жаңа әдіс-тәсілдерін үйрететін билингвалды оқулықтың жазылуына қомақты үлес қосты. Қазіргі таңда еліміздегі бірнеше мектеп осы оқулық арқылы білім алып жатыр. Әлемге TCM (teacher created materials) атымен мәшһүр болған оқыту мекемесімен бірге “ non fiction”, яғни ғылыми-танымдық әдебиет топтамасы бар, соны қазақ тіліне аударып, басылып шығуы үшін  SMART  кітапхана жобасын іске қостық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен құрылған «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында бүтіндей оқытушы, оқушының кітап оқу дағдысын қалыптастыру мақсатында ұялы телефондарға арналған арнайы Kitap қосымшалар құрастырылды. Баланың қызығушылығын арттыру мақсатында кітап оқудан бәйге ұйымдастырылды. Бала әр оқыған кітаптағы бетін белгілей отырып,белгілі бір нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, бастапқыда қола, күміс, кейіннен алтын, одан биік дәреже қызыл гауһарға ие болған оқушыға қор тарапынан сыйлықтар жіберіліп отырды. Бұл кітап оқу сайысы тәрбиеші және ұстаздар арасында да өткізілді. Осылайша, «артық білім кітапта екенін» жеткізуге тырыстық.

– «Білім-инновация» лицейлері «мектепата-анаоқушы» атты үштік одақтың ынтымақтастығымен танымал. Осы үштіктің бекем бірлігінің сыры неде?

– Иә, дұрыс айтасыз, «ынтымағы жарасқан елдің ырысы артады» дегенді естіп өстік. «Бірлік барда тірлік бар». 30 жылдық тарихымызда дамудың даңғыл жолында осы үштіктің өзара татулығы, ізеті орасан үлес қосты. Біз біліммен бірге тәрбиені тел қозыдай қатар алып жүреміз. Осы орайда мектеп намысын өнер, білім, спорт сайысында қорғап жүрген оқушыларымыздың ата-аналарын да көптеп әлеуметтік, мәдени іс-шараларға белсене қатысуы байқалады.

Мәселен, ата-аналар арасында өткізілетін, спорттық, зияткерлік сайыстарда әр өңірден ата-аналар лицейаралық, республикалық деңгейде ұйымдастырылған жарыстарға қатысып, қолдау білідіріп келеді.

Сондай-ақ  бізде «түлектер ассоциациясы» бар. Түлектеріміз әрдайым кез келген іс-шараларға демеушілік танытып, алтын ұя мектептерін ұмытқан емес. Биыл осыдан 30 жыл бұрын құрылған лицейлер мерейтойларын атап өтіп жатыр. Сондай мерейлі дидарласу барысында түлектер тарапынан осы үштік одақты «төрттік одақ» деп атау жөнінде ұсыныс жасаған еді. Яғни, «мектеп–ата-ана–оқушы–түлек». Әрине, мәселе атаумен өлшенбейді. Бұл жерде саналы тәрбие мен сапалы білім беру жолындағы үлкеннен өнеге, кішіден кішіпейілділік қағидатына қылау түсірмейтін бірлестік қалыптастыруға болады.

– 30 жыл тұтастай тарих. Осы кезеңдегі жетістіктер мен нәтижелі еңбекке жету жолдарының үлгісін дәріптеу мақсатында қандай жұмыс қолға алдыңыздар және келешекке жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

– «Театр киім ілгіштен басталады» десек, мектеп бүтіндей ұрпақты тәрбиелеудің негізі. «Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр. Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді» деген екен ғалым Қаныш Сәтбаев атамыз. 30 жыл да біз үйрендік, әлі де үйренудеміз және білгенімізбен бөлісіп те келеміз. «Қадам» атты құндылықтарға негізделген білім беру мекемесінің оқу-әдістемелік 3 кезеңнен тұратын кітабы жазылып шықты. Кітапта руханият төңірегінде, мәдениет шеңберінде, әдеп айналасында тәрбие берудің озық үлгілері келтірілген.

«Қадам» кітабының еліміздегі өзге де орта білім беру мекемелеріне ұсынылған. Оқып, танысып, «Білім-инновация» лицейі ұстаздары өткізген семинарға қатысып, кәдесіне жаратып жатқандар бар. Келешекке көздеген жоспарларымыз көп. Соның бірі – IDP   баланың жеке даму траекториясына қарай болашақ мамандығын таңдауға, икеміне қарай бағыттауға арналған жоба. Бұдан әріректе кәсіби бағыт беру жұмыстары тек 10-11-сынып оқушыларымен жүргізіліп келсе, қазір ертеден 8-сыныптан, мүмкіндік болып жатса 7-сыныптан бастап оқушының талабын анықтауға үлкен жоспар құрып отырмыз. Мәселен, оқушы ерте жастан қалған жоғары оқу орнын таңдайды.

Сол таңдаған университетке баланың қабілеті қаншалықты бейім. Осы тұрғыдан сараптама жұмысы жүргізіледі. Бұл әзірге пысықталу үстінде. Егер жүзеге асса, ата-ана үшін де, бала үшін де тиімді жоба еді. Уақыт еншісіндегі ойда һәм ойластырылып жатқан жұмыстардың бірі – осы.

– Әңгімеңізге рақмет!