«AMANAT» партиясының Әйелдер қанатын дамыту жұмысы жалғасып жатыр.
Әйелдер қанаты парасатты қоғамға бастайды
677
оқылды

«AMANAT» партиясының Әйелдер қанатын дамыту жұмысы жалғасып жатыр. Оның басты бағыты – қыз-келіншектерді қоғамдық өмірге, саяси көшбасшылыққа тарту, олардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыру. Бұл туралы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова мәлімдеді.

Әйелдер активінің мәжілісіне облыстың барлық аудан, қалаларынан қоғам белсенділері санатындағы әйелдер делегациялары қатысып, Қазақстанның жаңа саяси мәдениеті аясында әйелдердің қоғамдағы рөлін ілгерілету мәселесін талқылады.

Жиынды ашқан «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев халқының тең жартысы әйелдер болатын өлкеде әйел-аналардың саяси белсенділігі артып келе жатқанын жеткізді. Ол облыстағы 82 мыңнан астам партия мүшесінің 66,6 пайызы, облыстық мәслихат құрамының 13 пайызы әйелдерден тұратынын атап өтті.

«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова Әйелдер қанатын құру және оның қызметі әйелдердің күн тәртібін ілгерілету мәселесінде партияның әлеуетін нығайтуға серпін береді деп мәлімдеді.

«Әйелдер қанатының жұмысы әйелдердің әлеуметтік, құқықтық және басқа да проблемаларын шешуде үлкен тәжірибесі бар, партия мүшелері болып саналатын танымал, беделді қыз-келіншектердің қатысуымен он басым бағыт бойынша жүргізіледі. Оның ішінде, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерді қолдау, ауылдағы әйелдердің арасында кәсіпкерліктің дамуына жәрдемдесу, ғылымдағы әйелдерді қолдау, жаңадан қабылданатын заң жобаларына гендерлік сараптама жүргізу және қазақстандық қоғамда әйелдердің құқығы мен  мүмкіндігін кеңейту бойынша басқа да өзекті мәселелер бар»,– деп атап өтті  партия хатшысы.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңіріміз демографиялық өсімі жоғары аймақ деп атап өтіп, ана мен бала құқығын қорғау, әйел азаматтардың жан-жақты дамуына жағдай жасау басты міндет екенін жеткізді.

«Аймақта 177 мыңнан астам көпбалалы ана тұрады. Оның 15 мыңнан астамы – «Алтын алқа», 43 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері. Облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 32%-да әйелдер жетекшілік етеді», – деді ол.

«AMANAT» филиалы жанындағы әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі болып облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева тағайындалды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева партия филиалының бастамасымен өңірдегі саяси процестерде әйелдер белсенділігін арттыру жұмысының барысын баяндап, партия жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен комиссиялар құрамындағы әйелдер көтерген қоғамдық мәні бар бастамалар жөнінде кеңінен мағлұмат берді.

Сонымен қатар  жиында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Жанар Темірбекова, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, Түркістан қаласы оқушылар сарайының директоры Индира Икапова, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әдемау Толысбаева, «Түлкібас әк зауыты» ЖШС директоры Перизат Абдыбекова, Түркістан облысы бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Ауелбеков хабарламалар жасады.

Жиын барысында оған қатысушылар әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту мен ілгерілетуге бағытталған ұсыныстарын білдіріп, өзара пікір алмасты.

Түркістанға жасаған жұмыс сапары аясында «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова «Қамқорлық жанұя» орталығына барып, әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын тұрғындарға қолдау көрсетуге арналған мүмкіндіктермен танысты. Қызметін осыдан бір жыл бұрын бастаған орталық отбасы институтын нығайту міндетін атқарады.

Орталық әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың тұрмыстық ахуалын түзеуде қоғамда кең сұранысқа ие кондитерлік, аспаздық, сервистік қызмет көрсету, шаштараз, тігіншілік өнер, қолөнер, массаж, эстетикалық косметология мамандықтары бойынша оқу курстарын ашып, жұмыссыз азаматтардың белгілі бір мамандық иесі болуына жәрдем көрсетеді. Сондай-ақ орталық әлеуметтік қолдауға зәру отбасылардың мұқтаждықтарын анықтау, тұрмыстық қиын жағдайға түскен азаматтарға психологиялық қолдау көрсету, оларды қажеттіліктерге байланысты бейімдеу шараларына қатыстыру, құқықтық және ұйымдастырушылық кеңестер беру, меценаттық көмекке мұқтаж отбасылармен ықпалдастықты арттыру міндеттерін атқарады.

Сондай-ақ Шолпан Каринова Түркістан қаласындағы Мырзахан Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебінде инклюзияны қолдау сыныбының қызметімен танысты. Бұл – инклюзиялы қоғамды дамытуға бағытталған кең ауқымды іс-шаралар шеңберінде арнайы дизайн-жобамен түзілген республикадағы 16 кабинеттің бірі.

Партия хатшысы Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапарын қорытындылай келе, ана мен балаға қамқорлық мемлекеттік саясаттың басымдыққа ие бағыты екенін атап өтті. Ол көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуде «AMANAT» партиясы жүйелі жұмыстарды жалғастыратынын айтты. Партия бұл бағытта қыз-келіншектердің, әйелдердің сапалы білім алуын, мемлекеттік және басқа да қызметтерге белсенді араласуын тұрақты ынталандыратынын мәлімдеді.