Қыркүйек айының алғашқы күндері Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткен-ді. Онда Мемлекет басшысы халық арасында құмар ойынға құмартқандар көбейгенін айтқан еді.
Алаяқтық ауылға жетті
745
оқылды

«Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды» деп атап өткен Президент, осы жаман әдетке әсіресе жастар әуес екеніне назар аударды, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған. 

Осы мәселе Мәжілістегі «AMANAT» фрак­циясының кеңейтілген жиынында да тал­қыланды. Жиында партияның ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері бойынша заң жобасын дайындауға бастамашы болып отырғаны сөз болды. Дайындалған заң жобасы бекітілуге тиіс. 

Бүгінде 350 мыңнан астам қазақстандық азамат осындай ойындарға тәуелді. Елі­мізде құмар ойындардың салдарынан дертке шал­дық­қан 10 отбасының шамамен жетеуінің шаңырағы шайқалып жатыр. Бүгінгі күннің күйіп тұрған мәселесін айтып, қазір еліміздің барлық аймағында дабыл қағылып жатыр. 

Жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу шаралары жүруде. Мәселен, Түркістан облы­сында тұратын 2,1 млн тұрғынның 14-35 жас аралығындағы жастар саны 654 353 жеткен. Яғни, халық санының 30 пайызы. 

Түркістан облысының Экономикалық тер­геп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының басшысы Диас Тобатаев оңай жолмен ақша тауып, бәс тігіп, құмар ойынға құ­ныққан жастар саны көбейіп жатқанын айтады. «Қоғам дертіне айналған лудомания – бүгін өзекті тақырыпқа айналды. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан заңсыз ойын бизнесі бағыты бойынша бірқатар жұ­мыс атқарылды. Қазір Түркістан облы­сында ҚР ҚК 307-бабы (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша 20 қылмыстық іс тір­келген (3-бөлігімен – 1 іс, 2-бөлігімен – 3 іс, және 1-бөлігімен – 16 іс). Сонымен қатар заңсыз ойын бизнесі интернет желісі арқылы күннен күнге дамып келе жатыр. Заңсыз сайт­тарды бұғаттау мақса­тын­да «Кибернад­зор» жүйелік базасын пайдаланып, тұрақты түрде талдау жүргізіп жатырмыз. Жыл басынан бері өңірде 483 заң­сыз интернет сайттары жабыл­ды»,– дейді Диас Шолпанбекұлы. 

Шұғыл іздестіру іс-шараларын жүргізу ба­рысында өңірде заңсыз ойын бизнесін ұйым­дастырғандардан бірнеше теледидар, жүйелік блок, монитор, моноблоктар, чек сканерлері мен принтерлері, интернет модемі мен ойын терминалдары тәркіленген. Осылайша, «Стоп игра» жедел профилакти­калық іс-шарасының аясында заңсыз ойын бизнесіне бұрын-соңды ғимараттарды жалға берген тұлғаларға түсін­дірме жұмысы жүргізіліп, ескерту парақ­тары ұсынылды.

Қоғам дертіне айналған осынау мәселеге Полиция департаменті де қазір ерекше ден қойыпты. Түркістан облысы Полиция депар­таменті жергілікті Полиция қызметі басқар­­масының бастығы Асылхан Төреханов халық арасында күдік туғызатын инвестициялық салымдар, қаржы пирамидалары және құмар ойындардың алдын алу бойынша қоғаммен бірлесіп алдын алу шараларын жүргізіп жат­­қанын атап өтті. Әлеуметтік желілер мен БАҚ құралдарында бұл тақырып төңірегінде бір­қатар материал жарияланды. Өңірдің бірқатар ауданында жастар арасында агрессия, зорлық-зомбылық, құмар ойын­дар және бейәлеуметтік көрініс­тер, буллинг пен ки­бербуллинг, жат қылық­тар, құмар ойын­дардың алдын алу, жастардың ата-анамен қарым-қатынасы, девиантты мінез-құлықтың алдын алу бойын­ша түсіндірме жұмыстары барысында оқушы­лардан аноним сауалдар алынды. Аталған сауалнама қорытындысында қазір жастардың тәуелділік (лудомания) пен ойынқұмарлық дертіне шалдығуының себеп­­­терін биоло­гия­лық, психологиялық, қоршаған орта, әлеу­меттік және рухани жағдайларға бай­ланысты екендігі көрсетілген.

Сонымен қатар облыстық «Жастар Рухы» жастар қанаты тарапынан да белсенді жұ­­­мыс­тар байқалады. Жақында «AMANAT» пар­­тиясы Түркістан облыстық филиалы жанын­­дағы «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңесте де осы жайт қызу талқыланды. Кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың төрағасы Ханай Әшір­­беков елімізде ойынқұмарлықтың дабыл қаға­тын жағдайға жеткенін жеткізді. Бас­­тапқыда білместікпен басын тыққан бұл құмар ойын­­ның соңы тәуелділікке жеткізіп, талай отба­­сының шырқын бұзып отырғаны, мұнымен қоғам болып күресуіміз қажеттігі сөз болды. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, егер заң жо­басы бекітілсе, жарнамаға шектеулер қойы­лып, тыйым салынады. Олардың елімізге заң­­сыз импорты тоқтатылып, алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізілімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ой­­науына тыйым салынатын болады. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы