Зайытов барлық тестілеу жұмыстарын Ұлттық тестілеу орталығына қайтаруды сұрады.
Ринат Зайытов: ҰБТ  – Ұлттық бірыңғай тестілеу ме, әлде ұлттың болашағын тоздыру ма?
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы
2,383
оқылды

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу және Педагог қызметкерлерінің біліктілігін тестілеу жүйесіндегі олқылықтар жөнінде айтты. Аталған мәселені Мәжіліс отырысында көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі 2019 жылдан бастап еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу және Педагог қызметкерлерінің біліктілігін тестілеу «Тест жүйелерін жетілдіру» деген желеумен U-STUDY секілді жеке компанияларға келісімшарт арқылы берілгенін атап өтті.

«Бәлкім бұл келісімнің ар жағында шынымен жақсы ниет болған шығар, алайда бүгін біз бұл тәжірибенің өте сәтсіз болғанын көріп отырмыз. Ол сәтсіздіктің салдарын тағы да қарапайым халық тартып отыр. 

Дәлірек айтсақ, келісім жасалғаннан бері ҰБТ-ның бағасы 2 240 теңгеден 5 640 теңгеге, яғни екі есеге өсті. Бұл – бір. 

Келесі, өңірлерде 114 ҰБТ өткізу пункті жабылып, тест тапсырушыларға қосымша жол мен жатын орын шығынын алып келді. 

Мысалы, тест тапсыру ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік пен қуаныш. Олар баласын қолдап, барын салып орталыққа баруға мәжбүр. Өйткені, тестілеу пункттері аяқ-жетім жерлерден алыстап кетті. Онсыз да табысынан шығыны көп халыққа, бұл тағы бір салмақ болып отыр», – деді депутат.

Сондай-ақ Зайытов сол компаниялардың мемлекетке келтірген зияндарына да тоқталып өтті.

«Біріншісі, 2019 жылы Ұлттық тестілеу орталығының шотынан 46 млн теңгеден астам қаражат  U-FUTURE компаниясына бағдарламаны қамтамасыз ету үшін тікелей бір көзден берілген. 

Алайда біздегі ақпарат бойынша, қаражатқа сай бағдарламалық қызмет көрсетілмеген. 

Екіншісі, 15 жыл бойы сараптамадан өткен, мыңдаған оқытушылардың еңбегімен жасалған, кемінде жүздеген миллион теңге тұратын Ұлттық тестілеу орталығына тиесілі 21 мыңға жуық тест сұрақтары мен тапсырмалары өтеусіз негізде  U-FUTURE  ұйымына тегін берілген. 

Ал өз кезегінде  U-FUTURE  фирмасы осы тест тапсырмаларын пайдалана отырып, педагогтер үшін ақылы негізде сынақ тестілеуін өткізіп отыр.

Мұны  U-FUTURE  ЖШС-ның өңірлік тестілеу орталықтарындағы педагогтердің сынақ тестілері бойынша оңай тексеруге болады.

Үшіншіден, тест сұрақтары мен тапсырмаларының қауіпсіздігі, яғни құпиялылығы сақталмай отыр. Оған да негіз жоқ емес. Бізге келіп түскен өтініштер мен ақпараттар бойынша, кейбір өңірлерде 3 миллион теңгеге дейін пара алып, серіктестік өкілдері талапкерлерге жоғары балл жинауға көмектеседі дейді», – деп нақтылады Мәжіліс депутаты.

Осы ретте Тамара Дүйсеновадан аталған мәселе бойынша нақты әрекет жасауды сұрап, фракция атынан бірнеше ұсыныс  білдірді. 

«ҰБТ» деген – Ұлттық бірыңғай тестілеу ме, әлде ұлттың болашағын тоздыру ма?

Осы орайда Сіздерден:

– Барлық тестілеу жұмыстарын Ұлттық тестілеу орталығына тез арада қайта беруді қарастыруларыңызды;
– Мемлекеттік мекемелер көрсете алатын қызметтерге көлденең көкаттылардың араласуына тыйым салуды сұраймыз», – деп түйіндеді Р.Зайытов