Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев көлік жолдарының жөндеу жұмысы уақытылы және сапалы жасамайтынын қозғап, енді жолдың жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу бойынша депутаттық сауал жолдады.
Қазыбек Әлішев: Жолдың жөндеу жұмысы уақытылы жүргізбеуінен жыл сайын жол-көлік оқиғасы көбеюде
542
оқылды

Депутаттың айтуынша, жолдың жөндеу жұмыстары уақытылы  жүргізбеуінен жыл сайын жол-көлік оқиғасы көбейіп жатыр.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізуді тапсырған. Тіпті, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында  2027 жылға дейін 1618 шақырым республикалық автожолдардың құрылысын және реконструкциясын қамтамасыз ету қарастырылған. Бірақ әлі де жол мәселесі толығымен шешілмеді. Мысалы, Ақтөбе облысы жол сапасы бойынша өңірлер арасында төменнен санағанда үшінші орында тұр. Соның ішінде  ара қашықтығы 401 шақырым болатын «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» республикалық маңызы бар А-26 автомобиль жолы – аса қауіпті учаске. Себебі бұл жол 1960-1970 жылдар аралығында салынған. Ал жөндеу жұмыстары соңғы 10 жылда мүлдем жүргізілмеген. Осы жолмен аудандардың, қалалардың және ауылдық округ тұрғындары, көптеген кәсіпорындардың 1 тәулікте шамамен 1000-ға жуық жеңіл және жүк көлігі қатынайды. Сондықтан жолдың жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізбеуінен не болмаса пайдалануға берілген жолдардың сапасының төмендігінен жол-көлік оқиғалары мен адам өліміне әкеліп жатыр. Соңғы 1,5 ай ішінде 5 жүк көлігі аударылып, 1 жеңіл көліктің жүргізушісі қаза тапқан, – дейді Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев.

Енді осы жолды жөндеуге депутат республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

–  Қазір бұл жолды орташа жөндеу жұмысы аясында, яғни Шалқар қаласынан бастап 20 шақырымға жаңа материал қосумен суық ресайклерлеу әдісі арқылы негіздеме орналастырылды. Ал бөлінген қаражатқа сәйкес,  биыл 10 шақырымға жол жамылғысының жоғары қабаты салынбақ. Сонымен қатар жолдың 75 шақырымына орташа жөндеу жұмысына техникалық құжаттама дайындалып, оны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаражат талап етуде. Сондықтан «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» автожолының 75 шақырымына орташа жөндеу жұмысына 10,7 млрд теңге және Қандыағаш қаласынан Ембі қаласына дейін 96 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмысын жүргізуге республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет деп есептейміз, – деді ол.