2022 жылдың қараша айында басталған ChatGPT-дің таңғаларлық қабілеттері қарапайым қолданушыларды қуантқанымен технология сарапшыларының үлкен алаңдаушылығын туғызды. Адамнан ақылды ЖИ жүйелері адамзатқа қауіпті екені айтылуда
Адамнан да ақылды жасанды интеллект жасалады
Иллюстрация ts2.space сайтынан алынды
1,688
оқылды

OpenAI компаниясы қазіргі ChatGPT-4 чат-ботының орнына жаңа жүйені үйретіп жатқанын жариялады. Бұл жаңалықты Financial Times басылымына компания басшысы Сэм Альтман айтқан. Aikyn.kz жаңа нейрондық желінің қалай жұмыс істейтінін, оның қауіптерін талдайды.

Иллюстрация ferra.expert сайтынан алынды

Наурыз айында Илон Маск, Стив Возняк пен Эван Шарп сияқты технологиялық саланың беделді өкілдері ChatGPT-4 жүйесінен қуатты өнімдерді шығаруға кемінде 6 айға тоқтату туралы үндеу жариялағаны белгілі. Содан бері АҚШ, Ұлыбритания елдерінің бірінші басшылары жасанды интеллект жүйелерін жасаушы компаниялардың басшыларымен кездесіп, адамзатқа қауіпті ЖИ жүйелерін жасамауға келісімдерін алды. 

Екі апта бұрын 1-2 қарашада Ұлыбританияда ЖИ қауіпсіздігіне арналған саммит өтті. АҚШ, Еуропа елдері және Қытай елдері жасанды интеллект тәуекелдерін басқарудың жаңа стратегиясын әзірлеу қажеттігін айтып, арнайы келісім қабылдады.

ЖИ қауіпсіздігі мәселелері шешілді деген оймен OpenAI компаниясының бас директоры басшысы Сэм Альтман енді GPT-5 жаңа буынын әзірлеуді бастағанын мәлімдеді. Сэм Альтман GPT-5 нейрондық желісінің маңызды әлеуеті бар деп есептейді. Бұл қадам компанияның адам деңгейіндегі интеллектімен жарыса алатын нейрондық желі (AGI – Жалпы жасанды интеллект) жасау жөніндегі түпкі мақсатына жетудегі маңызды шешімі деп қаралуда.

OpenAI бас директоры Сэм Альтман бәрі жақсы болатынына сенімді. Фото AP сайтынан алынды. Авторы: Stephen Brashear

ChatGPT-4 платформасын бірлесіп жетілдіруге Microsoft корпорациясынан 10 млрд доллар инвестиция тартқан OpenAI жаңа жүйені үйретуге де қосымша қаржы көздерін іздеуде. Қосымша қаражат GPT-5 әзірлеуге ғана емес, сонымен қатар жалпы ЖИ-ді құруға да жұмсалуы мүмкін.

Компания жаңа тіл моделі ChatGPT-4-ке қарағанда «анағұрлым ақылды болады» деп  уәде беруде. Өйткені GPT-5 оқытуға әлдеқайда көп ресурстар мен деректер қолданылатын болады. 

OpenAI бұл ресурстарды ашық көздерден де, жобаны әзірлеуге қатысуға дайын жеке компаниялардың дерекқорларынан да жинауды жоспарлап отыр. Серіктестік бағдарламаның бөлігі ретінде компаниялар OpenAI-ды бірегей деректер базасымен қамтамасыз ете алады.

Диаграмма shaip.com сайтынан алынды

Қысқаша анықтама

Тілдік модель – табиғи тілді өңдеуге (NLP) арналған бағдарлама. Ол сөйлемдегі немесе сөз тіркесіндегі сөздердің орналасу ықтималдығын болжай алады және соның негізінде пайдаланушы қойған сұрақтарға жауап береді. 

ChatGPT жүйелері Үлкен тілдік модельдердің негізінде жұмыс істейді. Яғни, 100 миллиардтық өлшемнің негізінде жасалған жүйе нейрондық желіге деректермен неғұрлым дәл және жылдам жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бұл жүйе бірнеше секунд ішінде мәтіндік деректердің үлкен көлемін өңдей алатын машиналық оқыту алгоритмдеріне негізделген. Терең оқыту машинаға адам тілінің қыр-сырын түсінуге көмектеседі, тіпті сұрауда терминдер, ауызекі тіл, диалект немесе қателер болса да.

OpenAI ұсынған GPT-4 нейрондық желісі үлкен «адамгершілікпен», сенімділікпен және шығармашылықпен сипатталады.

Оның алдыңғы нұсқалардан айырмашылығы – GPT-4 сұрауларды тек мәтін түрінде ғана емес, сонымен қатар аудио және видео форматтарда да қабылдай береді.