Ғасырмен біртуар, сөйтіп ғасырлап жасар құбылыс елең еткізуі өз алдына, толайым толғанысқа бөлейді. Халқымыздың әр буын, бар буын ұрпағымен соны қырымен жаңара, жарқырай табысып, бірге жасаса береді. Сұлтанмахмұт Торайғырұлы – қазақ әдебиетіндегі сондай ірі құбылыстың бірі.
Құбылыс
488
оқылды

Жиырмасыншы ғасыр басында қысқа жасап, құйрықты жұлдыздай ағып өткен ақын жайлы, оның қысқа ғұмыры, қызықты әдеби мұрасы жай­лы әдебиетімізде аз айтылмаған секілді. Керек десеңіз, айтылған сөз, жазылған зерттеу ақын артына қал­дыр­ған екі том мұрадан көлем жа­­ғынан әлдеқашан асып кеткен. Соған қарамастан, Сұтанмахмұт жайлы, қазақ әдебиетшілері әлі де талай ора­лып, жаңа талап биігінен келіп, жа­нын жебелей талай ойлар айтуға тиіс те. Өйткені қазақ халқының руха­ни дүниесінде құбылысқа айнал­­ған ақын мұрасы бізден соны талап етеді. Елеусіз нәрселердің өзі уақыт өткен сайын елеуліге айналып, жұртшылық назарын аудара береді, аудара береді.

Одан небәрі үш фотосурет қана сақталып жетті. Жалындап өткен қыс­­­қа ғұмырда сәнденіп киініп, қы­­зық қуып суретке түсуге уақыт та тап­паған, ең бастысы – мұрат тұтпа­ған болуға тиісті. Әйтеуір, жиырма жеті жылдық ғұмыр ескерткіші бо­лып үш сурет (жансыз бейне) сақта­­­лыпты. Үшеуінде де өр, ойлы кес­­кінде бейнеленіпті ақын. Бұл, әрине сырт пішіні. Ақынның ішкі жан дү­­ние­сін суретке түсіру мүмкін емесі бел­гілі. Ол – фотографтың тағдырына жазылмаған. Қолынан келмейді. Ол ақынның өз қолынан келіпті. Аз ғұ­­мы­­­рында жазған, арнасынан асып-тасып жататын шабытты, өртке тиген дауылдай лапылдаған, мінезге бай, мазмұнға сақы, өткір, ойшыл сипат­ты өлеңдер ақын жан дүниесінің ішкі иірімдері ғой.

Сезімнің сыртқа шықпас түрі бар ма?

 Оны жасырар адамның күші бар ма?

Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен

Көрсетпейтін жүректің іші бар ма? –

деп өзі айтқандай, ақын «жүректің ішін» поэзия құдыретімен сыртқа шығарады. Өлеңдегі сан алуан мінез арқылы халқына ашады, жұртына жасырмай жайып салады.

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы ақын­­­­ның лирикалары әлі терең тал­данып жетпеген. Жыл-жылға, кезең-кезеңге бөлу, тақырыптық, идеялық талдау – табиғатын шын асыл поэ­зия­ның бүлкілдеп соғып тұрған жү­ре­­гін түгел ашып көрсете алмайды. Орыс поэзиясында өзгеше құбылыс­қа баланатын А.Блок, В.Маяковский, С.Есениндердің мұрасын лирикалық герой табиғаты арқылы жаңаша тану процесі жүргелі біршама уақыт бол­ды. Қазір орыс ғалымдары «система­лық анализге» көше бастады. Бұл бізге де керек.

Сұлтанмахмұттың лирикалық ге­ройы ауылдан «шығамын тірі болсам адам болып» деп армандай аттанады. Тәрбиелі, жетелі оқу орындарынан «Қа­раңғы қазақ көгіне, өрмелеп шы­ғып күн болам!» деп оралады. Бұл аз де­сеңіз, «Мұздаған елдің жүрегін, жы­лытуға мен кіремін!» – деп өршіл мінез танытады. Өзінің жеке бас мақ­сатын – халық тілегімен егіз ұш­тасты­­­рып, ел тілегіне орай ірі ойға ұм­тылады. Сұлтанмахмұтпен бірге оқыған шәкірттің бәрі бірдей ақын болған жоқ. Ақындығы өз алдына Сұлтанмахмұттың лирикалық ге­­ро­йы­­­­­мен де бәрі бірдей мұраттас бола алмаған. Өйту үшін де ірі табиғат ке­рек. Ақында сол ірі табиғат бар. Ол – ғасыр тоғысында дүниеге кел­­­ген ақын. Қарапайым жандардың өзіне зор ықпал етер дүрбелең жыл­­дар та­лант­ты ақынның ішінде тұнып жат­қан сұрапылын, дауылын оңай қоз­ғап жібермей ме? Өзгені жалын алса, Сұлтанмахмұтқа әсер ету үшін ұш­қын­ның өзі жеткілікті. Уақыт тала­бы­на суарылған ақын іздене өседі, со­ған орай лирикалық герой да іл­­гері­леп, әр алуан табиғатқа бөленеді. Алғашқы кезең өлеңдеріндегі қара­­пайым мінез келе-келе күрделене тү­­се­ді. Жол басындағы балаң поэзия бояуы барған сайын қоюлана береді.

Лирикалық герой – ақын талан­ты­ның жемісі. Ақынның талант нәрі, білім өресі, ізденіс өрісі – лирикалық ге­ройды да соқталандыра түсері анық. Зерттеушілер әлі күнге Сұлтан­­махмұт «оны оқыған», «мұны оқыған жоқ» десіп жүр. Ізденіс өрісін аңғарту үшін балаң шағындағы мына бір өлеңін алға тартайықшы:

Тұрмыс, тағдыр бірі де

Бұл мақсаттан бұра алмас.

Қаһарман Рүстем, Әли де

Бұрам деп жолда тұра алмас.

Қаһарман Рүстем, Әлилер ойың­­ды көне шығыс әдебиетіне жетелей жөнеледі. Ол діни кітаптармен бірге шығыстың жеті жұлдызы шығарма­ларымен де бала шақтан сусын­да­ған­дай ғой. Қазақ сахарасына көне шы­ғыс әдебиетінің балқаймағы қалай келеді? Адам Мецтің «Мұсыл­­­­­­ман­дық Ре­нес­санс» атты еңбегі, ака­демик Н.Конрад болжамдары біздің пікірі­­мізге тиянақ бола алады. Нәзи­ра, аударма т.б. жолдардың баршасы­мен еркін келе береді.

Әйтпесе:

«Адам – құл өзін жеңіп ұстамаған»

Деген бір Сократтың бар нақылы –

 деген жолдарға зер салайық.

Жаңа ғасыр көгінде тіршілік кеш­­кен қазақ ақын-жазушылары ішінде Шығыс философиясына баратындар кездеседі. Тіпті, олармен (Шығыс фило­соф­та­рымен) пікір жарыстыр­ғандар да болған. Бірақ олар Шығыс­та (не Батыста) мынадай философ болған деп таныстырып алар еді. Ал Сұлтанмахмұт Сократты қалыпты, ертеден етене құбылыстай қарайды.

Осылардан кейін ой түйсек, Абай данышпандығының бір көзі болған Шығыс әдебиеті мен философиясы Сұлтанмахмұт талантының да гүлдей ашылуына ықпал еткен бір фактор деп қарауға тура келеді.

Енді оның Батыс әдебиетінен, орыс әдебиетінің ғажайып талант­­тарынан қалай үйренгені туралы ай­тайық. Сұлтанмахмұт бір өлеңінде «Ет жейтін ауыз құрымай, әділдік ор­на­масына көзім жетті», – дейді. «Ет жей­тін ауыз құрымай» – бүтінді бөл­шегімен айту, жалпыны жалқы де­таль­мен жеткізу. Ақындық тапқыр­лық. Осы жаңалықтың тегінде Л. Тол­­­с­­тойдың наным-сенімі, ұстан­­­ған көз­қарасының ықпалы жатқан жоқ па? Толстой ықпалы? Иә, оған таң қа­­луға болмайды. Қазақ жазушы­­­ла­рының Л.Толстоймен байланысы – кү­ні ертең тарих ашатын факті. Ұлы орыс жазушысы қазақ даласынан өз үйін­де сый да қабылдаса керек.

Сондай-ақ «Адасқан өмір» поэма­сындағы:

 Жер суып, жердің үсті мұзға айналып,

Күн сөніп, жерге жарық тимегенде,

Мен не түрде жүремін, жауап берші,

Жер тозып, быт-шыт болып  күрегенде?

деген шумағы да Лев Толстойдың Күн­ге мадақ сөзінен туындап жатқан ой емес пе? Біздіңше солай!

Қазақ ақынының:

Бақыт – құс ұшып жүрген 

қолға түспес,

Билеуге оны ешкімнің күші жетпес.

Қолыңа құдай айдап бір қондырса,

Барам деп мен анаған ұшып кетпес... –

деген өлеңі орыс жұртшылығы Пуш­киннен кейінгі данышпан ақынымыз деп қадірлейтін Александр Блоктың «Гамаюнын» еске түсіреді. Торайғыр­ұлы мұрасын зерттеуді өмірлік қызы­ғына айналдырған профессор Бей­сем­бай Кенжебайұлы «Ғайса кім?» өлеңін Блоктың «Двенадцать» поэ­масы­­мен өте орынды салыстырады.

Ақынның қай өлеңін алсақ та бү­тін бітім, өзіндік сом-сом ойға кез­де­се­міз. Әйтсе де, дарыннның кемел­деніп, толысуының айғағындай «Адас­­­­­­­­­­­­­­қан өмір», «Кім жазықты?» секіл­ді шы­ғар­­малары айрықша жеміс дерлік. «Кім жазықты?» – уақыт ты­ны­сын жете пайымдаған тақырып. Та­­қы­рып Герценнің «Кто виноват?»-ы­­на бас­тап тұрғаны анық. «Кедей поэмасы­на» жазылған мына орысша сөзбасы­на қараңыз: «Все, что существует в мире, есть результат известных дейст­вий, условий и среды. Человек может творить эти условия, что и отличает его от животных. На этом основано все, что изобретено человеческим умом. Отсюда цель моеге произведения может быть, пожалуй, ясна.

1919 год. Султанмахмут»

Қаз-қалпында келтіріп отырған сөзбасы «Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларының кілті іспетті, идеялық қазығы дерлік. Зерттеушілердің бұл шығармаларға айрықша зер салуы тегін емес, бір рет, бір демде ақ қағаз­ға төгіліп түсе қалған поэмалар – Сұлтанмахмұттың шырқап шыққан биігі. Бұл шығармалар Сұлтанмах­­мұтты өзінің тұстасы, «Гамаюн» атан­­ған А.Блокпен рухани туыстырады.

Ойласам дүниеде қанша жан бар:

Адам бар, ағаш бар, мал мен аң бар,

Жанды, жансыз нәрсенің бәрі-дағы

Әр себептің жемісі байқасаңдар,

секілді философиялық үлкен өреге ақын ақылды Шығыс поэзиясы мен тұстас орыс әдебиетінің тегеурінді фи­лософиясынан үйрене отырып жеткені анық.

Міне, осындай, үйреніс көздері­нен, қайнарбұлақтан нәрленген та­ланттың лирикалық геройы, оның қадір-қасиеті, назы мен базы бәрі де қаптарлы терең жатуы – табиғи.

Ақындық шеберлік жайлы аз сөз. Сұлтанмахмұт поэзиясында сөзге зер сала, ана тілі байлығын ұштай қол­дана­ды.

Қазақ «бір тұтам» десе, сол ұғым­­ды ақын жаңалап «Секілді өмір қыс­қа жарты тұтам», – деп қолданады. «Қазаққа басшымыз дер шляпалар»-да осы іспетті саналы ізденіс жемісі.

Ақ сәуле, күміс жүзді, құндыз қабақ,

Сен гүлсің иіс шашқан жарып сабақ.

Болғанда көзің – жақұт, етің – 

    торғын,

Қасың-ай, шашың – жібек, 

          мамық тамақ.

Аздаған статикалық қалып бар демесек, өлең – образдылық, көр­­­кем­­­­діктің бір үлгісі.

Үзінділермен шектелдік. Мұндай сонылық, жаңалықты қолданыстар ақында мол­ынан кездеседі. Факті­лер – ақынның қазақ сөзінің тұтыну­шысы ғана емес, қайраткер қамқор­­шысы болғанына дәлел. Пуб­­­ли­­­­­цис­-

ти­­­калық мақалаларындағы тілді таза сақтау жайлы ойлары да осы пікірі­міз­ді нықтай түседі.

Құбылысқа айналар ұлы дарын­­дар шығырмашылығы, ұлт әдебие­­­­­­тінде дәстүр түзуге тиісті. Қазақ поэ­зия­­­­сында Сұлтанмахмұттан үй­­­­­­рен-

­­­­­­­­­­­­­бе­­­­­ген ақын аз шығар-ау. Әсі­­ресе, айрықша үйренген ақындар, біз­діңше, Қасым Аманжолов, Мұ­­қағали Мақатаев, Жұбан Мол­даға­­­­­­лиев. Қасымның «Дариға», «Өзім туралы», Мұқағалидың «Жан азасы», Жұбан­ның «Мен – қазақпын» секілді шы­ғармалары – Сұлтанмахмұттан тіке­лей шығармашылық үйреніс же­­­міс­тері. Аталған шығармалар – қазақ поэзиясының інжу-маржаны қата­ры­­на қосуға боларлық аса үздік туын­­дылар екені және шындық. Осы­­­дан ой түйсек, Сұлтанмахмұт өзі құбылысқа айналумен бірге, келешек өмір, өнер құбылысына да ықпал етуші ерен рухани күш.

Сұлтанмахмұт – өз өмірінің, жеке бас тіршілігінің рақатын халық бақы­тына айналдырған, өзінің қысқа ғұ­мырын халық жолына жұмсаған ақын. Әйтпесе, отызға жетпеген жа­сында:

Жасамаймын «Еңбектің,

Жемісін көзбен көрем», – деп,

Жасаймын «бір қолқабыс,

Кейінгіге берем», – деп, айтар ма еді?!

Енді бір өлеңінде:

«Менің досым әлі алыста...» – деп өз мұрасының тағдырын ишара­лай­ды. Кейінгі ұрпаққа сенім көзін қадайды. Осы ойын:

Елімнің мен шын ұлы екеніме

Тағдырдың өзі берер куәлікті, – деп екінші өлеңінде тиянақтай түседі.

Тарихқа жүгінсек, таланты ерек, табиғаты бөлек құбылыстар толассыз зерттеледі. Әр алуан өнер арқауына өзек болады. Сеніміне орай, қазақ хал­­қы ұлы ақынның есіміне, әдеби мұрасына иелік етіп отыр. Оның өмі­рінен роман жазылды, шығарма­­сы­нан опера туды. «Правда» газеті қыр­қыншы жылдардың өзінде «Зор ақыл­ды, талантты, өмірбаяны өте қызық, тамаша жазушы» (171/8217/ саны. 21.VІ.1940 жыл) деп бағалаған еді. Ақын мұрасы осы бағалауға ла­йық зерттеліп те келеді. Зерттеу де­ген­де, қыран жүрек ғалым, cұлтан­мах­мұттанудың негізін салушы про­­фес­сор Бейсембай Кенжебай­­­­ұлының Кеңес қоғамының қырын қабағына қарамай, ағынға қарсы жүріп, түрлі ағымдармен күресе жү­­ріп, ұлы ақынның азаматтық басын да, ақындық ақық әдеби мұрасын да арашалап аман алып қалғанын қадап айтуымыз керек.

Қыран ғұмырлы ақын мұра­сының кең танылып, терең ыжда­ғатталғаны үшін қазақ халқы бір адамға, сол ғалымға, әсіресе қа­рыз­дар деп біле­­міз. Ол – Сұлтан­махмұт мұрасын зерт­теуге жарты ғұмы­­рын жұмсаған айтулы ғалым, табанды зерттеуші, профессор Бей­сембай Кен­­же­­­­байұлы!

Қазір С.Торайғырұлы және оның мұрасы 20-30 жылдардығы ұлтшыл, 40-50 жылдырдағы клери­калық-бур­­жуа­­­зиялық, 60-жылдар­дағы адасты, Алашордаға қызмет еткен деген қаң­­­­қу сөз, қате баға­­лаулардың бәрі­­­нен тазарған. Қазір «С.Торайғыров – Абай­дан кейінгі ұлы ақынымыз» – деген профессор Бейсембай Кен­­­же­­бай­ұлы концеп­циясы орын тепті. Ұлы ақын – қазір халқынның құша­ғында! (Ақын мұра­сының зерттелуі, бұл – өз алдына дербес әңгіме еншісі дерлік басы ашық, арнайы әңгіме!)

Мәңгілікпен салыстырғанда қас-қағымға келмес қысқа ғана ғұмыр кеш­кен, оны ұлтының ұлы мұратына, жарқын болашағына бағыштаған ақын сан ғасыр межесіне кетер, сан­сыз буын ұрпағына жетер мәңгілік мұра қалдырды. Өзі де халқының әрдайым айта жүрер, әрдайым арқа­­­сүйер мәңгілік құбылысына, рухани игілігіне айналды.

Ол – құбылыс!

Құлбек ЕРГӨБЕК, 

 филология ғылымдарының докторы, 

профессор