Биыл еліміздегі үздік қорлардың һәм жобалардың бірі «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының құрылғанына 30 жыл толып отыр.
«Білім-инновация» қорының құрылғанына – 30 жыл!
1,995
оқылды

Биыл еліміздегі үздік қорлардың һәм жобалардың бірі «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының құрылғанына 30 жыл толып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Білім мен тәрбие саласында дәстүрлі әрі халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып, жаһандық дәуірдегі бәсекеге қабілеттті тұлғаны қалыптастыруды өмірлік мақсұт еткен қордың істеген еңбегі ұшан-теңіз. Осы уақытқа дейін ел аумағында 32 «Білім-инновация» лицей-интернатын, 1 колледж,  Spectrum  халықаралық балабақшасын, 8 жекеменшік мектеп пен SDU университетін салып үлгерген аталмыш ұйымның жеткен жетістігі де аз емес.

Халықаралық деңгейде 4 558 медаль, республикалық деңгейде 5 142 медаль, жалпы саны 27 593 медаль жеңіп алған, ал өңірлердегі оқу орны бірнеше рет Гиннестің рекордтар кітабына енген лицейдің адами капиталдың дамуына қосқан үлесі орасан.

 

Біз бүгін ішін аралап, ондағы оқу үдерісін бақылаған лицей-интернат «Астана қаласының қазақ-түрік лицейі» деген атаумен 1994 жылы  қыркүйек айында ашылған екен. 2003 жылы «Дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты» ММ, 2017 жылы сәуір айында атауы  «Астана қаласы әкімдігінің «Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты» КММ деп, 2019 жылы 19 шілдеде  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты» КММ деп өзгертілген. Ал биылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің «Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты» КММ  деп аталады.

 

 

Лицей – негізінен оқыту тілі қазақ тіліндегі мамандандырылған білім беру ұйымы болғанымен, жаратылыстану-математикалық цикл бағытындағы пәндер толық ағылшын тілінде өткізіледі. Сонымен қатар білім алушылар лицейді бітірген соң, қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін де меңгеріп шығады. Оқыту бағдарламалары 7-11-сыныпқа құрастырылған.

 

Лицей түлектері 30 жылға жуық уақыт аралығында халықаралық білім сайыстарында еліміздің көк Туын желбіретіп, қазақстандық білім мәртебесін арттыруға өз үлесін қосып келеді. Оның жарқын дәлелі – лицейдің 2003 жылдан бастап осы күнге дейін  үздіксіз «Ең үздік олимпиадалық мектеп» марапатына ие болуы. Бұл марапатқа жетуде «БИЛ-дағы» «Әлем педагогы» атағының иегері, Гинесстер кітабына енген, білім саласындағы көптеген мемлекеттік награда иесі, республикаға танымал математик Муаммер Гульдің орны ерекше екенін оның әріптестері де айтып отыр.

 

Біздіңше, оның мұндай жетістікке жетуінің бір себебі өмірді қарапайым мектептегі мұғалімдердей емес, өзгеше түсінуінде. Себебі  талапты мұғалім БАҚ өкілдерімен жолыққан сәтінде «олимпиаданың» философиялық ұғымына былайша талдау жасады:

«Олимпиада дегеніміз не? Көпшілігіңіз оны жарыс, бәйге деп айтуыңыз мүмкін. Меніңше, олай емес. Ол – өмір һәм терең ой. Ал терең ойлау үшін адамға не керек? Қызығушылық керек. Ал қызығушылық үшін не керек? Әрине, махаббат керек. Бала өзі істейтін дүниені жақсы көруі керек. Сонда ғана нәтиже болады. Ал мен сол балалардың математикаға деген махаббатын оятуға тырысамын. Адам ақылды болуы керек. Ақылды адам ғана өмірдің кез келген сәтінен, жасаған дүниесінен максималды деңгейде ләззат алады, ләззат ала отырып, өмірді сүйеді», - дейді математик Муаммер Гуль.

 

Математик мұғалім Муаммердің айтқан сөзінің жаны бар. Өйткені оқуға деген терең құлшыныстың арқасында болса керек, БИЛ түлектері әлемнің «ТОП-10», «ТОП-100» қатарындағы алдыңғы қатарлы ЖОО-да оқиды. Атап айқанда, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Жапония, Қытай, Канада, Сингапур, Гонконг, Малайзия, Түркия және Еуропа елдерінде білім алады. Cоның ішінде Ұлыбританиядағы Оксфорд пен Кембридж университетінде, Оңтүстік Кореядағы ЮНИСТ техникалық университетінде, АҚШ-тағы Солтүстік Америка мен Массачусетс технологиялық университетінде де білім алады.

 

Сонымен қатар БИЛ-дың тәрбие саласында да жеткен жетістігі көп. Себебі мұнда көптеген ізгі идеяларды жүзеге асыратын игі іс-шаралар өтіп тұрады. Дәлірек айтсақ, адами құндылықтарға негізделген білім берудің арқасында қарттарға, арнайы білім беру ұйымдары балаларына, ардагерлерге оқушылардың қатысуымен көмек беріледі. Астанадағы БИЛ директоры Руслан Сихымбековтың айтуынша, лицей мемлекеттік мекеме болғандықтан, қаржы көзі аз. Сондықтан түлектер өз тарапынан қолдау білдіріп, оқу орнына үнемі қаржылай көмек көрсетіп отырады екен.

Алтынбек МЕРСАДЫҚ