Көпен Әмірбек – қазақ сатирасының талантты өкілі.
Күліп келіп өмірге, күліп өткен...
3,801
оқылды

Өзіміздің Көпекең

Көпен Әмірбек – қазақ сатирасының талантты өкілі. Ұғымға айналған есім. Жүрген ортасын әзіл-қалжыңға қа­рық қып, маңайына шұғыла шашып өткен тұлғаның өмірден озып кетуі жан жүрегіңе салмақ салады екен. Сан жыл аға-іні боп сыйласқан, сан сапарда бірге жүріп сырласқан сәттеріміз бар еді. 

Көпекең жайлы сөз болса, қазақияның төрт шал­ғайын­дағы жұрт «Өзіміздің Көпен» деп ілтипат білдіріп жатады. Ха­л­ықтың сүйіктісіне айналып, жұртының махаббатына бө­лену деген осы шығар.

...2021 жылдың шілдесінде Астанадан ұшып Шымкентке бара қалайын. Әдеттегідей талантты ақын інім Бақытжан Алдияр қарсы алды. Қасында белгілі журналист, Көпекең­нің інісі Ерсұлтан Әмірбек бар. Екі ініммен қауышып, Ба­қыт­жанның төріне шығып, бір ғажайып күй кешпейміз бе? Күн жанып тұр. Өзі де ыстық Шымқала Бақытжан жыр­ларын тыңдаған соң тіпті күйіп кеткендей.

 – Қазір аға, мынау ас-суды ішкен соң жеңгей екеуіңізді Қазығұрттың басында демалыс орны бар, Нұрлан досыма апарамын. Салқын жай, сонда қонып қайтамыз, – деді ол. 

Солай болды да. Бесін ауа келген біздерді Нұрлан батыр ала­қанда аялады. Тау суына шомылып, сарқырамаға шо­мылып, салқынжайда тыныстап, ғажайып сәттерді бастан өткердік. 

Келесі күні қалаға оралсақ, Көпекен телефон шалды. Өзі көңілді. 

– Шымқалаға қош келдің, Тоқа бала! – деп қояды. Тоқа – менің руымның атауы. Кейде қалжыңға сүйеп солай атай­тыны бар еді. Ерсұлтан айтқан шығар. – Мен Шым­кент­те «Жол-жөнекей» атты хабарлар сериясын жасап жүр­мін. Ертең таңғы жеті жарымда Асанбай Асқаров атын­дағы саябақта өзіңмен түсірілім болады. Келістік пе? Содан соң қайтқанша бірге жүреміз.

 – Келістік, Көпеке! – деймін мен де. 

Келер күні күн ысымай тұрып бір жарым сағат арман­сыз әңгіме-дүкен құрдық. Небір тосын сауал, әзіл-қалжың кетіп жатыр. Тіпті, телехабар екенін ұмытып кеттік-ау дей­мін. 

Шымкенттен қайтқанша бірге жүрдік. Оның адамды ая­лай алатын көңіліне, еңбекқорлығына, ізденісіне қатты риза болдым. 

Ана бір жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде бел­гілі тұлғалармен, ақын-жазушылармен сұхбаттар се­рия­сын жасады. Мен сол кезде бас редактордың орын­ба­сары едім. Көпен Әмірбектің кез келген сұхбаты оқылым­ды болды. Жарық ой мен жанды сөздің қосындысы секілді қабылданатын. 

Астанаға қоныс аударғанымда да алғашқылардың қа­тарында қоңырау шалған Көпекең болды. Ала таңмен Есіл бойын жағалап ұзақ сырласатынбыз. Кейде кенжесі Жұба­ныш­ты бірге алып шығатын. 

– Көшіп келгенің керемет болды, таңғы ауа қандай, ә, – деп мәз болатын еді. 

...Тастағандай тамызың шоққа қалың,

Қалжыңыңмен талайды қақтағаның,

Елең-алаң Есілді жағаласам – 

«Көпен келе жатыр ма?» деп қаламын.

 

Ұлы да өткен жалған бұл, 

Ірі де өткен,

Тілің семсер секілді тіліп өткен...

Жарық болсын алдыңыз, 

Жақсы ағасы – 

Күліп келіп өмірге, күліп өткен. 

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері

 

Ел танып, жұрт сыйлаған қайран ағам!

Өмірдің жолы күрделі әрі бұралаң,

Жаратушымыз оны ақ-қарадан құраған.

Қай заман болмасын, кімнің болмасын жол, үлгі көр­се­тетін, жөн сілтейтін, арқа сүйейтін тұлғасы болады. Мен үшін арқасүйер ардақты адам  сатира сардары, ел танып, жұрт сыйлаған Көпен аға еді. 

Әкем жазушы, сатирик, этнограф Сейіт Кенжеахметұлын өмір бойы құрмет тұтып, еңбектерін насихаттауға сүбелі үле­сін қосты. Сатира жанры кенже қалып бара жатқаны жанын ауыртатын. Көпен ағаның қолдауымен республика көлемінде Қостанай облыстық мәдениет бөлімінің басшысы Ерлан Қалмақовтың ұсынысымен «Мірдің оғы» сатира театрла­ры­ның фестивалін  ұйымдастырып, жыл сайын өткізуді дәс­түрге айналдырған еді. Қазылар алқасының төрағасы ретінде орта­да тау тұлға болып отыратын. Жастарға ақыл-кеңесін, сынмен емес, ұтқыр сөзімен күлдіре отырып айтатын. Еш­кім­нің жанына қаяу салмай, көлеңке түсірмеуге тырысатын. Парасаты мен пайымы мол, мейірімі мен шапағаты ерекше сәуле шашып тұратын. Баз біреулер сияқты руға, жерге бө­лініп, сиырбүйректенуді әсте білмейтін. Жүріп өткен жерінде қо­шемет пен құрмет көрсетпейтін халық, күлкі мен ұтымды сөзі қалмайтын жері болмайтын. 

Мені қатты ойландырған бір сөзі есімнен кетпейді. Шал­ғайда жатқан Арқалық, Қостанай қалаларына барғанда өнерлі жастарға риза болып, таңданысын жасырмайтын, риза болатын. Әкем туралы көп, жиі айтатын, аузынан тастамайтын. Бірде мен әкем туралы сөз сөйлегенде «Мен саған «бұлбұл» деп ат қойдым. Сөз саптауың жақсы екен. Әкең Сейіт менің ағам ғой» деп мерейімді өсірсе, бірде «Мен Зәмзәгүлді көргенде мешіт көргендей боламын» деген сөзі мені қатты ойландырып тастаған еді. Бұрын-соңды осындай тамаша өрнекті сөз естімеген едім. Ойы терең, астарлы, сұлу сөздің бағасы мен құнын білетін қайран ағам-ай. Тек менің ғана емес, жан-жағындағы үлкен-кішілердің жақсы жағын ғана көріп, өмірінің әр сәтін бағалай алды. Өмір жолы жасындай жарқыраған, сондай мазмұнды, мәнді, тамаша.

Қамшының сабындай ғана қайран тірлік бір күні шарт сынары, ішер суымыздың таусылары әмбеге аян. Өмірдің өзі қызыққа толы болғанымен, өтетіні өзекті өртейтіні өкініш­ті… Әсіресе, қимас жанын мәңгілік мекеніне шығарып са­лып, өткен күндерді сағынышпен, көз жасын бұлап отырып еске алатын жақындарына аса ауыр... Сәт сайын өкініштің өзе­ні арнасынан тасып, қайғының қара жауыны нөсерлетіп кететіні-ай... 

Жан жарым, Асылханым айықпас дертке шалдығып, кейін өмірден озғанда көз жасымды көл қылып жүргенде қасымнан табылды, басу айтып, шын ағалық ниетін білдіргенін, менің қайғымды бөліскенін қалай ұмытармын?! Көпен аға жылулықтан, мейірімнен, іріліктен, мәрттіктен...жалпы қандай жақсы қасиеттер бар мына әлемде, соның барлығын бір бойына жинаған, жүрген жерінде соны үлестіріп жүретін ерекше жан еді. Әттең, өткен шақта айтуға тура келеді-ау. 

Ардақты ағаның ғұмырдариясы  мәңгілік ағысқа ауысты… Кеудемізде жан барда аяулы Көпен ағаның жарқын бейнесі ұмытылмақ емес! 

Орның пейіштің төрінде болсын, бақұл бол, жан Аға!!!

Зәмзәгүл КЕНЖЕАХМЕТОВА,

Сейіт Кенжеахметұлының қызы

 

Көпен қайта тумайды

«Туған ай – тураған ет» дейді. Көпен Әмірбек дейтін бірегей тұлғаны қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі деп айтсақ, артық емес. Сол кісінің де дүниеден өткеніне бір жылдың жүзі болыпты. Жыл бойы әртүрлі форматта: шығармашылық кештерде, қоғамдық орындардағы кездесу-жиындарда, әлеуметтік ортада болсын, Көпен ағаның орны ошақтай болып, көрініп тұрды. Жоқтығы білінді.

 Көпен ағаны студент кездерден бастап-ақ таныдық. Кейін келе жанына серік болып, ізінен ерген інілерінің бірі ретінде қасында жүрдік. Ол кісі – қай саланың өкілі болса да, тіпті бизнес саласында жүрген жігіттерге де жақсы аға бола білген азамат. Сол көп інілердің қатарында өмірдің әртүрлі бұралаң, күнгей-теріскейінде де қасында бірге жүрген іні болдық. 

Садықбек Адамбеков, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров салып кеткен сатира саласында, ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы әдебиеттің құлдырау кезеңінде, одан кейінгі әдеби рухани кеңістіктің солғын тарта бастаған кезінде де осы сатира саласында өте бір жемісті еңбек етті. Тек сатирада ғана емес, аударма, эссе, басқа да жанрларда өте сапалы қызмет еткен, халыққа жақсы шығармалар ұсынған азамат. 

Көпен аға 60-қа толған кезде Қадыр Мырза Әлінің «Алпысқа келген акула» деп жазғаны бар. Ол кісінің шығармашылық келбетін, қайраткерлік қырын, адами болмысын, інілік ізетін кереметтей суреттеп жазды. «Акуланың түрі көп. Соның бір түрі уылдырықтан өспей, бірден акула боп туады. Өзі өте ірі, өте салмақты тұқым болса керек. Сондықтан да болуы керек, өмірге келе сала жүзіп, жүзіп жүріп өлетін көрінеді. Жүзбесе, судың түбіне кетеді. Өйткені ауыр. Жүзіп жүргенде білінбейді. Сәл тоқтаса – қауіп, өлім... Мен Көпен бауырымды көптен білем. Оның бір асықпай жүргенін, жұмыссыз жүргенін, алаңсыз, тыныш отырғанын көргенім жоқ. Үнемі шаруа үстінде, үнемі іздену үстінде. Әйтпесе, әлгі акула секілді құрдымға кететін түрі бар. Жақсы қасиет, жақсы қылық! Жасыратыны жоқ, мен өзім де осындай адаммын. Демек, Көпенді жақсы көруім, табиғи туысым деп есептеуім заңды құбылыс...» дейді Қадыр аға. Расында, айна қатесіз, Көпен аға да бір тынбайтын адам еді. Әдебиетке қалай келді, солай акула сияқты тынымсыз еңбек етіп, әдеби ортаға танылды. Оқуға түсті, оқу оқып жүріп, әскерге барып келді. Қиыр Шығыста әскери борышын өтей жүріп, ұдайы редакцияға хабарласып, шығармаларын жіберіп отырған. «Балдырған», «Пионер» (қазіргі «Ақжелкен») журналдары мен «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті сияқты балалар басылымдарына жиі жазып отырған. 

Акула секілді Көпен аға өмірі де еш қозғалыссыз болған емес. Тынымсыз еңбек етті. Сатираны жазып жүріп, сатиралық театрдан да алыс кетпеді. «Көпен келе жатыр» деген әзіл-сықақ театрын құрды. Оның сыртында «Заман-ай» дейтін жыршы-термешілердің республикалық фестивалі болды. Соның да басы-қасында өзі жүрді. Сол фестивальға Қадыр Мырза Әлі аға бастап барған еді. Шәміл Әбілтай, Көпен аға, бәріміз бірге Қызылордада фестивальды өткізіп қайттық. Өте қиын уақыт болатын. Соған қарамастан ұлттық мұра, дәстүрлі мәдениетіміз өшпесін, өлмесін деп демеуші тауып, бас жүлдеге көлік беріп, керемет кеш өткізіп еді. 

Көпен аға түлеп ұшқан туған жерінде, қара шаңырағында болдық. Әмірбек әулетінде бәрі шығармашылыққа жақын. Төпен дейтін әзілге бейім, сөзді тауып айтатын мықты інісі бар еді. Ол кісі де өмірден өтіп кетті. «Балапан базар» дейміз, Базарбек Түкібаев дейтін туған інісі бар. Ол кісінің де сатирада үлкен орны бар. Ең кенжелері Ерсұлтан Әмірбек те журналистика саласында жүрген жақсы азаматтардың бірі. Сағынышы мен Қуанышын, Жұбанышын ерекше жақсы көретін. Перзентіне деген әкелік қамқорлығы бөлек еді. 

Ұзақ жылдар бойы «Шалқар» радиосында қызмет істеді. Кейін радио Алматыдан Астанаға қоныс аударғанда ол кісі де бірге көшіп келіп, астаналық атанды. Оқта-текте Астанаға іссапармен келген уақытта Көпен ағаға арнайы соғып, амандасып қайтатын едік. Ол кісінің болмысының өзі бөлек болатын. Киім киісі де ерекше еді. Өзінің «Волга» көлігі бар, біз келгенде сол көлігімен қарсы алатын. Кішкентай Жұбанышы қасында бірге жүреді. Көлік жүргізу мен киім киюдегі үлгісі ерекше болса, шығармашылықтағы үлгісі де ешкімге ұқсаған жоқ. Оспанханға еліктеп, сол кісінің жетегінде кеткен жоқ. Болмаса, Садық Адамбеков секілді сатирадан роман жазған жоқ. Сатирадан да ешкімге ұқсамайтын өз орнын тапты. Үмбетбай Уайдиннің өз бағыты, Толымбек Әлімбекұлының өз стилі болды. Кейінгі жас жігіттер: Қанағат Әбілқайыр, Қанат Ескендір секілді жігіттерді тәрбиелей жүріп, мүлдем бөлек қолтаңба қалдырды. Көпен Әмірбек деген аты-жөнін алып тастап, шығармасын оқысаңыз, қолтаңбасын бірден танитын деңгейге жеткізді. Жазушылар одағындағы айтыс-тартыстарға да араласқан жоқ, ондай сәттер болса да, әділет жағына жығылатын, өзінің ой-пікірін ашық айтатын, кез келген топтың сөзін сөйлеп кетпейтін таза адам болды. 

Кемеліне келіп, ел ағасы жасына жеткен шақта ол кісінің дүниеден өтуі – туыс-туған, біз секілді інілері үшін де емес, жалпы әдебиет әлемі, руханият ауылы үшін де ауыр қайғы болды. Ол кісінің екінші өмірі басталды. Оның есімін ел жадында сақтайды. Сол жолда түрлі іс-шара ұйымдастырып, туған жерінде, ғұмырының ұзақ уақытын арнаған асқақ Алатауының баурайындағы Алматы мен өмірінің соңғы сәттерін өткізген Астанасында көше аттарын беру, ескерткіш тақта орнату секілді еңбектер атқарылуға тиіс деп есептейміз. Уақыт ұзаған сайын ол кісінің орны айшықтала береді. Біз ол кісіні сағынатын боламыз. Көпен аға енді қайтып тумайды, қайтып келмейді...

Жанарбек ӘШІМЖАН,

Мәжіліс депутаты