Кеше Парламент Мәжі­лі­сі­нің жалпы отырысында депутат Нартай Аралбайұлы спорт са­ла­­сындағы былықтарды жайып салды.
Нартай Аралбайұлы: Спортқа бөлінген қаржыда былық көп
749
оқылды

Мәжіліс депу­таты, «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшесі Нартай Сәрсен­ғалиев Премьер-Министр Әли­хан Смайыловқа жолдаған са­уа­­лында түсініксіз спорт түрле­ріне бөлініп жатқан қаржының тым көп екенін айтты. Халық қа­­лаулысына хабарласып, де­пу­таттық сауалына қатысты бірер сауал қойдық. 

– Нартай Аралбайұлы, Үкімет басшысының атына жолдаған сауа­лыңызда қазақы түсінікке жат спорт түрлеріне есепсіз қаражат бөлініп жатқанын айттыңыз. Ол қандай спорт түрлері?

– Қазақстан ел қазынасынан 180 спорт түріне қаржы бөледі. Сол 180 спорттың ішінде пенчак силат, спорт­тық балық аулау, биатл, триатл, пе­танк, текбол,  черлидинг дегендер жүр. Осындай спорт түр­лері дәл қазір бізге қажет пе? Айт­пақ­шы, бюд­жеттен қаражат бөліне­тін тағы бір спорт түрі бар, «спорт на пилоне» деп аталады екен. Бұл не деп қа­рас­тырсам, кәдімгі түнгі клуб­тарда билейтін биге ұқсайды. Бір қызығы, Қазақстан әлемде бірінші болып осы спорт түрін ресми тір­кепті. Екінші мойындаған ел – Мексика. Сонда әлем жаппай та­нып, айналысқа енгізбеген спорттың осы түрін біз бюджетке кіргізіп қой­ғанбыз. Ал, керісінше ұлттық спорт түрлеріне келгенде ақша тап­шы. Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға бар болғаны 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған. Өте аз. Мұны қалай түсінуге болады? Осыдан келіп ұлттық спорт түрлерін толық қолдап, дамыта алмай отыр­мыз. Мәселен, қыз қуу спортын алы­ңыз. Бұл біздің ешбір елде кез­дес­пейтін, нағыз таңғалдырар, таң­дай қақтырар спортымыз. Бірақ ұмытылып барады. Соңғы рет қыз қууды қай жарыстан көрдіңіз? Жоқ. Спортқа қаражат бөлетін азаматтар оны естен шығар­ған. Ол аздай, қазақ күресін мазақ қылып турнир ұйым­дастырып, оны жаһанға жариялап жүргендер бар. Сондықтан министр­лік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басым­дық беретін ба­ғыттарда олимпиада­лық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиа­далық спорттар қалуға тиіс. 

– Жоғары жетістіктер спортына 775 млн доллар бөлінетінін айтқан ақ­паратыңыз әлеуметтік желіде бір­ден қызу талқыға түсті. Бұл мәліметті қайдан алдыңыз?

– Өткен аптада бюджетті қара­дық қой, өзім Мәжілістегі Әлеумет­тік-мәдени комитеттің мүшесі бол­ғандықтан, әлеуметтік-мәдени салаға бөлінер қаражатқа баса назар аудардым. Сол кезде қарасақ, Қа­зақ­станның жоғары жетістіктер спор­тына бюджеттен 775 миллион доллар бөлініп отыр. Мынау не масқара дедік? Мына жақта халықтың әлеу­меттік мәселелерін шешуге қаржы таппай жатырмыз. Көптеген депу­тат­тық бастамымыз қаражат жоқ деген желеумен іске аспай қалады. Ал мына жақта жоғары жетістіктер спорты деп ат қойып, айдар тағып, 775 миллион доллар бөліп жатыр­мыз. Осы сау адамның ақылына сыя ма? Ең сорақысы сол, қисапсыз қар­жы бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойында­рын­да Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп 92 мем­лекеттің ішінде 83-орын алды. Сон­да әлгі 775 миллион долларға жет­кен жетістігіміз осы ма? Енді са­лыс­тырып айтайын, жоғары же­тіс­тіктер спортына 41 миллион дол­лар бөлген Нидерланд Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал жоғары жетіс­тіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп, 8 қоламен келдік. Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11 орын­мен оралғанымызды және қосыңыз бұған. Біздің еліміз Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Рас, 2018 жылға дейін жақсы нәтиже беріп келдік. Енді не болды, бөлінген қаражатта кемдік жоқ. Сондай-ақ олимпиадалық спорттың барлығы бірдей жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек. Мемлекет басшысы жуыр­да спортшылармен кездескенде «Кәсіби спорттағы жоғары жетіс­тік­тің болмағаны мемлекеттен бөлі­не­тін қаражатты нәтижесіз жұмсаудың, бюджетті жан-жаққа шашудың се­бе­бінен», – деді. Яғни, нақты нәти­жеге жұмыс істеп, бюджет қаража­тын да есеппен жұмсайтын кез келді.

– Спорт және туризм министр­лі­гі фермерлік шаруашылықтарды суб­сидиялауға 54 млрд теңге қарасты­рып отырғанын айттыңыз. Өзіңіз бұл қара­жат қайда жұмсалатынын анық­тай алдыңыз ба?

– Мұны да бюджетті қараған кезде байқадық. Спорт және туризм министрлігінің бюджетін қарағанда құжаттың 311-бағдарламасында: «Жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа, фермерлік қожалық­тарды субсидиялауға 54 миллиард теңге қарастырылған» деп жазылып­ты. Содан Мәжілістегі комитет оты­рысында министрлік өкілдерінен сұрадық, бұл неғылған субсидия деп бірақ мардымды жауап ала алмадық. Алдағы уақытта осы жайтты анық­тап, нақты мәліметті алдырамыз де­ген ойдамын.

– Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалыңызда бірқатар ұсынысыңызды да айттыңыз. Бұл ұсыныстар жеке өз тарапыңыздан ұсынылып отыр ма?

– Бұл біраз уақыттан бері дайын­далып, қабылданған ұсыныстар. Депутаттық сауалды жолдар алдында да спорт саласының мамандарымен пікірлесіп, ақылдастым. Қазір жер­гілікті спорт басқармаларынан бас­тап орталықтағы министрлік жұ­мы­сына дейін бақылау қажет. Әсіресе, облыстық басқармалар спортты қол­даймыз деп ойына келген шара өткізетін болған. Одан министрлік хабарсыз, тексеріп те бара алмайды. Жергілік спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы керек. Кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны да шектеу қажет. Мысалы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокоман­д­а­сы­на жылына «Самұрық-Қазына­дан» 65 миллион доллар бөлінеді. «Самұрық-Қазына» ол ақшаны қай­­дан алып отыр? Ол мемлекеттік ак­тив­терді басқарып, қаражатын ай­­налдырып отырған компания, яғни халықтың қаражаты. Оған қо­са, легионерлерге бюджеттің есе­бінен айлық төлеуді тоқтататын кез келді. Спорттық клубтар легионер шақыра ма, оның айлығын демеу­ші­лердің есебінен немесе өз қалта­сынан төлесін. Бір сөзбен айтқанда, спортқа бөлінетін қаржыға бақылау жасамасақ, желге ұшқанмен тең бола бермек.

– Әңгімеңізге рақмет!      

Сұхбаттасқан Бек БОЛАТ