Президент Қасым-Жомарт Тоқаев талан­тымен әлемді мойындатқан әнші ұлымыз Димаш Құдайбергенге тазы күшігін тарту етті. Әнші бұл қуанышы туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Тазы жетектеген тарлан
523
оқылды

«Достар, танысып қойыңыздар, бұл – менің жаңа досым. Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады.

Тазы – біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қал­ған «Жеті қазынаның» бірі. Қазіргі күні Қазақ­стан­да тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәре­­жеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуан­тады. Себебі бұл қазақы тұқым тән сұлулығы­мен, ұстам­дылығымен ерекшеленеді және менің бай­­­­қауымша, өте ақылды келеді. Ата-бабамыз тазы­ны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кі­­ре алған, бұл оның тазалығын білдіреді. «Тазы» атауы парсы тілінен енген, мағынасы – «шапшаң», «епті».

Осындай баға жетпес сыйлық үшін Президен­тімізге алғыс айтамын! Тазының атын «Ғарышкер» деп атадық», – деп жазды ол өз парақшасында.

Президенттің сыйлығына Димаштың ерекше қуанып, риза болғанын айта кеткен жөн. Жалпы, қазақтың тазы тұқымын әлемдік деңгейде насихат­тауға Димаштың үлкен үлес қосары сөзсіз. Жер-жаһанды жауһар өнерімен тәнті еткен күміс көмей, жез таңдай дарынды ұл ұлтымыздың дәуір­лерден жеткен құндылықтарын дәріптей түсіп, дүние­жүзіне даңқын жаймақ. Бұл да болса Мемлекет басшысы айтып жүрген креативті индустрияның бір үлгісі деп бағалауға болады. Димаштың бұл қуа­нышына халық та қуануда. Оны осы жаңалыққа жазып қалдырған тілектес комментарийлерден көруге болады. Желі қол­данушыларының бірі: «Бұл жерде Димаш қолға алған іс нәтижесін беретінін ескеріп, дүниежүзіндегі беделін пайдаланып, қа­зақтың тазысын да жарна­малап, танытсын деген Президенттің ішкі ойы бар деп есептеймін. Сон­дықтан бұл мемлекеттік тап­сырма деп қа­былдап, Димашжан қазақтың тілі, дом­­бырасы, өнері мен бірге тазысын да, әдет-ғұр­пын да на­си­хаттайтын болады» деп жазса, енді бірі: «Қа­зақ «құ­май та­зысы»  алғыр келеді. Елі­­міздің осы тазы­­сына таласып жүргендер көп. Сон­­дық­тан Ди­маш­­тың ұлттық құндылықтарымызды әлем­ге паш ет­кені керек. Дұрыс сыйлық! Құтты болсын!» деп тілегін білдірген.