Татьяна Капуова – қазақ отбасына ке­­лін болып түскен украин қызы. Қазақ ас­ха­насынан бастап салт–дәс­түр, жөн–жоралғыларды терең мең­герген Татья­на келін қазір өзге ұлттың ба­лаларына театр көмегімен қазақ тілін үйретіп жүр. «Мен қазір қазақша сөйлеп қана қоймай, қа­зақша ойлай бастадым», – дейді Татьяна.
Татьяна Капуова: «Қазақ отбасыларындағы бірлікке тәнтімін»
2,118
оқылды

– Қазақ отбасы келін болып түскен Татьянаны қалай қабылдады? Әңгімемізді осыдан бастайықшы.

– Әлемде 256 ұлт бар екен. Соның 150-ден астамы қазір қасиетті қазақ жерінде тұрып жатыр. Бұл жерде мен қасиетті деген сөзді текке қолданып отырғаным жоқ. Қазақ – расымен киелі халық. Әйтпесе, тарихқа қанды әріптермен жазылған депортация кезінде өмірі көрмеген, білмеген басқа ұлт өкілдерін бауырына баспаған болар еді. Тарихи деректерге қарасақ,  Қазақстанға ХХ ғасырдың бірінші жартысына дейін депортацияланған­дардың саны 1 миллион адамнан асқан екен. Міне, дарқан мінез, кең жүректіліктен бастау алатын тектілік мен келін болып түскен отбасына да дарыған. 

Жолдасым Максимнің әкесі Набидолла – қазақ. Руы беріш. Анамыз Еленада неміс пен орыстың қаны бар. Бірақ бұл отбасы толықтай қазақы дәстүрді ұстанады. Енеміздің жаны қазақ болып кеткен. Бұл отбасы мені өз қыздары сияқты қабылдады. Шектеулер немесе қатаң бір талаптар болмады. «Өз үйіңе келдің. Еркін жүр. Ештеңеден қысылма» деп отыратын енем еркелетіп жүріп, маған көп нәрсені үйретті.

– Сіз түскен әулеттің көзқарасын білдік. Ал өз ата-анаңыз ше, таң­дауыңыз қазақтың жігітіне түскеніне тосырқамады ма?

– Өзімнің әкем Иван да, анам Людмила да жолдасымды жақсы қабылдады. «Тіпті, діні, тілі басқа шаңыраққа қалай үйренесің?» деп те сұрамаған екен. Оның себебінің бір ұшын жоғарыда айттым.

Әкеміз қазақ жерінде өсіп-өнгендіктен, әу бастан ол кісі қазақ халқымен аралас-құралас өсті. Біз де бала кезімізден қазақ балаларымен бірге ойнап өстік. Өз отбасымызда ұлт жағынан бөліну немесе адамдармен ұлтына қарап араласу деген дүние болмаған екен. Ата-анама Максимнің адамгершілігі, ұстамдылығы ұнады.

– Дәмді етіп ас дайындау – қазақ шаңырағына түскен келіннің басты миссиясының бірі десек те болады. Ендігі қазақ асханасымен етене танысқан да боларсыз?

– Қазақ отбасына келген уақытта өзім үшін ашқан жаңалығым – етке салынатын тұздықты дайын­дауды үйреніп алдым. Тұздықты дайындау жолын жолдасым үйретті. Рас, тұрмыс құрмай тұрғанымда үйдегі анам да қазақ халқына еліктеп ет асатын. Бірақ тұздық дайын­дамаған екен. Сөйтіп, жаңа от­басыма келгенде етті қазақша асуды, тұздық дайындауды, бауырсақ пісіруді меңгеріп алдым. Қазыны баппен пісіремін, отағасы қуырдағымды да мақтайды. Қазір шайды  ірімшіксіз іше алмаймын. Мені таңдандыратыны, қазақ асханасындағы тағамдардың дені өте қарапайым жолмен дайын­далады. Бірақ дәмі тіл үйіреді. Менің ойымша, әлемде қазақ асханасының ерекшелігіне тең келетін асхана жоқ. 

– Байқап отырсам, қазақ­шаңыз тәп-тәуір жетіліп қалыпты. Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?

– Бағыма орай, мен үлкен әулетке келін болып түстім. Тіл үйренуде оның үлкен артықшылық­тары бар. Мереке, демалыс күндері біздің әулетке барлық туысымыз жиналады. Жаңалық біткеннің бәрін, әрине туыстарымыз қазақ тілінде баяндайды. Туыстардың арасындағы емен-жарқын әңгіменің арқасында қазақ тілін біраз меңгеріп алған жайым бар. 

Осы жерде басқа ұлтқа келін болып түскен қыздар мені құптайды деп ойлаймын. Өйткені жаңа отбасы, жаңа ортаға сіңісу үшін келінге кішкене ізденіс керек болады. Мен де қазақ халқының дәстүрлері туралы көп мәлімет іздей бастадым. Қазір беташар, тұсау кесер, сәлем салу сияқты салт-дәстүр, жөн-жоралғылардың мағынасы туралы әжептәуір ақпа­раттар айта аламын.

– Қазақ отбасына түскен келін ретінде қандай мәселені ерекше атап өтер едіңіз?

– Қазақ отбасыларында бірлік басым. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген мақал бұл сөзімді толық түсіндіріп тұр деп ойлаймын. Олай дейтінім, қандай жағдай бола қалса да, біздің әулетімізде ағайын-туыстар жиналып, үнемі көмекке келеді. Бас сүйейді. Өзімді кейде үлкен державаның қорғауында тұрғандай сезінемін.

– Келіндік өмір өз алдына, өзіңді үнемі қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан көреміз. Есту қабілетінен айырылған адамдардың «Брависсимо» театры, балаларға арналған «Вершина» мәдени орталығында өзіңнің жетек­шілігіңмен үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. Енді, міне «Вершина» театры өзге ұлт балаларына қазақ тілін оқытуды қолға алғанына куә болып отырмыз. Осы бағыттағы жаңалықтармен бөлісе отырсаңыз?

– Мойындаймын, қазақ тілінде 100 пайызға толыққанды сөйлемесем де, біраз хабарым бар. Көптеген сөзді білемін. Бір кездері Қатира Дүтбаева атындағы колледжде қазақ бөлімінде оқығанымның да пайдасы тиді деп ойлаймын.

Қазір біз «Вершина» мәдени орталығында «Театр көмегімен қазақ тілін үйрену» деп аталатын пилоттық үйірмені аштық. Ол үйірмеде әртүрлі этнос өкілдері, соның ішінде орыстілді жеткін­шектер жиналған. Біз қазір балалармен бірге қазақ тілінде шағын спектакльдер дайындап жатырмыз. Біраз дайындықтан соң қойылымдарымызды сахналарға шығаратын боламыз. Бұл бағытта маған қазақ тілін еркін меңгерген «Светоч – Атырау» орыс –славян этноұйымының меңгерушісі Раиса Биткова көмектесуде. Шыны керек, мұндай жобалар Қазақстан халқын біріктіре түседі. 

– Алда қандай жоспар­ларыңыз бар?

– Алда жоспарларым өте көп. «Вершина» мәдени орталығына келіп театр саласына бейімделіп жүрген балаларымды республикалық, халықаралық деңгейге көтергім келеді. Әрине, еңбектене береміз. Сондай-ақ мені қазақ халқының керемет өнері – оюлар тарихы қызықтырады. Алға қарай осы ою ою өнерін насихаттай­тын элементтерді театрмен инте­грациялауым да мүмкін. Қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін қазақтың Татьянасы болып жатсам, мен үшін үлкен мәртебе сол болмақ.

Сұхбаттасқан

Баян ЖАНҰЗАҚОВА